«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шетелдік инвесторлар өңірде бірқатар салаларды дамытуға ниетті

Шетелдік инвесторлар өңірде бірқатар салаларды дамытуға ниетті
ашық дереккөз
Шетелдік инвесторлар өңірде бірқатар салаларды дамытуға ниетті
Елімізге шетелдерден инвесторлар тарту ісі қарқынды түрде жүзеге асуда. Мемлекет басшысы да өз кезегінде экономиканың бірқатар бағыттарын дамыту бойынша инвестиция тарту ісін жолға қою қажеттігін айтқан болатын. Осы бағытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру мақсатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Моника Иверсонмен кездесті. Өзара экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кездесуде облыс әкімі өңірдің өндірістік әлеуетіндегі оң көрсеткіштерге назар аударып, алдағы уақытта облыс көлемінде жоспарлы түрде жүзеге асатын шаралар барысына тоқталды. Әсіресе, Ербол Шырақпайұлы Жамбыл өңірі электрокөліктердің басты қуат көзін өндіруші орталыққа айналуына барлық мүмкіндіктер бар екендігін айрықша атап өтті. – Жамбыл өңірі фосфор өндірісі бойынша еліміздің жетекші экономикалық аймағы екені белгілі. Ал, фосфор кенінің қоры мен сапасы жөнінен өңір бүгінде Қытайдағы баламалы кен орындарынан әлдеқайда басым түседі. Сонымен қатар, біз алдағы уақытта облысты литий–темір фосфатты қуат көздерін өндіруші орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Өйткені, аталмыш батарея түрлері бүгінде электрлі көліктердің басты қуат көзіне айналып отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы. Сондай-ақ, өңір басшысы облыстың географиялық тұрғыдан еліміздің қос мегаполисінің аралығында орналасуы өз кезегінде экономикалық тұрғыдан потенциалдық мүмкіндіктерге жол ашатындығын жеткізді. Негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы саналатын мекеннің баламалы энергия көздерін өндірудегі басымдықтары да бар екендігін айтқан облыс әкімі алдағы уақытта пайдалы қазбаларды ауыл шаруашылығы саласы мен микроэлектроникаға енгізу ісі жоспарда екендігін жеткізді. Өз кезегінде Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Моника Иверсон Жамбыл өңірі ландшафтық тұрғыдан ауыл шаруашылығы мен баламалы энергия көздерін өндіру ісі бойынша шетелдік инвесторларды қызықтыратындығын тілге тиек етті. – Сапалы азық-түлік өндірісін жолға қою мақсатында Германия тарапы Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға ниетті. Ал, Жамбыл облысы республика бойынша қант қызылшасы мен пияз, жүгері өнімдерін өндіруде көшбасшы екені белгілі. Сондай-ақ, Германия энергия көздерін әртараптандыруды жолға қойып, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіре білген. Біз қазақ жастарының үш тілде еркін сөйлей алатынын білеміз. Алдағы уақытта өндірістік кәсіпорын мамандарына арнайы бағдарлама әзірленсе, біз қазақстандық мамандарды өз елімізде тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастыруға дайынбыз, – деді М.Иверсон. Бұдан бөлек, Германия елшісі облыста бүгінде гипс саласы бойынша ірі неміс инвесторларының кәсіпорындары жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта аталған бағыттар аясында өзара серіктестікті кеңейтуге ниетті екендігін білдірді.  

Нұрболат АМАНБЕК

     

Ұқсас жаңалықтар