«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атақ пен абырой

Атақ пен абырой
ашық дереккөз
Атақ пен абырой
Айтулы қазақ палуаны, Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада және әлем чемпионы, жамбылдық жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров 33 жасында спорттағы карьерасын аяқтады. Ол Красноярскіде өткен КСРО чемпионатында жанарынан от ұшқындап үлкен спортпен қоштасып тұрып: – Жастардың көбі «бай болсам, бәрі болса екен» деп армандайды. Астында аты, үстінде шапаны болғанын қалайды. Бірақ, Алла Тағала бәрін бостан-бос бере бермейді. Жас кезден көптің сенімін ақтай отырып, биік шыңдарға шығуға талпыну керек, тер төге еңбек ете жүріп сол алдыңа қойған мақсатқа жету керек. Әрі қарай бәрін халық көтереді. Байлық та келеді, атақ та келеді. Халық өзі құрметтейді, өзі мәпелейді. Өзі көтереді, өзі бағалайды, – деген болатын. Иә, бұл сол кездегі 33 жастағы жас жігіттің айтқан басқаларға өнеге болатын сөзі, парасатты ой. Қазіргі өскелең жастар замандастарына осындай ой тастай ала ма екен? – Бүгіндері мына біздің қоғамда адамдар арасында атақ алу жарысы жүріп жатқан сияқты. Қолынан келсе қонышынан басып, кеудесіне жылтыраған орден мен медаль тағу үшін, атақ алу үшін, депутат болуға жанын салып, арын сатып жүргендер арамызда жетерлік, – деп өз ойын білдірді бір кездескенімізде жаңатастық Дулат Өтешұлы досым. Ой таразысына салсақ, шынында да атақ беруден, орден мен медаль алудан біз кенде емес екенбіз. Таразда болған бір тойда кеудесіне, тіпті пиджагінің артқы жағына әртүрлі ордендер, медальдар, төсбелгілер мен значоктар тағып, «тірі қуыршаққа» айналғандай болып келген бір әпенделеу азаматты көріп, таңғалғанымыз бар. Иә, байқап жүрміз, қазір кеудесіне жылтыр темірлер тағудан, атақ алудан қазақтан асатын халық жоқ. Қарапайымдылық деген, тіптен, жоққа тән. Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» (19 шілде, 2018) жарияланған «Атақ қымбат па, абырой қымбат па?» деген мақала есіме түсті. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, көрші Ресей елінде тіркелген компания белгілеген «Қазақстанның құрметті азаматы» орденінің құны – 1 миллион 750 мың теңге. Ауадан ақша жасап отырған серіктестік директорының орынбасары Игорь Кан есімді азамат «Біз алдымен қоғамға еңбегі сіңген адамдарды, саясаткерлерді, бизнес өкілдерін таңдап аламыз. Оларға арнайы хат жібереміз», дейді. Яғни, «Сіз айрықша кәсіби жетістігіңіз және экономиканы дамытуға қосқан үлесіңіз үшін «Қазақстанның құрметті азаматы» орденімен марапатталасыз. Көптеген үміткердің арасынан сізді таңдадық» деген сипаттағы мәтіннің соңына орденнің құны да көрсетіледі. Телеарналар таратқан ақпаратта осы орденді 3 жыл ішінде 150 адамның алғаны, ал жыл сайын 10 шақты азаматқа тегін берілетіні де айтылды. Биылғы «таңдаулының» қатарында 30 адам бар көрінеді. Ал, 10 адамға осы орден тегін ұсынылды дегеннің өзінде қалған 20 шақты «еңбегі еленгендердің» қалтасынан шыққан қаражат қаншама десеңізші?!. Жалпы, атаққұмарлықтың түп төркіні неде жатыр? Неге марапатқа құмартамыз? Ағылшын әдебиетінің классигі У.Теккерейдің «Атаққұмарлар жәрмеңкесі» романындағы Ребекка Стайн тәрізді «қолдарында жоқ болса да көсеумен қамшылаудан» неге арыла алмай келеміз? Той өткізсе тортының бағасымен таңғалдырып, ас берсе жүлдеге тіккен бәйгесімен адамдардың аузын аштырып, көзін жұмдыруға әуестік, жалпы атақ пен марапатқа тоймау ненің белгісі? Жасыратыны жоқ, қазір республикалық деңгейдегі әр ұжымда кеуделері орден мен медальдан көрінбейтін, тіпті ақшалысы бар, ақшасызы бар түрлі лауреаттық атақтардың түр-түрінен коллекция жиған адамдар жеткілікті», дейді мақала авторы Анар Төлеуханқызы. Белгілі сахна шебері, халық артисі Сәбит Оразбаев бір сұхбатында «Театр актерлерінің ішінде мінездісі Нұрмұхан ағам еді. Әділетсіздікті көріп қалса, бойына күш құйыла кететін. Бетің бар, жүзің бар демей, тіліп тұрып айтатын тік мінезі болмағанда Нұрмұхан ағам КСРО халық әртістігін де, КСРО мемлекеттік сыйлығын да қатарының алды болып алып кететіндердің біреуі еді», деген өкінішін жеткізіпті. Ал, Жантөринге тимеген атақтың иесіз қалмағаны да анық қой. Енді міне, қоғамды кеулеп, асқынған дерттің аяғы «Қазақстанның құрметті азаматы» деген сөзді саудалауға жетті. Өйткені, қоғам да осы дүниеге лайық. Атын атағанда атағы мен лауазымы ұзаққа созылатын адамның жолында қоғадай жапырылу белең алды. Тіпті, осы марапат пен атаққа лайық пенде ме деп бас қатырып та жатпайды. Атағы болса болды, құлдық ұрып, бас июге бар. Сол шіркін енді білім саласына да жетті. Сабаққа, дәріске қатыспастан ғылыми дәрежені малданып, магистр, PhD докторы болудың ғылымға қандай пайдасы болмақ? Осыдан бірер жылдар бұрын сахналар мен тойларда ән айтып, «жұлдыздар» атанып жүргендер арасында ғалым деген атақ – магистр атағын алу бәсекеге – дәстүр-модаға айналғанын да естігенбіз. Ғылымға бір түйір жаңалық енгізбей, атақ алу не үшін қажет болды? Қай адамның да өзі таңдаған кəсібі жолында өсуге, жетілуге ұмтылғаны өте қуанарлық жайт. Бірақ мемлекеттік грантқа оқып, ғылыми дәреже алып, басы дауға қалған өнер шеберлері сол қаражатқа қарап қалып па еді? Егер жастарды, елдің болашағын ойласа грантты алмақ түгілі, талантты жастың ақшасын төлеп магистратураға оқытуға да шамалары келеді. Бірақ, әлгі әзіл сөздегідей «Ондай атты күн қайда, оны білер ұл қайданың» кебін киіп отырмыз. Бұл да ел алдындағы ерлердің деңгейін көрсетеді. Ал, сабаққа бармастан, оқу оқып жарытпастан қатырма қағазды алуға ғана келушілер, даңқ пен дақпырттың аражігін айырмай, атақ үшін абыройларын айрандай төгетіндер қатары азаяр емес. Не істеуге болады?..», деп қынжылады автор. Осы бір жолдарды оқып отырып қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі, артына керемет өшпес шығармашылық дүние қалдырған дарабоз суреткер Тәкен Әлімқұловтың бойындағы қарапайымдылығы есіме түсті. Қаратаудың теріскейіндегі Созақ өңіріндегі Бабаатада дүниеге келген ол еңбек демалыстарын санаторий мен курорттарда демалудың орнына туған атамекенінде, кір жуып, кіндік қаны тамған ауылында өткізгенді жөн санайды екен. «Тәкен аға елге келген сайын үйге соғып, әкейге сәлем берiп, бiр-екi күн жатып, әңгiмелесiп, әкейдiң күрең қасқа жорғасын мiнiп, Көсегенiң көкжонын аралап кететiн. Жонда мал бағып отырған таныс ағайын-қариялардың үйiне қона жатып, туған жерiнiң сай-саласын, тау-қиясын аралап, мауқын басып, мұздай бұлақтарынан су iшiп, мейлiнше көңiлдi оралатын», – деп еске алады Тәкеңнiң елдегi iнiсi Сапарбек Сопбекұлы. Ел аралағанда, iссапармен келгенде ол біреуге телефон шалып «мені күтіп алыңдар», «мені шығарып салыңдар» деп салмақ салмай, пұлданбай кезiккен көлiкке (тіпті су таситын, май таситын машинаға) мiнiп, кейде тiптi жалғыз-жаяу, бiр жанға салмақ салмай жүретiн өзiне тән адами қасиетi, сүйегiне сiңген мiнезi бар болыпты жарықтықтың. «Қарапайымдылық» дегеннен шығады, Тәкен Әлiмқұлов кезiнде халқымыздың данышпан ұлы Абай Құнанбайұлы жайлы «Жұмбақ жан» деген сүбелi, құнды зерттеу кiтабын жазғаны белгiлi. Соны оқып шыққан бiр жақын жазушы iнiсi: «Тәке-ау! Мына еңбегiңiз дап-дайын тұрған диссертация ғой. Кейбiреулер шамалы бiрдеңе жазса болды, диссертация қорғап, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы болып кеудесiн керiп, қаздай қоқиланып, маңғазданып шыға келедi. Сiздiң олардан неңiз кем?», – дейдi. Сонда Тәкен еш тежелместен: «Маған ғұмыры қысқа, дыз етпе, даңғаза атақтың түкке де қажетi жоқ. Менi болашақ ұрпақ өздерi iздеп табады. Мына «жаман» ағаңа бағаны да, атақты да беру – болашақ еншiсiнде. Менiң тағдырым – халықтың тағдыры. Мен өз шығармаларыма мәңгiлiк өмiр сүретiн ақиқатты арқау еткен жанмын», – деп жауап берiптi. Тәкен өмірінде бірде-бір атаққа, орден мен медальға ие болмай өткен жазушы. Тәкен өзiнiң қаламгерлiк ғұмырында суреткерлiк шеберлiктi бәрiнен биiк қойды. Мансап, атақ, жасанды бедел, байлық, дүние қумады. Ешкімнің алдына «маған атақ бер, немесе награда бер» деп басын иіп бармады. Саяқ жүріп, жұмбақ тіршілік етіп, ой тереңіне беріліп тұшымды шығармалар жазды. Оның жазушылық шеберлігін, өлмес туындыларын көпшілік соңғы кезге дейін таңғала айтып та, жазып та жүр. Өткен жылдардың бірінде біраз мезгіл біздің Таразда қызмет еткен филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі абайтанушы Мекемтас аға Мырзахметовке «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Көпшілік оны дұрыс қабылдады. Арнайы барып Мекемтас ағаны берілген атағымен құттықтадым. Сонда аға бетіме күле қарап: «Сағындық-ау, құттықтауыңа рақмет. Бірақ ол атақ маған не береді? Басқалар сияқты атақ жинауға мен тіпті құмар емеспін. Жасаған еңбегім көптің көңілінен шығып, халқымды рухани байытып, сана-сезімдерінің көкжиегін кеңейтіп жатса, білімін көтеріп жатса сол маған жетеді. Одан артық қымбат атақ жоқ маған», – деген болатын. Иә, қазіргі ортада шын қайраткер де, өтірік «қайраткер» де көп. Бірақ, ердің еңбегінің бағасын ел береді емес пе?!. Оны мына мың құбылған беймаза дүниеден көріп жүрміз. Мысалы, Бауыржан Момышұлының ІІ дүниежүзілік соғыста Отан қорғаудағы ерен ерлігі мен қайсарлығын, ұлтжандылығы мен отаншылдығын көзі тірісінде-ақ халық орынды бағалады, абыройын көтерді. Кеңес өкіметі оған генералдық шенін, «Кеңес Одағының Батыры» атағын орыс шовинистері қимаса да ел арасында ерекше құрметке бөленіп, аңыз адамға айналды. (Батырға «Кеңес Одағының Батыры» атағы дүниеден озғаннан кейін кешіктіріліп, 1990 жылдың соңында берілді). Ерліктері дер кезінде еленбеген Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа, бірнеше жүздеген жау әскерін жер жастандырған атақты мергендер Ыбырайым Сүлейменов пен Төлеубек Әбдібековке де «Кеңес Одағының Батыры» атағы әділетсіздіктің кесірінен уақтысында берілмеді, тек тәуелсіздің таңы атқаннан кейін ғана олар «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Қазақтан шыққан алғашқы ұшқыш-ғарышкер атақты Тоқтар Әубәкіров шовинистік саясатқа қарамай, өзінің табандылығы, терең білімі мен кәсіби шеберлігі арқасында «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болып, жандүниесі адалдыққа жаратылған, өз ұлтына деген ерекше іс-әрекеттерімен, жүрегіндегі еліне деген жылуымен, ой-парасатымен халықтың сыйлы, сүйікті ұлына айналды. Оның бойынан әркез қазаққа тән қарапайымдылық, намысшылдық, адалдық, ұлтжандылық, отансүйгіштік есіп тұрады. «Еңбек Ері» атанған біраз жазушыларды біліп, көріп жүрміз. Оларды сынауға, еңбегін төмендетуге біздің ешқандай хакымыз жоқ. Бірақ, әркез ойдан кетпейтін бір ерек қаламгерді атамай кетуге тағы болмайды. Ол – өзіміздің жерлесіміз, өмір бойы әділдік пен шындықты ту етіп, әділдікті қорғап өткен, мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Өмірінде ешкімге бас имей, жалпақтамай, жағымпазданбай, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп ақ сөйлеп, халық мүддесін батыл қорғап, ар-ожданын биік ұстап өткен қаламгердің абыройы әлгі «Еңбек Ерлерінен» бір кем емес. Абырой – адам бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі, кісілік, адамгершіліктің тірегі. Атақ пен абырой синонимдер болғанымен екеуі екі бөлек нәрсе. Атақты адамның (пенденің) қолынан алғанмен, абыройды өзің жинайсың. Абырой мен атақ – Бақ пен Қыдыр сияқты. Бақ қонғанмен Қыдыр дарымаса, ол атақтың нұры тез сөнеді. «Атақ жинайын деп бір нәрсе істейсің, артында атақ алмай жұрттың өсегіне қалып жатасың. Сол себеппен өмірде не жасасақ та, адалдықпен абырой алайық деп жаса. Әділдікпенен түбінде абырой жинайтындай жасасақ, атақ пен даңқ сол абыройдың артынан өзі ілесіп жүреді», деуші еді жарықтық Ордабек көкем. Абырой қаншалықты биік, әрі ұзақ уақыт бойы тірнектеп жиналғанымен, бір сәтте ғана, сын сағатта шалыс басқан қадамнан оған кесір келуі мүмкін. Сондықтан да, ел арасында берілетін батада «Абыройлы бол!» деген ұстаным орын алған. Ал, сын сәтте абыржыған кезде «А, Құдай, абыройымнан айырма!» деп жалбарынады, оның азаймауын тілейді.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессоры.

Ұқсас жаңалықтар