Белсенді өмірге қадам
Адам құқығының қорғалуын әрбір жеке тұлғаның қадір-қасиеті мен бостандығының қамтамасыз етілуі десек, мемлекеттің әр азаматының денсаулығын қорғап, сапалы өмір сүруіне жағдай жасауы – үлкен жетістік. Дәл осындай жан мен тән саулығына қажеттіні қамтыған қызметті облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығынан» байқадық. Зейнетке шыққан жандарға арналған бұл орталықта денсаулықты жақсартуға арналған және уақытты пайдалы әрі көңілді өткізуге бағытталған қызметтер қарастырылған. Бүгінде көптеген қариялардың сүйікті орнына айналған бұл орталықтағы жағдай шипажайлардан кем емес. Мұнда денсаулықты қалпына келтіру үшін дене шынықтыру жаттығуларына арналған құрылғылар да бар. Оларды дұрыс пайдаланып, жаттығушының қан қысымын реттеп, бақылайтын нұсқаушы үнемі қасынан табылады. Орталықтың жалпы практикалық дәрігері мен реабилитолог маманы алдымен келушінің денсаулығын тексеріп, соған сай ем-домдарын ұсынады.
– Өткен жылдың қараша айында ашылған орталығымызда жалпы 43 штат қарастырылған. Бірақ, қазір аула сыпырушы секілді жұмысшылар әлі алына қойған жоқ. Тек негізгі мамандар ғана қазіргі уақытта келушілерге қызмет көрсетіп жүр. Атап айтқанда, 2 әлеуметтік қызметкер, әкімші, мәдени ұйымдастырушы және қазақ, ағылшын тілдерінің меңгерушісі, қоғаммен жұмыс жөніндегі маман қызмет етуде. Орталығымыздың қызмет алушыларына үйретілетін тігін және қолөнер, ән және вокал, йога, би, шахмат және тоғызқұмалақ, ақпараттық технологиялардың әрбірінің нұсқаушылары бар. Орталықтың жұмысын бастағанына көп бола қоймаса да, осы 4-5 ай ішінде түрлі мерекелерді және басқа да тақырыптық мәдени іс- шараларды ұйымдастырдық. Соның бәрінде де орталығымызға келетін ата-апаларымыз осы жерден үйренген өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, би де биледі. Қолөнер нұсқаушысының ұйымдастыруымен көрме өткізіліп, оған да шебер ата-апаларымыздың қолынан шыққан бұйымдар қойылды. Көрмеге қойылған бұйымдар жәрмеңкеде сатылып, қолөнершілерімізге қуаныш сыйлады. Бұлардан бөлек, бізде бильярд залы қарастырылған. Онда көбіне аталарымыз ойнайды. Жаттығу залының нұсқаушысы бильярд ойнаушыларды уақыт белгілеп, топқа бөліп, әркімнің өз кезегімен ойынға кіргізеді. Ал, тіл курстарына қатысушылардың ішінде мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылықпен қатысып жүрген өзге ұлт өкілдері жетерлік, – дейді орталық директоры Олжас Ақылбаев.
Біз орталықтан кездестірген Леонид Необъявляющий көре салысымен «Сәлеметсіз бе!» деп қазақша сәлемдесіп, бейтаныс болса да хал-жай сұрасты.
– Бұрын қанша үйренгім келсе де, қазақшаны меңгере алмадым. Мүмкін, өзім де тіл сабақтарына түбегейлі кірісе алмаған шығармын. Осы орталыққа келіп, тіл курсына жазылып, тұрақты түрде сабақтарға қатысамын. Соның көмегімен қазір бірсыпыра қазақша сөздерді үйрендім. Тек тез айтып, әңгімеге ілесіп кете алмаймын, бірақ бәрін жақсы түсінемін. Мұнда тек тіл үйренумен тоқтамай, үстел теннисіне қатысамын, вокал дәрісінен ноталарды түсініп, ән айтуға машықтанып жүрмін. Концерттік бағдарламаларда хормен ән айтамыз. Ән және вокал нұсқаушысы Сымбат Нұрмановадан бірнеше ән үйрендім. Ол кісі баян, пианино тартып, бізге әннің өз нақышымен орындалуын өте жақсы түсіндіреді, – дейді Леонид Леонидович.
– Бізге облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының мамандары келіп, қазақ, ағылшын тілдерінен белгіленген уақытта сабақ өтіп тұрады. Тіл үйрену дәрістеріне өз бетімен қатысуға ниет білдіргендердің қатары аз емес. Сол секілді йога, би, ән және вокалға қатысушылар да өте белсенді. Ақпараттық технологияларды үйренуге арналған кабинетте 11 орын бар, мекеме жаңадан ашылғандықтан, әлі компьютерлер келе қойған жоқ, күтіп отырмыз. Әзірге ол бөлімнің нұсқаушысы ұялы телефон арқылы мемлекеттік қызмет алу және басқа да мүмкіндіктерін меңгеруді үйретуде. Бұл да әр азаматтың заманауи технологиялар берген мүмкіндікті пайдаланып, өзіне керекті қызметті үйден шықпай-ақ алуына септігін тигізуде. Әсіресе, қарияларға әр мекемеге барып, сабылмау үшін аса қажет. Сосын, йогаға сұраныс өте көп, тек әйел адамдар емес, ер кісілер де қатысады. Ал, уқалау, яғни массаж қызметінде 1 мейіраға қызмет көрсетсе, 2 медбикеміз келушілердің денсаулықтарын қадағалап, дәрігер берген ем-домды алу барысын жүргізеді. Жақында ғана полимаг аппараты әкелінді. Ол адам денесіндегі зақымданған жерлердің қан айналымын жақсартады, емдейді. Сонымен қатар, 2 массаж кресломыз бар, оған да қызмет алушылар дәрігер тағайындаған уақытымен жіберіледі. Тағы бір қуана айтатынымыз – тұзды шахта бөлмесі. Оның ішіне ем алушы үшін ыңғайлы болсын деп алуан түсті сәулелер мен әуен қосылып тұрады. Ал, біздің қызмет алушыларымыз кейде ішінде әңгімелесіп отырып, вокалдан үйренген әндерін хормен айтып, музыканы өшіртіп қояды. Отырыстары сондай әдемі жарасады. Денсаулықты жақсарту бағытында қарастырылған тағы бір қызмет – фито шай. Ол күндізгі сағат 11.00-де және түстен кейін сағат 15.30-да ішілуі керек. Біз ескертпей-ақ қызмет алушылар өздері сол мезетте барып, дәрігер нұсқаған түрін алып іше береді. Буфетші қыз қайнатып, әзірлеп тұрады, – деген орталық директорының орынбасары Баян Оразбекова ішкі жағдайларды таныстырды. Баян Шолпанқызының айтуынша, бұл жерге қаланың алыс аудандарынан келетін ардагерлер де бар, сол кісілер Тараздың тағы бір аймағынан орталық филиалы ашылса екен дейді.
Мұндағы келушілердің ең үлкені 85 жаста. Ал, басқалары зейнетке шыққан, яғни 60-тан асқан кісілер. Келген бойда олар үш ай қызмет алып, үш ай демалысқа жіберілетіні туралы келісімшартқа отырады. Бірақ, ешқайсысы демалысқа кеткісі келмейтін көрінеді. Сондықтан, қазір бір айға ғана демалысқа жіберіліп жатыр, соның өзінде қайтып келетін болса да отыз күндік демалысқа кетерінде қимай қоштасады екен. Демалысқа жіберілетін себебі – келесі кезекте тұрғандарға қызмет көрсетілуі керек. Негізі орталық 120 орынға арналған, алайда мұнда күніне 135, тіпті кейде 150 адам келеді. Осыдан-ақ сұраныстың жоғарылығын байқауға болады. Қаланың алыс шетінде тұратындардың өзі күн құрғатпай келіп, қызмет алады.
– Таңертең жұмысқа сағат 9-дан кешікпейін деп ертелетіп келеміз ғой. Сонда байқағаным, күнде менімен бірге автобусқа бір қызмет алушы апа отырады. Ол кісі қаланың шалғайлау шетінде тұратындықтан, бұл жерге келгенше 3 автобус ауыстырып отырады. Соның өзінде таңғы сағат 9-дан кешікпейді, сонда ол үйінен қаншада шығады деп ойлаймын. Біз өзімізге жүктелген міндетіміз үшін ертелетіп келеміз, ал қызмет алушылар асықпай жетуіне де болады ғой, бірақ ол кісілер де орталыққа жеткенше асығады. Осыдан-ақ орталықтың оларға ұнайтынын байқауға болады. Біз келушілерді алғаш қарсы алатын әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандармыз ғой, сондықтан әрбір қызмет алушылардың бастапқыдағы жағдайы мен демалысқа кетеріндегі күйі бізге қатты байқалады. Бастапқыда кейбіреуі келгендерінде анау-мынауды жақтырмай, мінез көрсетеді де бірер аптадан соң жайдарыланып, күнде жылы шыраймен сәлемдесіп, қайтарында алғыстарын жаудырып кетеді. Сосын ол кісілер осы орталыққа келгенді жұмыс орны сияқты қабылдайды, мүлдем кешікпейді, бір күнді де жібермейді. Жаңа жылдың қарсаңында Мырзагүл Тәжиева деген апай келген бойда «Сіздерде жаңа жылдық ұжымдық кеш қашан болады?», – деп сұрады. Өтетін күнді айтсам, «Біз де қатыссақ болады ма?» – деп сұрады. «Әрине, болады» деп едім «Жақсы болды ғой, жұмыстан зейнетке шыққан соң ұжымдық кешке де бармай қалдық, ұжымдық жиындарды сағынып жүрмін», – дегені. Сол апай қазір барлық іс-шараларға өте белсенді араласады. Көрдіңіз бе, зейнеткерлер бұл жерді тек денсаулықты күтуге көмектесетін емдік, демалыс орны ғана емес, ұжымы сияқты көреді, – дейді орталық қызметкері Раушан Әлжанова.
Орталықты ашып берген басшыларға алғыс айтқандардың бірі Нұрша Нүсіпқызы – 75 жаста.
– Жас күнімізде жұмыс деп жүгіріп жүріп денсаулығымызға аса мән бере бермейміз. Әрине, еңбек демалыстарында шипажайға барып, ем аламыз ғой. Дегенмен, уақыт өткен сайын адам ағзасы әлсірей береді екен. Осы орталықтың ашылғанына қуанамын. Қазір біз мұнда шипажайларда көрсетілетін барлық қызметтерді тегін алып жатырмыз. Массаж креслосынан, жаттығу залынан емдік шараларды алумен қатар, фито шайын да қабылдаймын. Би мен йогадан да қалмаймын. Теннис те ойнаймын. Бұрын күндіз қанша қимылдасам да түнде ұйықтай алмайтынмын, адам қартая келе ұйқы да қашатын көрінеді. Осы орталыққа келгелі кешкі сағат 8-дер шамасында ұйықтап қаламын. Сосын ең бастысы – жаңа орта табуың, адамдармен араласып, әңгімелесетін замандас, дос-жаранның бары. Ал, орталықтың қызметкерлері қандай, қас-қабағымызға қарап «ата, апалап» өз баламыздай жақын тартып тұрады. Қысқасы, орталықтың қызметі өзіме оң ықпалын тигізіп жатыр, – деді Нұрша апа.
Осындағы тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан ойын тәсілдерін үйрететін нұсқаушы Мейрамқұл Ноғайбаев еліміздің тоғызқұмалақ бойынша спорт шебері, екі дүркін чемпионы, бірнеше жарыстардың жүлдегері, жоғары дәрежедегі төреші.
– Осы орталық ашылғалы шахмат дәрістеріне қатысып, бір де бір сабағымды қалдырмай үйренген Ережеп Асанов пен Орынкүл Алтаева кейін қалалық жарысқа барып, жүлдегер атанды. Аз ғана уақыттың ішінде сондай жетістікке қол жеткізді. Қазір де сабағыма қатысушылармен қалалық жарысқа дайындалып жатырмыз. Спорттың бұл түрлері адамның ойлау қабілетін дамытады. Екіншіден, тоғызқұмалақ – бұрынғы ата-бабаларымыз қолданған есеп. Қосу, азайту, көбейту, бөлу амалдарын қатар алып жүретін, адамды ұшқыр ойлануға жетелейтін құрал, – дейді Мейрамқұл Ноғайбаев.
Ашылғанына аз ғана уақыт болса да орталықтан қызмет алушы өнерпаз ардагерлерден ансамбль құрылыпты. Жетекшісі Мұрат Танабеков, құрамында 15 адам бар. Олар түрлі музыкалық аспаптарда ойнайды.
Қарттарды белсенді өмірге қадам бастырған орталықта осындай игі іс көп.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді