«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көшбасшы дәрігерлер сынға түсті

Көшбасшы дәрігерлер сынға түсті
ашық дереккөз
Көшбасшы дәрігерлер сынға түсті
Адам өмірі үшін ажалмен күресіп, денсаулықты қорғауға қызмет ететіндіктен де медицина саласының қоғамдағы рөлі аса маңызды. Көп жағдайда дәрігер жетіспеушілігі де байқалып жатады. Ал, бар мамандардың біліктілігін арттыру – өзекті мәселе. Сондықтан бұл іске көңіл бөлу назардан тыс қалған емес. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» байқауының да мақсаты – өңірдің денсаулық сақтау саласында кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан медицина қызметкерлерін анықтау, өңірлік кадр пулын қалыптастыру. Бір ерекшелігі – конкурс облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимовтың облыстық Қан орталығының ауласына тал отырғызуымен басталды. Облыстық Қан орталығында өткен байқау 4 кезең бойынша көшбасшы дәрігерлердің кәсіби шеберлігін сынға салды. Қатысушыларға «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты немесе «Бизнес, басқару және құқық» даярлау бағыты бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім немесе ЕМВА (ЭмБиЭй) әлде full-time (Фултайм) дәрежесінің болуы талап етілді. Сонымен қатар, негізгі жұмыс орны денсаулық сақтау саласындағы мекемеде болуы шарт. Қатысушылардың денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі кемінде 5 жыл болуы керек. Байқауды құттықтау сөзімен ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мұндай байқаулардың кадр сапасын арттыруға үлесі зор болатынын айтты. – Дені сау азамат – мемлекеттің басты байлығы. Еліміздің азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру – алдыңғы қатарда тұрған мақсат. Сондықтан мемлекетіміздің денсаулық сақтау жүйесін дамыту маңызды рөлге ие. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицинаға үлкен жауапты міндеттер қойып отыр. Медициналық қызметтің барша халыққа қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік жасалуы керек. Бүгінде облысымызда денсаулық сақтау жүйесінде білікті мамандармен қамтылып, материалдық-техникалық базасы жақсара түсуде. Мысалы, өткен жылы 19 медициналық нысан пайдалануға берілді, 11 нысанда күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл 24 нысанның құрылысы басталып, жыл соңына дейін 22- сі пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде ауылдық жерлерде денсаулық сақтау, жаңғырту жобасы қолға алынып, 20 нысан салу жоспарланып отыр. Облыстағы денсаулық сақтау саласын дамытуда медицина ардагерлерінің де еңбегі зор. Олардың арасында Сейітхан Жошыбаев, Ораз Досқұлов, Төлен Сауырбаев, Сағындық Ордабеков сынды ардагерлер бар. Осы ретте әрбір ардагерге қажырлы еңбегі мен игілікті істері үшін үлкен алғысымызды айтамыз, – деді Ербол Шырақпайұлы. Конкурс нәтижесінде Төлеген Бугибаев бас жүлдені (500 мың теңге) жеңіп алса, І орынды (400 мың теңге) Айдын Байбеков, ІІ орынды Қаламқас Төреқұл (350 мың теңге), ІІІ орынды Гүлнұр Қазанғапова (300 мың теңге) олжалады. Сонымен қатар, тағы бірқатар конкурс қатысушылары «Үздік көшбасшы», «Мерейлі дәрігер», «Үздік инноватор», «Креативті ұйымдастырушы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік сарапшы», «Үздік ментор», «Үздік спикер», «Білгір дәрігер», «Үздік стратег» номинацияларын иеленді. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен 100 000 теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар