Суицидтің себебі мен салдары көп
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасында 9 суицид оқиғасы тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының ең бірінші себебі – отбасылық жағдай. Кейде табыстың аздығы, яғни жетіспеушілік болса, енді бірде ата- анасының арасындағы кикілжің, айырылысу немесе қайғылы жағдай әсер етеді. Үлкендер арасында да өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері орын алып тұрады. Оларды да суицидке жетіспеушілік пен сатқындық, кейде қарызға белшеден бату мәселесі итермелейді екен. Ал, ер адамдар арасында осындай жайсыз қадамға алкогольдік ішімдік немесе есірткі пайдаланғандар көбірек барады.
– Суицидтік мінез-құлық қаупі бар жасөспірімдерді анықтау білім беру мамандарына тиесілі. Олардың дабылынан кейін баланың заңды өкілдерінің келісімімен жалпы тәжірибелік дәрігерлер және қажет болған жағдайда психиатрлар мен суицидологтар тартылады. Психологиялық көмекті жедел психологиялық көмек кабинетінің мамандары және облыстық психикалық денсаулық орталығының «556-776 анықтама телефоны» арқылы көрсетеді. Анонимді түрде көмек көрсетіледі және мінез-құлықты түзету динамикасы бақыланады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекел топтарын анықтау білім беру ұйымдарының мамандарына жүктеледі. Білім беру ұйымдарының психологтары сынып жетекшісімен тығыз байланыста баланың психологиялық жағдайын бақылайды. Отбасының әлеуметтік жағдайы және кәмелетке толмағандардың отбасындағы моральдық-психологиялық жағдайы ескеріледі. Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары білім беру ұйымдарынан сигнал алғаннан кейін ғана қажетті көмек көрсете алады. Суицидтік мінез-құлық қаупі анықталған жағдайда кәмелетке толмаған бала заңды өкілдерінің немесе ата-анасының сүйемелдеуімен жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралу үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына жіберіледі. Қауіптің жеңіл және орташа дәрежесінде психодиагностикалық және емдік шаралар жүргізіледі, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Әуесханқызы.
Өмірдің алтын ортасына жетіп, қырықтың қырқасына шыққандардың да өзіне қол жұмсау факторлары қоғамда орын алатыны рас. Күні кеше әлеуметтік желіде Астана қаласындағы көпірден секірген ер адамды құтқарған жігіттің қаққан дабылы соған дәлел. Алдарқатып шылым ұсынған құтқарушы жігіт қолынан шап беріп, ұстай алғанымен, шамасы келмейтінін ұққан соң, жанұшыра айғайлаған. Соның көмек сұраған даусына жиналғандар дер кезінде келіп, ажалдан арашалап үлгерген. Қырықтың қырқасынан асқан ер адамның бұл ісіне қарызының көптігі сеп болған екен.
Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол жұмсау ер адамдардың арасында көп орын алатыны белгілі болды.
– Өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә. Құранда «Өз-өзіңді қауіп- қатерге итермелемеңдер» делінген. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім қандай затпен өлген болса, яғни өзін биіктен тастап, пышақтаса немесе асылып қалса, сол нәрсемен бірнеше рет азапталады. Суицид – адамдардың рухани әлсіздігін, қиындыққа шыдамсыздығын олардың қолжетімді нәрсеге бейімделгенін білдіреді. Сондықтан, сәл қиындық болса, өз-өзіне қол жұмсайды. Ислам дінінде өмір сынақтан тұрады, адам сыналған сайын шыңдалады, сол арқылы өмір сүруге құштарлығы оянады, – дейді Тараз қаласының имамы Ержан Аманбаев.
Алайда, кейде суицид жасауға бекінгендер тіпті санаға кірмейтін себептер айтады.
Суицид жасау мәселесі бойынша бірнеше психологпен де тілдескен едік. Олардың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсау ішкі жалғыздықтан, күйзелістен болып тұрады. Яғни, сыр ашып, ой бөлісетін адамының болмауынан, депрессияға түсудің салдарынан орын алады. Суицидке итермелейтін себеп – әртүрлі. Бірақ, мұндай жағдай адам жүрегінде тыныштықтың болмауынан болады. Яғни бұл – депрессия ауруының бір белгісі.
Мамандардың пайымдауынша, өлімге алып келетін жағдайлардың себебін адамның өз-өзіне қол жұмсаған орнына қарап та аңғаруға болады екен. Мысалы, кәмелетке толмаған бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал, өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен немесе ұстаздарының арасында келіспеушілік болған немесе оқу үлгерімінде қиындықтарға ұшырағандығын білдіреді. Үлкендер болса, жұмыстан шығып қалғанда немесе ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүргенде өмірмен қош айтысуға ниеті ауады.
Егер әлдебір тылсымның күшімен осындай келеңсіз оқиға орын алса, жөн басқа. Ал, өлімге қарай әдейі жасалған қадамды кім кешірмек?! Мейлі, қандай жағдай болмасын, қандай қиындық тумасын, өлім ештеңені жеңбейді, шеше де алмайды. Сабырсыздық танытып, болмашыға бордай үгітілетін халге түсу – әлсіздік қана.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді