Көне Тараздағы кітап жәрмеңкесі
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, күллі түркі дүниесіне аты мәшһүр, заты мұра болған талай даналардың мекені болған киелі Әулиеата топырағында бұрын-соңды болмаған кітап жәрмеңкесі өтті. Бұған дейін Астана төрінде немесе рухани астанамыз Алматыда тұрақты түрде ұйымдастырылатын мұндай ауқымды кітап жәрмеңкесі жамбылдық оқырмандарды екі күн бойы сарқылмас олжаға кенелтіп, көпшілік рухани байып қалды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Көркем сурет» галереясының ғимаратында өткен іс-шараға қатысушылардың қарасы қалың болды. Тараз жұртшылығы мұндай жәрмеңкені көптен күткені оқырмандардың көптігінен-ақ бірден байқалды. Дәл дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орайластырылған іс-шараға елімізге белгілі «Алқа», «Арман-ПВ», «Астанакітап», «Qasym», «Отбасы Хрестоматиясы», «Сардар», «Таймас», «Шыңкітап», «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Атамұра», «Сенімен болашақ» баспалары мен танымал авторлар, кітап дүкендерінің өкілдері өз кітаптарын жұртшылық назарына ұсынды.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен іс-шара барысында авторлар, баспа және оқырмандар ойын бір арнаға тоғыстырған басқосулар өтті.
Аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова: «Іс-шараның басты мақсаты – кітап пен ғылымды дәріптеу, ғылыми- танымдық әдебиеттерді, шетелдік және қазақстандық жазушылар мен олардың шығармаларын насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, кітаптың, мәдениет пен білімнің маңызын, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, жергілікті қоғамға ғылымның қазіргі әлемдегі орны мен рөлін, ғылыми білімді адамдардың қазіргі өміріне енгізудің өзектілігі мен қажеттілігін көрсету, жастардың ғылымға және ғылыми әдебиеттерге қызығушылығын арттыру, олардың кітап оқуға, ғылым мен көркем әдебиетке, мәдениет пен өнерге деген құштарлығын ояту, оқырман мәдениетін дамытып, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құрып, өскелең ұрпақтың рухани- адамгершілік білімін жоғарылату», деп атап өтті. Кітап жәрмеңкесі алаңында баспа өкілдері және авторлар оқырмандармен қауышса, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Балаларға базарлық» алаңы ұйымдастырылып, онда балаларға арналған кітаптар экспозициясы, цирк-шоу бағдарламасы, аниматор-шоу, театр қойылымдары және танымдық шаралар ұйымдастырылды.
«ART & SCIENCE: Білімге құштарлық» Jambyl Book Fest кітап фестивалі аясында «Кітапханалар және ритейл: тәжірибе алмасу» алаңында баспа мен дүкен өкілдері өздерінің басымдықтары мен маркетинг контенттерімен таныстырып, жарнамалық жұмыстар, тренингтер өткізді.
Мұнан соң салтанатты іс-шара аясында былтырғы бір жыл ішінде ең көп кітап оқыған үздіктер марапатталды. Белгілі журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев 12 «Оқуға құштар оқырманға» марапаттарын тарту етті. Ең кішкентай оқырман атанған №21 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Айғаным Қайрат бір жылда 82 кітап оқыса, 85 жастағы қордайлық зейнеткер Жібек Жүкенова 50 кітапты еңсеріп, үздік атанған. Ал ең көп, атап айтқанда бір жылда 200 кітап оқыған Шу тұрғыны көпшілікті өзінің кітапқа деген ерекше құштарлығымен тәнті етті.
– Бір деммен оқып тастайтын кітаптар болады. Ондай кітаптар үш жүз беттен тұрса да, бір күнде оқылады. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», Дулат Исабековтің «Қарғыны», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» сондай дүние. Осы секілді оқиға желісі, ой көркемдігі қызықтыратын кітаптар тез оқылады, сол кітаптардың ішіне еніп кеткенім соншалықты, қоғамдағы болып жатқан жағдайларды ұмытып, сол дәуірмен тыныстап, әсерінен шыға алмай қалатын сәттерім аз емес. Кейбір кітаптарды тіпті бір күнге жеткізбей оқып тастайтын сәттер болды. Анам дүниеден ерте кеткендіктен де аналарға арналған шығармаларға көзім түссе, оны тауысқанша тағат таппаймын. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «әр адам баласы кітап оқыған күннен бастап өзін интеллигент санаса болады» деп айтқаны бар. Кім интеллигент болуға қызықпайды? Қазақта «ерді кебенек ішінде таны» деген керемет сөз бар. Яғни, адамның киіміне қарап бағамдау емес, ой-өрісіне, ақылының кемелдігіне, сөз тазалығына қарау маңызды. Мен бала күннен, нақты айтқанда екінші сыныптан бастап кітапқа қызығушылығым оянды. Ауламыздың аяғында кітапхана болатын. Батырлар жыры, халық ауыз әдебиетінен бастап әпсаналар, ертегі-жырларды оқып, өсе келе салмақты туындыларға назар сала бастадым. Жасым отызға келсе де кітап оқу күнделікті дағдыма айналды. Осы күнге дейін шамамен мыңға жуық кітап оқыдым. Өзімнің туып-өскен Шу өңірі де Қазақ хандығының қазығы қағылған, тарихтың қойнауына айналған киелі өлке. Тарихқа қызығушылығыма бірден бір себеп – осы туған жерім болды деп те айта аламын, – дейді марапат иесі Айғаным Рымбекқызы.
Мұнан соң «Ауылға кітап» акциясы аясында 2024 жылдың басында Байзақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ашылған жаңа Жібек жолы ауылдық кітапханасына кітап сыйлау акциясының нәтижелері сахнада жарияланып, ауыл кітапханасына тарту етілді.
Ал, кітап фестивалінің екінші кезеңінде шетелден келген қонақтар, қаламгерлер, ақын-жазушылар, танымал тұлғалармен кездесу өтті.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Татарстан Республикасының «Қазан мемлекеттік мәдениет институты» арасында Жамбыл облысындағы мәдениет саласының қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл тұста облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай тарихтағы Қазан төңкерісіне дейін онда қазақ тілінде 434 кітап жарық көргенін және олар миллиондаған данамен таралғанын, олардың ішінде ұлттың рухани абызы Абай Құнанбаевтың шығармалары болғанына айрықша басымдық берді.
Татарстаннан келген академик, қаламгерлермен қоса елімізге белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Сарыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, драматург, аудармашы Маржан Ершуова да айтулы іс-шараға қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, ақын Хамит Есаман елге белгілі қаламгерлерге сөз тізгінін беріп, оралымды ойларын ортаға салды. Мазмұнды басқосу барысында жазушы Қанат Тілеуханның таяуда жарыққа шыққан «Шатырдағы әйел» кітабының тұсаукесер таныстырылымы өтті.
– 2013 жылдан бері 60-тан аса кітап шығардық. Кітаптарымыздың барлығы бестселлер деп айта аламын. Таразда өтіп жатқан фестивальға жақында ғана жарық көріп, үш айда 30 мың данамен сатылған «Өзбекәлі» және «Мәдени майдан», «Мамандықтың мәні», «Бейсен болмыс», «Балалықтан – даналыққа», «Әлдиден эпосқа дейін» атты бірнеше кітаптарымызды алып келдік. Ұлттық Құрылтайда Президентіміз барлық өңірде кітап жәрмеңкелерін өткізу туралы тапсырма берді. Бұл ретте жуырда Астанада халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. Осы игі мақсатпен Тараз қаласына арнайы табан тіреп отырғанымызға шын қуаныштымын. Алдағы уақытта басқа өңірлерде де жалғасын табады деген сенімдемін, – деді іс-шараға қатысқан «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының директоры Бағдат Құдияр.
Іс-шара соңында басқа да жаңа кітаптардың тұсау кесері ұйымдастырылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» кітабының, жергілікті ақын Мақсым Боқаевтың «Арал – әлем тағдыры» кітабының, ақындар Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» және Нұржан Әліштің «Аққыз» кітаптарының лентасы қиылды. Осылайша, 1995 жылы ЮНЕСКО- ның шешімімен Парижде бастау алған іс-шара Таразда жалғасын тауып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді