Перзент сағынышы
Шу ауданының бүгінгі Бөлтірік ауылында тұрған Жұматай Мұсалыұлы адал еңбегімен елге танылған, көпбалалы отбасының иесі болды. Зайыбы Бүбітай Аралбайқызы екеуі 5 ұл, 5 қызды өмірге әкеліп, олардан бірнеше немере сүйген бақытты жандар еді. Балаларының үлкені қаржы саласының білгір маманы болған, зейнетке шыққалы шаруа қожалығын басқарып отырған Боранқұл болса, ал біз сөз еткелі отырғаны екінші ұлы Дүкенбай Мұсалиев болмақ.
Дүкенбай 1955 жылы Бөлтірік ауылында дүниеге келіп, 1971 жылы Төле би ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті үздік бітірді. Алғашқы еңбек жолын өзі туып- өскен ауылдағы «Киров» совхозында жұмысшы болып бастады. Әскер қатарында азаматтық борышын абыроймен атқарып қайтқан соң екі жыл шаруашылықта жүргізуші болып еңбек етті.
Мектепте үздік оқып, есеп- қисапқа жетік екенін байқатқан Дүкенбай алдындағы Боранқұл ағасы секілді есеп қызметкері болуды армандады. Сөйтіп, арман жетегінде жүріп 1977-1981 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтында оқып, бухгалтер мамандығын меңгеріп шықты. Оның осыдан кейінгі өмір жолы есеп-қисап саласына байланысты болды.
Алдымен институт жолдамасына байланысты қазіргі Атырау облыстық қоғамдық тамақтандыру мекемесінде 1981-1985 жылдар аралығында есепші, бас есепші қызметтерін атқарды. Бар болғаны 26 жасында өзінің зеректігі, қайсарлығы, батыр мінезімен өмірі көрмеген шалғайдағы қалада елмен тез тіл табысып, өз мамандығын жетік білетін жас екенін көрсете білді. Алғашқы бір- екі жылда-ақ мекеменің есебін ретке келтіріп, үнемі мақтауларға ие болып отырды.
Дүкенбай 1982 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы еңбек және соғыс ардагері, қаланың ардақты азаматы Ізғали ақсақалдың қызы Раушан Қалымбетовамен көңіл жарастырып, бас қосты. Раушан да Дүкенбай тәрізді отбасындағы 10 ұл-қыздың ортаншысы. Ол Алматы қаласындағы Шет тілдері институтын бітіріп, француз, неміс тілі пәні мұғалімі мамандықтарын алған. Төле би ауылындағы С.Шәкіров, М.Мақатаев атындағы орта мектептерде 1990-2014 жылдар аралығында ұстаз, кітапханашы болып, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие берген жан. Білім саласында еткен еңбегі әділ бағаланып, бірнеше рет әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.
1985-1995 жылдар аралығында Дүкенбай Жұматайұлы Шу аудандық тұтынушылар одағы мекемесінде бас есепші, кадр бөлімінің меңгерушісі, аудандық дайындау мекемесінде бас есепші қызметтерін абыроймен атқара білді. Бұл еліміз тәуелсіздігін алып, еліміздің нарықтық экономикаға көшкен алғашқы қиын да, қилы кездер болатын. Алайда, бұл кезде өз мамандығының қыр-сырын жетік білетін Дүкенбай Жұматайұлы өзі еңбек еткен мекемелерде есеп- қисап жұмыстарының шашырамай, бір жүйеде жүргізілуіне мол үлес қосты. Жұмысшы-қызметкерлер айлығының уақтылы берілуін қамтамасыз ете отырып, қандай да бір кездескен қиындықтардың дұрыс жолдарын тауып отырды. Қарамағындағы есепшілерге ақыл- кеңесін бере отырып, оларды үнемі қадағалап отыруды естен шығармады. Міне, осындай ізденіс, қатаң талаптың арқасында мақсатына жеткен кездері де аз болған жоқ. Нәтижесінде әртүрлі марапаттарға ие болды.
Білікті қаржыгер Дүкенбай Жұматайұлы 1995 жылы заман талабына сай өзі жақсы көретін кенже қызының атымен «Дана» шаруашылық серіктестігін ашып, өз кәсібін жүргізді. Ол мұнда да өзінің іскерлігін, еңбекқорлығын, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін көрсетіп, осындай қиыншылық кезде бірнеше адамға жұмыс тауып беріп отырды.
Өкініштісі сол, осындай жүрегі таза, үлкенді аға, кішіні іні ретінде сыйлай білетін, ауданға еңбегі сіңген қарымды қаржыгер Дүкенбай Мұсалиев 1999 жылдың жазында бар болғаны 44 жасында автокөлік апатынан көз жұмды. Бұл ең өкінішті сәт еді.
Дүкенбай қайтыс болғаннан кейін барлық ауыртпалық жұбайы Раушанға түсті. Осыны байқаған балалардың маңғыстаулық нағашылары оларды Ақтауға көшіріп әкетуге ұсыныс та жасады. Алайда, ол «Әр тасын Дүкенбайымның өзі қалаған үйдің ошағын өшірмеймін, балаларымды туған жерінен, өз жұрты – ағайындарынан алыстатпай Шуда қаламын», – дейді.
Ұзаққа созылған ауыр науқастан Раушан Ізғалиқызы 2014 жылдың көктемінде 56 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ұл-қыздары анасын қанша жерге апарып емдеткенімен, туралап келген ажал өз дегенін істеді. Артында тағдырдың жазғанына көніп Қуандық, Мөлдір, Дана, Ақай, Сүйіндік атты ұл-қыздары қалды.
Он баланы өмірге әкелген Дүкенбайдың анасы Бүбітай Аралбайқызы 1988 жылы қайтыс боларының алдында «Осы жасқа жеткенім әуелі – Алла, екінші Дүкенімнің арқасы», деп айтып отыратынын балалары үнемі еске алып отырады.
Аңқылдаған ақ көңіл жан Дүкенбай Жұматайұлы тым болмаса бір баласының үйленгенін де көре алмай, қапыда көз жұмса, ал ардагер ұстаз Раушан Ізғалиқызы болса алғашқы ұлы Қуандықты үйлендіріп, одан немере сүйді. Үлкен қызы Мөлдірді құтты орнына қондырып, жиенін құшағына алды.
«Орнында бар оңалар» демекші, Дүкенбай құда мен Раушан құдағидың екінші қызы Данамен менің кенже балам Мұрат жарасымдық тапса, бүгінде Маңғыстау облысының әкімдігінде жауапты қызметте жүрген ұлы Ақай да өз теңін тапты. Ендігі кезек кенже ұлдары Сүйіндікке келіп тұр.
Раушан құдағи студент кезінде біздің Сарысу ауданының қазіргі Саудакент ауылына кластас досымыз Мейрашпен бірге қыдырып келгені бар. Сөйтсек, Мейраш екеуі институтта бірге оқиды екен. Біз сол мереке күні болашақ құдағимен танысып, сыйлас болып, суретке де түскен екенбіз. Раушан бір көргенде- ақ өте сыпайы, адамгершілігі мол, тәрбиелі, мәдениетті жан екендігін байқатқан еді. Енді міне, құдағидың ауылға келгендегі бірге түскен суреті ғана бізге ескерткіш болып қалды.
«Бес балам – бес алтыным, балаларымның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын», деп анасының айтып отыратынын Мөлдір қызы әркез еске алады. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болып, тағдырдың тәлкегін төзімділікпен көтеріп, балаларын қатарынан кем қылмай өсірген Раушан аналарына балалары қашанда дән риза, қадірін ешқашан ұмытпақ емес.
«Әкеміз біздің бала кезімізде өмірден өтіп кетті. Алайда, есімде қалғаны сондай балажан болатын. Әсіресе, менен кейінгі Дана сіңлімді ерекше жақсы көріп, бауырына басып еркелететін еді. Үлкендер әкемді бауырмал, алғыр, қайсар, іскер азамат еді деп мақтап отырады. Ал, анамыз қатарымыздан қалдырмады, адалдық, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Ағайыннан алыстатпады, әрдайым туған-туысқандардың басын қосып, құда-құдағилармен жақсы қарым- қатынаста болды. Өз ортасында абыройлы, айналасына жанашыр, өте білімді, парасатты, ұстамды жан еді», – дейді Мөлдір қызы.
«Раушан мектепте тәртіпті болып, жақсы оқыды, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. Үй шаруасына өте тиянақты, тазалықты жанындай жақсы көретін, өтірік айтпайтын жақсы қасиеті болды. Есте сақтау қабілеті өте күшті болатын, бауырмал еді», – деп еске алады әпкесі Маржан мен сіңлісі Гүлжан.
Дүкенбай мен Раушан өмірден өткен соң бұл отбасының бар салмағы сол кезде бар болғаны 30 жастағы үлкен ұлдары Қуандық пен келіні Рысжанның мойнына түсті. Ол екеуі бауырларына әке де, шеше де бола білді. Олардың жоқтығын білдірмеуге тырысты.
Алыс-жақын ағайынның қолдауымен, алдымен Дана қарындасын Алматы қаласында қазақтың барлық жөн-жоралғысын жасай отырып той жасап, киелі Мойынқұм еліне ұзатты. Сол тойға Шудан арнайы келген Дүкенбайдың да, Раушанның да бірге қызметтес болған жора-жолдастары қатысып, екі жасқа ақ тілектерін арнаған еді. Артынша Ақай інісін де үйлендіріп, өз алдына үй қылып шығарды.
Өзіміз қатысқан екі той да өте жоғары деңгейде өтті. Қонақтар Дүкенбай құда мен Раушан құдағидың өнегелі өмірі мен балаларына берген дұрыс тәлім- тәрбиесін еске ала отырып, жастарға жақсы тілектер тиегін ағытып, бата бергеніне куә болғанымыз бар.
Дүкенбай мен Раушанның ұл- қыздарының қай-қайсысы болса да бүгінгі таңда өмірден өз орындарын тапқан. Би болмаса да, би түсетін үй болуға жарап тұр. Өздеріне тән қызметтері болса, бала-шағалары арттарынан ілесіп, өсіп келеді.
Айтпақшы, Мөлдірдің жолдасы кіші футболдан еліміздің намысын қорғаған талантты футболшы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Серік Жаманқұлов екенін де атай кеткен орынды болар.
«Әке–асқар тау, ана–баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, әке- шешелерінен дұрыс тәлім-тәрбие алған ұл-қыздары үлкен ағасы Қуандық пен жеңгелері Рысжанның жанына топтасып, әрбір маңызды істі бірге ақылдаса отырып шешеді. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген жақсы сөз бар. Сондықтан да олар үнемі дастарқан жайып, әке-шешесінің әруағына Құран бағыштап отыруды әдетке айналдырған.
Өз алдына үлкен кәсіптің иесі Қуандық бастаған бауырлары ағайындарымен ақылдаса отырып, әкесі өмірге келген, анасы келін болып түскен Бөлтіріктегі бүгінгі Әсет ағасы отырған қарашаңырақта 2019 жылы әкесінің өмірден озғанына 20, анасының қайтыс болғанына 5 жыл толуына орай ас беріп, Шу еліне көкпар өткізген еді. Енді міне, олар алдағы мамыр айының алғашқы күндері әке-шешесінің өмірден озғанына 25 және 10 жыл толуына орай тағы да еске алу асын беріп, әруақтарға Құран бағыштамақ.
Көкпар дегенде делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Сондай қазақтың делебесін қоздыратын шабандоздарға көкпар тартқызуды да жоспарлап отыр. Жеңімпаздарға берілетін бәйге қоры да қомақты.
Әке-шешесін ұмытпай, осындай сауапты іс жасап жүрген Дүкенбай құда мен Раушан құдағидың ұл- қыздарына алғыс айта отырып, марқұмдардың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын дейік.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді