«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаламнан туған құндылықтар

Қаламнан туған құндылықтар
ашық дереккөз
Қаламнан туған құндылықтар
Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі ұлттық қолөнерді дамыту, оқушылардың шығармашылығын жетілдіру мақсатында «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты облыстық көрме ұйымдастырды. Оған Жуалы ауданындағы №1 балалар өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушыларының қаламынан шыққан суреттер қойылды. Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева сөз сөйлеп, аталған көрме жұмысына сәттілік тілеп, қолөнердің зор өнер екендігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, ол аталған №1 балалар өнер мектебінің ұжымына алғысын айтып, директорына сыйлықтар тарту етті. Жуалылық өнер мектебінің «Кербез» би тобының қыздары мың бұрала билесе, «Мұрагер» домбырашылар оркестрі орындаған Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі көпшілік көңілінен шықты. Келесі сәтте Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұхамед-Омар Паншаев, облыстық білім басқармасы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының педагог-суретшісі Серіжан Сағындықов көрме жұмысына сәттілік тіледі. Аталған өнер мектебінің директоры Қанат Мұратаев өзі басқаратын мекеменің жетістіктеріне, бүгінгі көрмеге әкелінген озық жұмыстар жөнінде айтып өтті. Мұнан соң қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көрмеге қойылған шығармашылық жұмыстарды аралап көрді. Өнер мектебінің оқушысы Ақнұр Серікбай «Қазақ даласы» атты еңбегін алып келіпті. Оқушы Дамир Елубайдың кескіндеме жұмыстары ел назарын аударса, оқушы Әлимаш Серікбайдың «Теңіздегі кеме» картинасы көпшілікке ерекше ұнады. «Бұрын үйде өз бетіммен сурет салып жүруші едім. Өнер мектебіндегі үйірмеге барып жүргеніме бір жыл толған жоқ. Ал, мынау көрмеге алып келген жұмысым үшін бес ай бойы іздендім», – дейді ол. Ал, Қанат Мұратаев басшы ғана емес, керемет суретші. Оның көрмеге ұсынған «Ақсақ құлан аңызы», «Қазақ даласы», «Қалыңдық», «Екі қошқар» картиналары жан-жақты астарлы ойларымен тартымды. Аталған мектептің мұғалімдері Біржан Жұмабеков, Нұржан Өміртай, Бағдат Тұрсынқұлова, Исағали Ақышев әртүрлі тақырыптағы суреттерін көрмеге ала келген екен. Суретшілердің шығармалары бірінен- бірі өткен әдемі, мазмұнды. Салынған шығармаға қарап тұрып ой түйесің, қылқалам иелерінің шеберлігін мойындайсың. Аталған мектепте 1160 оқушы сурет өнері бойынша өздерін дамытып жүрсе, оларға 50 мұғалім білім беруде. Аталған өнер мектебінің мамандары мен оқушылары неше түрлі қалдықтан да, қағаздан да түрлі құнды заттар жасаған. Көрмеге қойылған жұмыстар апта соңына дейін музейде тұратын болды.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар