«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады

Ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады
ашық дереккөз
Ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бойынша жүргізіліп жатқан шараларда Тараз қаласын көгеріштендіруге айрықша ден қойылып отыр. Осы бағыттағы ілкімді істердің нәтижесінде шаһарда жасыл желек жамылған алқаптардың қатары артып келеді. Соның жарқын бір дәлелі, экологиялық акция аясында өткен кезекті жалпықалалық сенбілікте «Қызылабад» тұрғын алабына 5 мың түп ағаш отырғызылды. Іс-шараға қала әкімі Бақытжан Орынбеков, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер мен белсенді жастар қатысып, акцияға өз үлестерін қосты. Жалпы, биыл облыс орталығында 40 мың тал отырғызу жоспарланса, соның 20 мыңы «Жасыл белдеу» жобасы бойынша «Қызылабад» алабына тиесілі. 2022 жылы бұл жерге 10 мың, ал өткен жылы 20 мың тал отырғызылған болатын. Кеше облыста бастау алған «Жасыл аймақ» апталығы бойынша ағаш көшеттерін отырғызу, оларды әктеу шаралары шаһардағы Теміржолшылар скверінде жалғасты. Бұл күні акция аясында 26 әулет, оның ішінде 10 мұғалім, 5 дәрігер, 11 теміржолшылар әулеті сквер маңында 30 дана ағаш көшеттерін отырғызды. Ауқымды науқан аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Көшелер күл-қоқыстан тазартылуда

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Меркі ауданында да іс-шаралар дәстүрлі түрде өтуде. Бекітілген жоспарға сәйкес абаттандыру жұмыстары апта сайын жүргізілуде. Биыл тал-дарақ отырғызу шаралары 880 шаршы метрді құрап, 155 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, гүлзар орналастыру шараларына 90,2 шаршы метр аумақ жоспарланып, тиісінше орындалуда. Арық және каналдарды қоқыстардан арылту дәстүрлі түрде атқарылуда. 588,7 шаршы метрлік көлемді алып жатқан көшелер тұрмыстық қалдықтардан тазалануда. Сонымен қатар, саябақ тазалығына да көңіл бөлінуде. Халық серуендейтін орындарды тазалау және көріктендіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Акция бойынша 246 тонна кездейсоқ күл-қоқыс орындарын жою жоспарланған. Биылғы жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 34 970 ,0 мың теңге қаражат қарастырылған.

Нұржан ӘЛІШ

Табиғат тазалығы – баршаға ортақ

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауданын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Осы ретте жергілікті атқамінерлер, зиялы қауым өкілдері мен жалынды жастар туып-өскен елді мекендерінде ағаш көшеттерін отырғызуға ерекше көңіл бөлгенін айта кеткен жөн. Мәселен, күні кеше «Жасыл аймақ» апталығы аясында аудан орталығы Төле би ауылындағы «Жастар» аллеясында 50 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Айналаны абаттандыру шарасында шулықтар жұдырықтай жұмылып, белсенділік танытты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлемінде айтарлықтай тірлік тындырылды. Белсенді тұрғындар санитарлық-тазалық жұмыстарына белс ене қатысып, ауласына ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, тұрғындарға табиғатты ластамау бойынша тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өйткені, тазалық – баршаға ортақ. Жалпы, аталған акция шеңберіндегі жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді Төле би ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы, еңбек ардагері Мырзахан Құрманбеков.  

Есен ӨТЕУЛІ

Экологиялық акция апталығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының екінші апталығында да қызу жұмыстар жүзеге асырылуда. Үй арасындағы көшелер ғана емес, ауыл сыртындағы аумақтар да тазартылып жатыр. Әсіресе, таудан су келетін жүйелерден желмен ысырыла келіп, тығылып қалған ағаш бұтақтары, қураған шөптесіндер түгелдей алынды. Акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» аясында аудан аумағындағы тұрғындармен қоғамдық қызметкерлердің, ұйымдар мен кәсіпорын қызметкерлерінің атсалысуымен барлығы 2000 адам қамтылған еді. Ал, екінші апталықта табиғат жанашырларының қатары артып келеді. Жоспарлы желілік кестеге сәйкес, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй аулалары және демалыс орындарына санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстар қазір де жалғасып, түрлі ағаш талдары отырғызылуда.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Екі мың ағаш отырғызылды

Республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының үшінші «Жасыл аймақ» деп аталған аптасында еліміздің барлық өңірлерімен қатар Қордай ауданының барлық ауылдарында көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Акцияны ең бірінші болып «BILIM DOS» жекеменшік бастауыш мектебінің оқушылары бастап, ата-аналарымен бірге мектеп ауласына және Қордай ауылындағы орталық саябаққа 50-ге жуық тал көшеттерін отырғызды. Бастауыш сынып оқушылары әкелерімен бірге қолдарына күрек алып, саябақтағы жол жиектеріне жағалай ағаш екті. Масаншы ауылына барар жолға және орталық көше бойына 300-ден астам тал көшеттері егілді. Ауыл тұрғындарының бастамасымен қолға алынған іс- шара барысында ағаш егумен қатар, жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылымызда үшінші апта тазалық жұмыстары үздіксіз атқарылуда. Қариялар да қалыс қалмай, қолдан келгенше атсалысып, туған жерімізді гүлдендіруге үлес қосудамыз. Бұл игі іс-шараларға ауыл жастарын көптеп қатыстыруға тырысудамыз», – дейді Масаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Малиев. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы барысында Қордай ауданында 2 мыңға жуық тал көшеттері егіліп, 5800 тонна күл-қоқыстар шығарылды. Сенбілік жұмыстарына 10 мыңнан астам аудан тұрғындары жұмылдырылды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Жас жұбайлар да жақсы істен шет қалмады

Республика деңгейінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының үшінші апталығы өтуде. «Жасыл аймақ» аталатын апталық аясында Мойынқұм ауданының тұрғындары да белсенділік танытуда. Акцияға ауыл тұрғындары, еріктілер, жастар қатысып, ауыл гүлденуіне бір кісідей атсалысты. Мойынқұм ауданында жалпы тазалық жұмыстарына 10 техника, 35 мекеме ұжымы жұмылдырылып, аудан бойынша барлық ауылда 410 түп ағаш отырғызылды. Бір қызығы, ағаш отырғызу жұмысына жаңадан отау құрған жастар да қатысты. Жас жұбайлар Нұрсұлтан мен Гүлсім Биділдаевтар бірге терек ағашын отырғызып, игілікті істің басында АХАЖ бөлімінің қызметкерінен неке куәлігін алды. Жас жұбайларға аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жұманазар Көдеков ақ батасын беріп, бақытты ғұмыр тіледі. Жалпы, акция аясында 25 жас 25 түп терек ағашын отырғызып, ауданды көріктендіруге атсалысты.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар