Бала құқығы – басты назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда әйелдердің құқықтарын қорғауға, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, отбасы институтын нығайтуға бағытталған заңға қол қойды. Бүгінде облыстық полиция департаменті құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, жасы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыс атқарып жатыр? Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі, бұзақылық жасауы, үйден қашуы, жалпы жасөспірімдердің қылмысқа баруын азайту мақсатында қандай іс-шаралар өткізілуде?
Жасөспірімдерге қатысты аталған мәселелердің алдын алу мақсатында бірінші тоқсанда облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 92 қолайсыз отбасы тіркелген. Сондай-ақ, қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған 185 кәмелетке толмағандар полицияның есебіне алынған. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 355 жасөспірім және 332 қолайсыз отбасы есепте тұр екен.
– Есепте тұрғандармен профилактикалық жұмыс жасалып, олардың үй-жайы, оқу орындары бойынша тексерістер жүзеге асырылады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда біз өз құзыретіміз шеңберінде тиісті шаралар қабылдап, мүдделі органдарға хабарлаймыз. Девианттық тәрбиедегі мінез құлқына байланысты 8 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылса, 24 тұлға атаана құқығынан айырылып неме се шеттетілді. Ал 116 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін 231 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмысы, заңды өкілдерсіз жүргені үшін 2066 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, мобильдік топ құрылып түнгі рейд пен жедел профилактикалық шара барысында «Жасөспірім заң қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» «Қауіпсіз мектеп» атты жиындар өтеді. Облыс аумағында 53 кәмелетке толмағандарға қатысты 47 үйден кету хабарламасы тіркелген. Оның 34-і қыз, 19-ы ұл бала. Үйден тыс, мақсатсыз жүру жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру мәселесіне тікелей әсер етеді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналдық полициця тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Әлішер Калышев.
Балалардың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басты бағытының бірі. Олар көшеде, үйде және мектепте қауіпті жағдайлардан қорғалуы тиіс. Сонымен қатар, жарқын болашақ білімді ұрпақтың қолында екені анық. Сондықтан балаларды жалпыға міндетті білім берумен қамту – басты назарда. Облысымызда білім беру саласына биылғы жылы 320,2 миллиард теңге бөлініп, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға өскені байқалады.
Бүгінгі таңда облыста 586 мектепке дейінгі ұйымдарда 62687 бала тәрбиеленуде. Ал, 506 орта білім беру ұйымдарында 248 мыңнан аса оқушы білім алуда. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы с ауықтырумен қамт амасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 6,1 миллиард теңге бөлінген.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, барлық бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. Оған облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген. – Мектеп жасындағы бала ең алдымен сауатын ашып, білімін жетілдіру керек деп ойлаймын. Ең бастысы – сауатты ұрпақ болып жетілсек, арманға қол жеткізу асқан қиындық тудырмайды деген ойдамын. Жасөспірімдер қалыптасу кезеңінде түрлі қызыққа бой алдырады. Кейде есейгеніңді сезініп, түн қатып, көшеге шыққың келеді. Көшеге шыққан соң, ересек балалар темекі ұсынып, «сыраның дәмін татып көр» деп ұсыныс айтқан кездер болды. Немесе аулада балалар біреуге әлімжеттік жасап, ұялы телефонын тартып алып, кейде әлдебір қателігі үшін жазалап, біреуді соққыға жығатын жағдайларын көресің. Мұндай сәтте сол нәрсеге араласып, арашалауға, бәрін тату жолмен шешуге шақырамын. Мүлде сотқар балалар болса, әлсізді қорғап қалуға, әділетті болуға тырысамын. Мені ата-анам имандылық пен спортқа тәрбиеледі. Осы екеуі бала үшін ең дұрыс шешімді қабылдауға ықпал ететініне көзім жетті. Замандастарым имани жолмен айтқан кеңесімді тыңдамай бара жатса, күшпен қоққанлоққыны болдырмауға атсалысып, төбелестің алдын аламын. Үйде әке-шешеміз үнемі «жаман істен аулақ бол, бізді жерге қаратпа» деп айтып отыратындықтан, осындай келеңсіз нәрселерге бой алдырмай, аулақ жүремін. 18-ге толмаған баланың беталды көше кезіп, өз бетімен жүруіне қарсымын. Өзім де үйдің төңірегіне екі-үш мәрте ғана шыққаныммен, ұзап көрмедім. Ал, көшеге шықсаң, түн қатып жүрсең, міндетті түрде келеңсіз оқиғаға ұрынатының сөзсіз. Сол нәрседен аулақ болу мақсатында, ата-анамның қасында, теледидар көріп, кітап оқып үйде отыруға тырысамын, – дейді 17 жастағы Кәміл Мырзаханов.
Білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бейнебақылау камераларын интеграциялау, мамандандырылған күзет қызметі, дабыл түймесі, турникеттермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, балаларды мектепке сапалы және қауіпсіз тасымалдауды жүзеге асыру үшін 14 автобус қамтылған. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесін жаңа оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізген. – Бала күнінің жартысын мектепте өткізеді. Ол қауіпсіз ортада жүр ме? Буллингке, яғни қандай да бір қысымға ұшырамады ма? Құқығы шектелмеді ме? Мектеп жасындағы бала «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі арқылы QR код қойып, қысым болып жатса, sms жібере алады. Сол sms бойынша, біз комиссия болып барып, зерделейміз. Сол факт бойынша нақты шешім қабылданады. Бірде «Парасат» колледжінің артындағы көшедегі тұрғынның бейнебақылау камерасына жасөспірімдердің төбелескен видеосы түскенін хабарлады. Біз сол видео бойынша «Парасат» колледжінің әкімшілігі және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, балалардың кім екендерін анықтап, профилактикалық жұмыс жүргізіп, е с епке алып, сол мәс еленің өршімеуіне атсалыстық. Түрлі жағдайдағы балалар құқығы бойынша арыз-шағым көп түседі. Бірақ оларды ашып айтуға болмайды, себебі әрқайсысының өз құпиясы бар. Оны жария етуге болмайды. Ең ескеретін бір жағдай, бала құқығын білу, қорғау, сақтау ең алдымен ата-ананың міндеті. Яғни, әр ата-ана баланың заңды өкілі болғандықтан, бала құқығына үлкен жауапкершілікпен назар аударып, мұқият әрі сауатты болса дейсің. Әрбір үйдің үлкендері баланың қандай құқығы бар екенін немесе құқығы тапталмады ма, соны алдымен өзі түсініп, сосын баласына да түсіндіріп жүруге тиіс деп санаймын. Әр отбасы осыған мән берсе, сауатын арттырса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді