Қайырымдылық – қайырлы іс
Жүрегінде иманы бардың барлығы жақсылық жасауға, сауапты істен құр қалмауға күш салады. Әсіресе, Рамазан айында игілікті істер өте көп болды. Соның бірі облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде орын алған болатын. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Рамазан қоржыны» деп аталатын ауқымды қайырымдылық шарасына көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 350 отбасыға көмек ретінде азық-түлік таратылды. Атап айтқанда, қасиетті айда мешіттен табылған халықтың пітір-садақасы жинақталып, облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті 150 адамға, «Әулие ата» мешіті бастаған Тараз шаһарының мешіттері 100 адамға, Дәулет Мұқаевтың отбасы 100 отбасыға қайырымдылық жасады.
Қасиетті айда орталық мешіттерде өткен жиындарда облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев қайырымдылық пен мейірім тақырыбында насихаттар айтты. Себебі, біреуге жақсылық жайлы жеткізу, жылы сөйлеу де – қайырымдылық.
Облыстық мешітте мұқтаж жандар ретінде тіркелген отбасылар арнайы тізім бойынша шақыртылып, көмек алды. ҚМДБ «Зекет» қорының Жамбыл облысындағы өкілі Ержан Аманбаев көрсетіліп жатқан көмек турасында ой қозғады. Халық мұндай игі шара үшін алғыстарын айтып, қуаныштарын жеткізді.
Сондай-ақ, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылдық орталық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде ауданның бас имамы Ғалымжан Қабылбекұлының ұйытқы болуымен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, мұқтаждарға азық-түлік таратылып берілді.
Атап айтқанда, 33 мұқтаж отбасы азық-түлік себетіне ие болды. Қайырымдылық қоржынында тәттілер, пісте май, макарон, күріш, басқа да өнімдер бар.
Қазір елімізде он облыс аумағын су басып, аталған аймақтарда төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Осыған орай, аталған өңірлерге қайырымдылық жасау толастамай отыр.
Тараз қалалық «Әулиеата» мешіті қызметкерлері де жамағатты ұйымдастырып, судан зардап шеккен облыстарға көмек қолын созып жатыр. Ал, Меркі ауданына қарасты барлық мешіт қызметкерлері мен Меркі тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 75 тонна гуманитарлық көмек жіберіпті. Мешіт имамдарының бұл бастамалары құптарлық. Жалпы, халықтың көңіліне имандылықтың ізгі дәнін сеуіп жүрген имамдар қайырымдылық жағынан да көш бастап тұр.
Мұндай қайырымдылық іс-шарасы өзге аудандарда да жалғасып жатыр.
Ақерке БЕКҚҰЛИЕВА,
облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз хатшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді