31 қоғамдық көлік пайдалануға берілді
Қала тұрғындары үшін жолаушыларды сапалы қызметпен қамту қашанда маңызды. Бұл, әсіресе, шаһар логистикасын дамытып, өңір экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, соңғы жылдары Тараз қаласында бірқатар қоғамдық көлік бағыттары жаңартылу үстінде. Жуырда 31 автобус ел игілігіне берілді. Іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, автобус кілттерін салтанатты түрде табыстады. Шаһар басшысы жолаушылар тасымалын жандандыру мен жолаушылар мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қоғамдық көліктерді жаңарту ісі алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.
– Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, жүргізушілердің мәдениетін көтеру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттарымыз болып саналады. Сондай-ақ, жолаушылар көлігін жаңарту ісі жанданып келеді. Өздеріңізге белгілі, осыдан екі апта бұрын қала транспорты 11 жаңа автобуспен толыққан болатын. Бұл автобустар арқылы пандемия ке зінде тоқтап қалған 41 маршрутты қайта іске қостық. Ал, жаңадан келген автобустардың 12 бірлігі №34 маршруттағы ескірген автобустарды алмастырса, қалған 19 бірлігі тасымалдаушы мекеме қызмет көрсететін бағыттардағы кесте санын арттыруға және №54 маршруттағы автобустарды алмастыруға берілетін болады, – деді шаһар басшысы.
«Автобусный парк-2020» ЖШС тарапынан жеткізілген қоғамдық көліктердің жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Жалпы, қазіргі таңда Тараз қаласында жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген.
Соған сәйкес, биыл қалаға 70 бірлік автобус жеткізу жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін оның 55-і қолданысқа берілген. Өңір экономикасын дамытып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Нұрболат АСАНҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді