Қазақы тәрбиенің қайнар көзі

Қазақы тәрбиенің қайнар көзі
ашық дереккөз
Қазақы тәрбиенің қайнар көзі
2022 жылдың қараша айында елордасы Астана қаласына барған кезімізде ұлттық үлгідегі «Бауырдақ» мейрамханасы бар екенін естіп, сол жерден дәм татып, тамсанып қайтқан едік. Арада 3-4 ай өткенде «Бауырдақ» Тараз қаласынан да ашылып, тұрғындарды қуантты. Қазіргі таңда шүкір, халық тамақтану орындарын таңдап баратын болды. Тамағының сапасы мен бағасын, ондағы қызмет көрсету деңгейін саралап барып шешім қабылдайды. Дегенмен, ашылғанына бір жылдан енді асса да, «Бауырдақтың» өз тұтынушылары жетерлік. Сонда «Бауырдақ» несімен ерекшеленеді? Мұндағы бірінші ерекшелік – ғимарат ішінің ұлттық нақышпен безендірілуі, онан соң даяшы қыздар да тек ұлттық киімде өте мәдениетті, сыпайы қызмет көрсетеді. Мейрамхана ғимаратының іші ел басына күн туғанда қолына найза ұстаған қазақ батырларының суреттерімен әрленген. Қаны қазақтың назарын бірден аударып, рух сыйлайтындай. Мұнан бөлек, ілініп тұрған қазақтың домбырасы мен қобызын байқауға болады. Қаласаңыз, ол аспаптарда ойнап көре аласыз. Енді ас мәзіріне келсек, қазақылықтың аңқыған иісі осы жерде. Ет тағамы, қымыз бен шұбат, қаймақ бар. Нарын, ыстық бауырсақ, қазақтың қуырдағы аса дәмді дайындалады. Шамамен 4-5 адамға арналған «Батырдың асы» тағамы қойдың тұтас жауырын етінен жасалатын көрінеді. Қазір 5 адам әрең тауысып жүрген осы үлкен ыдыстағы тағамды заманында қазақтың бір батыры жұғым көрмегені белгілі. Әсіресе, буындар мен сүйектерімізге, бет терісінің жақсаруына пайдалы «жілік майы» деген тағамның өзі не тұрады?! Тары қосылып әзірленетін шай да осында. Мейрамханаға тәулігіне шамамен 200 тапсырыс түседі. Онда еліміздің танымал адамдарынан бөлек, шетелдік қонақтар да жиі тамақтанады. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Корея, Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғыз елінен келген қонақтар «Бауырдақтан» ас ішіп, алғыстарын айтып кеткен. Белгілі айтыс ақыны Алтынкүл Қасымбекова: «Бауырдақ» – нағыз қазақы мейрамхана. Қаймақ, қымыз, шұбат, еттің сүбелісі, жіліктің майы осы жерден табылады. Мұндағы ірімшік, құрт, қолдың сары майын, қою сүт пен тары қосылып берілетін шайын ерекше атап өтер едім. Мейрамхананың тағамы мен қызметі маған өте ұнайды», – дейді. Біз мейрамхана мамандарынан дәмхананың неге «Бауырдақ» аталғанын, Астанадағы «Бауырдақпен» байланысы бар-жоғын, таңсық тағамдардың дайындалу технологиясын сұрадық. Мейрамхана әкімшісі Балнұр Әбдиева: «Бізде айтылатын және құпия болып қалатын нәрселер бар. Жауабымды осы шартқа байланысты берейін. «Бауырдақ» атауы «Бауырсақ» пен «Қуырдақ» тағамдарының атауларынан алынған. Астанадағы «Бауырдақтың» жалғасы іспеттіміз. Мұнда әкелінетін ірі қара малдың еті, қойдың басы мен еттері осы біздің облыс аумағынан алынады. Нақты қай шаруа қожалықтан екені маңызды е м е с болар. Ал, тағамдарды дайындау технологиясы ішкі құпиямыз. Жалпы, 40 адам қызмет көрсетеді. Жалақылары көңілдерінен шығады. Мұнда тұсаукесер, бесікке салу секілді 50-60 адамға арналған тойлар жиі өтеді. Әзірге еш адамнан реніш пен арыз түскен емес. Біз алдымен қызметкерлеріміздің сыпайылығымен тәрбиесіне ерекше мән береміз. Осы талап өз жемісін беріп отыр, – дейді ол. Біз бұл жерден «Бауырдақтың» ас ішетін орын ғана емес, қазақы тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын жер екенін түсініп шықтық.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар