«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өсектің өрті – қасірет

Өсектің өрті – қасірет
ашық дереккөз
Өсектің өрті – қасірет
«Біреудің жайын сынамақ бұрын, оның өмір сүрген ортасына, өміріне байыппен көз жібер, жағада қайық күтіп тұрып, қайық келмес бұрын жүкті арқалап тұрған жолаушыға ұқсама. Мені білу үшін, мен мінген қайыққа мін, сонда ғана өмір жайымды түгел ұғасың, сүйінішім мен күйінішімді, күйзелісімді түсінесің, сонда ғана анық танырсың кімдігімді...», деген еді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Тіршілік түйткілдерін дәл болжай білген данышпан ақынның нақ сол шақта бұлай айтуына не түрткі болды екен? Ғұмырының соңғы жылдарында жападан жалғыз елсіздегі қораны мекен еткен оны ағайын-туыстан жырақта өмір сүруіне не итермеледі? Шын мәнінде, тағдыры күрделі таутұлғаның жерортасы жасқа келгенде мұндай шешімге келуінің басты себебі – сол шақтағы ел ішіндегі өзімшілдік, озбырлық пен күншілдік еді. Ел-жұртты қан қақсатқан арсыздарға қандай шара көруді білмей дал болған ғұламаның жүрегі тыныштық таппай, жаны шошыды емес пе? Елден оңашалануы жөнінде Шәкәрімнің өзі: «Көрген соң ел жарасын анық сезіп, аңдайын айдалаға кеттім кезіп. Ел емес, елге істеген қылығынан, қашқамын, шынымды айтсам, содан безіп» деп айтады. Ал, кейбіреулер оны елден безді деп айыптауға құмар. Мүлде олай емес. Сенімін уақытша дүниенің қызығына жұмсамай, мәңгіліктің маңызына аударуға күш салған жанның жұрттан теріс айналуы мүмкін емес қой. Ол тек ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттерден: зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рақымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік сынды тағы тағылардан құтылудың айласын іздеді. Ақын жүрегі нәпсі, өзімшілдік пен құр мақтанның абырой әкелмесін өзгелерден бұрын сезді. Сөйтті де, жабырқау көңіліне медет болған өзінен кейінгі буынға: «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деп өлмес өсиет қалдырды. Дана Шәкәрім: «Мен жетпегенге солар жетеді деп үміттенемін» деп сенген еді. Өкініштісі, өз халқының болашағына жарқын күндер тілеген ақын-философтың үміті ақтала қоймаған сыңайлы. Несін жасырамыз, заңғарына көз тастаған сайын биіктей беретін Шәкәрім тізбектеген кемшілік әлі күнге дейін әрбіріміздің бойымызда бар. Тіпті, ғылым мен технология қарыштап дамыған жаңа ғасырда бұрынғыдан да біте қайнасып, бойымыз бен ойымызға біржола сіңісіп кеткені рас. Оның үстіне, идеологиялық ең маңызды құралдың бірегейі бірқатар отандық телеарналардағы өсек-аяң мен жік-жаланы тақырыпқа тұздық еткен түрлі бағдарламалар түзелуімізге тұсау болып отыр. Ең сорақысы, сіз бен біз қызмет ететін шағын ғана ұжымдарда қаншама жан өтірік сөзге жаны «дос» тоғышарлардан жапа шегуде. О дүниенің соты алдында ісіміз таразыға тартылатынын терең ойламайтын біздер, дүние деген опасыздың қызығына шырмалып жүрміз-ау. Өзгелерге нақақтан-нақақ жала жауып, ар-намысын аяқасты етуге даяр тұратын сіз бен біз сауапты іске уақыт таппайтынымыз-ай. Бос әңгіме мен өсек сөзді тыңдауға жететін батылымыз ақиқатқа жетелейтін ақылымыздың айтқанына неге көнбейді? Әркімді бір сөз етіп, наласына қалып жүрген талай пенде бар. Бүгінгі күнмен ғана күн кешуге құмар пендені бақидағы өмірдің қамы неліктен ойландырмайды? Шындықты біле тұра, өтірік десе сайрай жөнелетін тіліміз бе жалғыз жазықты сонда? Жо-жоқ! Ойланып-толғанып қарасақ, сіз бен бізге Шәкәрімше айтсақ, адал еңбек, ақ жүрек пен арлы ақыл шын жетіспейді. Әйтпесе, өзгені өсектеп, мінін тергеннен опа таппайтымыз рас қой. Ендеше, көп наданның бірі болмау үшін жыртығымызды жамап, тірлігімізді түзеуге асығайық. Ажалсыз адам емес екенімізге илана отырып, өзгелердің ақтығы мен адалдығына сенім білдіре алсақ игі. Олай болмаған күнде, өкінішіміз бен күйінішіміз еселей түсіп, қазақ айтыс өнерінің аңызы Сүйінбай Аронұлы айтқандай, бір-бірімізді жоқ қылар өсек өсіп, арыз-құрыз бен жік-жала көбейетіні сөзсіз!  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар