«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қатыгездікке жол жоқ

Қатыгездікке жол жоқ
ашық дереккөз
Қатыгездікке жол жоқ
Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «...Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес», – деді. Расында, елімізде отбасылық жанжалға жол беретіндер аз емес. Ер мен әйел арасындағы дау- дамайдың салдарынан түрлі оқиғалар орын алуда. Жуырда әлеуметтік желіде елді шулатқан ана өлімі қаншама адамға қасірет шектірді. Перзентханада құрсағындағы сәбиін дүниеге әкелу сәтін күтіп отырған жүкті келіншек өзіне қол жұмсаған. Көпшіліктің айтуынша, ол оқиға болмас бұрын күйеуімен ұялы телефон арқылы тілдесу барысында сөзге келген. Аталған фактіге байланысты құқық қорғау органдары өзін-өзі өлтіруге итермелеу бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастапты. 33 жастағы Сарысу тұрғынының артында жолдасы мен үш баласы қалған. Аяғы ауыр әйелде психологиялық ауытқулар болмаған. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қайғылы жағдайлар толып жатыр. Бұл жағдайлар туралы құқық қорғау саласының мамандарымен де тілдестік. Олардың сөзінше, мұндай оқиғалар жиі тіркеледі екен. 102 нөміріне шақырту хабарламасы түсіп, тиісті орган өкілдері ұрыс-жанжал орын алған отбасына жедел түрде барады. Көп жағдай ішкіліктің салдарынан туындайды. Алкогольдік ішімдік ішкен азаматтар түнгі уақытта отбасы тыныштығын бұзып, бұзақылық әрекеттер жасайды. Шағым айтушылардың күйеуіне арыз жазудан бас тартатын кездері де жиі кездеседі екен. Сондай-ақ, сала мамандары дау-дамай шыққан үй иелері бір-бірімен татуласқан күнде де, оларға заңды шара қолданылатынын жеткізді. Шағымданушы тарап кейін кешірім берсе де бұзақылық әрекеттерді жасаған адам 15 тәулікке дейін қамалады екен. – Біз сонымен қатар бұл мәселеге қатысты психолог мамандармен де сөйлестік. «Мен жұмыс тәжірибемде талай жағдайға көз жеткіздім. Отбасылық зорлық-зомбылыққа тек ер адамдарды кінәлай беру қате түсінік. Үйдің ұйытқысы әйел заты деп бағалайтын халықпыз ғой. Алайда, бұл ұғымды көне түсінік деп қарайтындар да бар. Еуропа мәдениетіне еліктейтін жастар көп. Бала тәрбиесін, үй шаруасын ысырып қойып, ерімен санасатын келіншектер де көбейді», – дейді психолог Мақпал Исмаилова. Сондай-ақ ол, сол жастардың бір-біріне ерегісіп, түрлі жағымсыз әрекеттерге баратындығын жасырмады. Гендерлік саясатта әйел теңдігін сақтау заңдылық. Дегенмен, дәстүрді де ұмытпау керек. Ер мен әйелдің өзара сыйластығы үшін татулықты қадірлеу ең басты парыз. Өз ойымен бөліскен Мақпал Исмаилова отбасы өте нәзік құндылық, бұған аса жауапкершілікпен қарау керектігін де айтты. «Үйлену оңай, үй болу қиын», деген қазақтың мақалы бекер айтылмаса керек. Өмір бойы бір шаңырақ астында тұратын адамыңды дұрыс таңдай білу де даналық. Ата-анасы аманат етіп берген қыздың өміріне тікелей ер азамат жауапты.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар