Тәлім мен тәрбие орталығы
2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарында үш құндылыққа негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізілген болатын.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, мұғалімнің оқушы мен ата-ана арасындағы үйлесімді тығыз байланысты орнату және ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Сарысу аудандық мәдениет үйінде «Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» атты форум ұйымдастырылды.
Аталған форумға аудандық полиция бөлімі, аурухана қызметкерлері мен ата-аналар қатысты. Мұнда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің, буллингтің, суицидтің алдын алу сияқты маңызды мәселелер жайлы сөз қозғалды.
– Биыл «Ата-аналарды білім беру ұйымдарында педагогикалық қолдау бойынша нұсқаулықты» және әдістемелік ұсынымды басшылыққа ала отырып, 30-ға жуық мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы ашылған. Орталықты құру мақсаты балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептің ата-аналармен қарым-қатынасын күшейтіп, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту және отбасындағы әлеуметтік қолайсыздықтың белгілері бар «тәуекел» тобындағы отбасылармен жұмыс жүргізу. Осындай іс-шаралардың оқушыларға берері де мол, – деді Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері Мадина Аймақ.
«Даналық мектебі» ұйымы аясында кішінің үлкеннен ақыл тыңдап, санасына ізгіліктің нұрын құю мақсатында 30-ға жуық «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Ағалар мектебі» және «Жеңгелер мектебі» құрылған. Мұнда «Ата өсиеті», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», «Әже даналығы», «Ертегі – танымның көзі», «Қыздар тәрбиесінің өзекті мәселелері», «Жасөспірімдер арасында ұлттық құндылықтарды сақтауда мектеп пен ата-ананың өзара әрекетінің маңызы» тақырыптарында түрлі іс-шара өткізіліп тұрады.
– Мен аталардың өсиетін тыңдағанды қатты ұнатамын. Қариялар бізге өздері жүріп өткен өмір жолдарын, қиындыққа қалай қарсы тұрғанын, өмір жолында қандай қиындықтар кездесіп, оларды қалай жеңіп шыққанын айтып береді. Одан бөлек, аталардан бата беруді үйрендім. Жеті атаны білудің маңыздылығын ұғып, жеті атамның аты-жөнін жаттап алдым. Кішілердің жолы болуы үшін, үлкенге құрмет көрсету парыз екенін ұқтым. Өз үйімде ата-әжем болмағандықтан, осындай берері мол шараларды асыға күтіп жүремін, – дейді 10-сынып оқушысы Арман Молдажанұлы.
Бүгінгі таңда Сарысу ауданында білім бөліміне қарасты 48 мекеме жұмыс істейді. Мұнда 27 мектеп, 9 қосымша білім беру ұйымдары және 11 балабақша бар. Жаңа оқу жылын 560 сынып, 9089 оқушымен бастаған білім ошақтарында қазіргі таңда 9053 оқушы білім алуда.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді