Айналаны абаттандыру айлығы
Тараз
Республика көлемінде ұйымдастырылған бес апталық «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының басталуына орай, Таразда 11 сәуір мен 11 мамыр аралығында «Таза өлке» іс- шарасы жүзеге асырылуда. Акцияның екінші аптасы облыс орталығында «Киелі мекен» деген атаумен тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандырумен жалғасты. Соған орай, «Жеңіс» саябағында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил белсенді және ерікті жастармен бірге саябаққа тал көшеттерін отырғызды. Жалпы, бұл күні демалыс орнына 500 түп раушан гүлі, 30 туя мен 20 шаған ағашы егілді. Сондай-ақ, Қазыбек би, Ә.Әйтиев көшелері мен Төле би даңғылының бойында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл тұрғыда «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің тындырып жатқан тірлігі көңіл көншітеді. Мекеменің 20-дан аса жұмысшысы арық жүйелерін күл-қоқыстан тазалап, жол жиектерін талапқа сай реттеді. Мекеме тарапынан талдарды балақтау, қоғамдық орындардағы алаңқай, аулаларға күтім жасау сынды ілкімді жұмыстар атқарылды. «Таза өлке» акциясы қаладағы аумақтық округтердің барлығында өтіп, оның аясында үй, мекеме аулаларында тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, өткен сенбіде қала әкімінің қаулысымен санитарлық-тазалықтың екі айлығы басталған болатын. Он бір аумақтық округ бойынша бас инспекторлардың үйлестіруімен өткен сенбілікте 500-ге жуық адамның қатысуымен игі істер жүзеге асырылып, 22 арнайы көлік жұмылдырылды. 100- ге жуық тұрғындар өз аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізіп, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, М.Лермонтов, әл- Фараби, Б.Момышұлы және Саңырық батыр көшелерінде орналасқан аялдамалар мен қоқыс жәшіктері тазаланды. Осы күні қала аумағындағы саябақтарға, белгіленген нысандар ауласына гүл отырғызылып, тал егілді. «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары қала ішіндегі жарық шамдарының бағаналарын сырлап-әрледі, «Үшбұлақ» жағалауын тазалап, су бетіндегі қоқыстарды жинастырды.Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Мойынқұм
Ел аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының екінші апталығы өтуде. Жақсылыққа жол бастап, ізгі іске насихаттайтын науқан Мойынқұм ауданында да жалғасын тапты. «Киелі мекен» атты апталық аясында Мойынқұм ауданының Төле би, Биназар ауылдарында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Акцияға ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері, сондай- ақ, аудан жастарын қоса алғанда барлығы 250-ге жуық ерікті қатысты. Қариялар бастап, жастар қоштап, жұдырықтай жұмылған тазалық жұмыстары барысында Биназар Ақеділұлы, Балуан Шолақ, Ататүрік ескерткіштерінің аумағы абаттандырылып, тазартылды. Апталық кезеңінде аймақтағы өзге де тарихи нысандарға тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, алдағы апталарда ауқымды акцияның «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атты апталықтары аталып өтілетін болады.Нұрболат АМАНБЕК
Меркі
«Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы Меркі ауданында да жалғасты. Бастама елді мекендерде жалғасын тауып, ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері, қоғамдық қызметкерлер мен еріктілер көше жолдарына, әлеуметтік нысандар мен тарихи ескерткіштердің айналасына санитарлық-тазалық жұмыстарын жасап, күл-қоқыс орындарын тазартты. Гүлзарлар мен жасыл желектерді суарып, тал-дарақтарды ақтап-сырлады. Ауыл әкімдері су тасқынының алдын алу мақсатында жауапты мекемелердің қызметкерлерімен бірге елді мекендердегі көлдер мен арықтарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, су арналарын тазартты. Ауылдық учаскелік инспекторлар табиғатты ластамау бойынша тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Табиғатты аялауға арналған іс-шаралар легін аудандық білім мекемелерінің қызметкерлері де жалғады. Ауданның білім ошақтарында мектеп ауласын тазалау, әктеу, ағаш көшеттерін отырғызу, оларды күтіп- баптау, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. №44 мектеп ұжымынан құралған команда Меркінің көрікті жерлері мен тау шатқалындағы тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды тазалауға жұмылдырылды. Тазалық акциясының ауқымды өтуіне ауыл азаматтары да белсендікпен атсалысуда. Мәселен, Мыңқазан ауылының 1985 жылы туған азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай, ауыл мекетебінің ауласына 30 түп шырша егіп, игі шараға өз үлестерін қосты. Тазалық жұмыстарынан аудан жастары тыс қалған жоқ. Аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және «Merki eriktiler» волонтерлер қозғалысы мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметкерлері де тазалық жұмыстарына белсене кірісіп, өз үлестерін қосты.Нұржан ӘЛІШ
Сарысу
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Сарысу ауданында да сенбілікпен жалғасуда. Орталық саябақта өткен сенбілікке аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, тазалық жұмыстарының барысымен танысты. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауымен өтіп жатқан сенбілікке тұрғындар ерекше атсалысты. Жаңатас қаласының 3-шағынаудан, №38 үйдің тұрғындары да тазалық жұмыстарында ұйымшылдық танытты. Тұрғындар, тал егіп, әктеп, аула тазалауды да қолға алған. – Тазалыққа әрқайсымыз жауапкершілік танытып жатырмыз. Бірлігі жарасқан ауланың тұрғындарына ризашылығымды жеткізгім келеді. Басқа аулаларда да осындай жұмыстар жүргізілсе, қаламыз көркейіп, «Таза қала» атанатын еді, – деді сенбілікке қатысқан 3-шағынаудан №38 үйдің тұрғыны Б.Балғабай. Сенбілік жұмыстары ауылдық округтерде де жалғасты. «Киелі мекен» апталығы аясында ауылдарға кірер жол бойындағы жасыл белдеулердің арық жүйелерін күл-қоқыстан тазартып жатыр.Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Жуалы
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жуалы ауданында қарқынды жалғасуда. Алғашқы жеті күнде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалады. Аудан бойынша «Таза Өлке» науқаны басталғалы 190-ға жуық көше тазаланып, 25 тонна қоқыс шығарылған. Әсіресе, Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары ерекше белсенділігімен көзге түсуде. Тұрғындар тазалық жұмыстарын Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің иегері Тайыр Тастандиевтің мүсіні маңынан бастады. Мүсіннің қоршаулары ретке келтіріліп, ауласы тұрмыстық қалдықтардан тазартылған. Сондай-ақ, аумақта талдарды әктеу, қураған ағаш түптерін бұтау сынды жұмыстар атқарылды. Бұған қоса, науқан аясында саябақтар мен су өткелдері, көпірлерді ретке келтіру жұмыстары да қамтылды. Экологиялық акцияның келесі кезеңі «Киелі мекен» деген атаумен жалғасын тапты. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру аясында Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Т.Дүйсебайұлы ауылдарындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарға арналған монументке ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ал, Көкбастау ауылдық округінің аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында округке қарасты Бақалы ауылында орналасқан жасыл желек аумағына 150-ге жуық жеміс ағаштары отырғызылып, оларға күтім жасалды. Дәл осындай абаттандыру жұмыстары Қошқарата ауылындағы «Жауынгер-жерлестерге» ескерткішінің маңында да жүргізілді. Акция аясындағы қарқынды тазалық жұмыстары республикалық науқан аяқталғанша тұрақты түрде жүргізіледі.Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Қордай
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері қордайлықтар іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын түбегейлі жүргізіп шыққан болатын. Енді 20-сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады. Аталған бағыт бойынша аудан көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Мәселен, Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев мемориалдық музейінен бастау алған тазалық жұмыстары музей маңындағы ауқымды аумақты абаттандырумен жалғасты. Онда қызметкерлер аталған акция барысында белсенділік танытып, тазалық жұмысына жұмыла кірісті. Кенендіктер баст аған жұмыс Масаншыда да жалғасын тапты. Ауылдық музей қызметкерлері абаттандыруға белсене қатысып, тазалыққа таңмен кірісті. – «Киелі мекен» апталығы ауданымызда үлкен ауқыммен қолға алынуда. Бұл игі істер жалпы аудан бойынша белсенді жүзеге асуда. Тазалық әрбір адамның өмірлік дағдысына айналуы тиіс. Ауласына, ауылына қарап азаматын тануға болады. Адамзат баласы өзінің ұрпағы үшін де қоршаған ортаны таза ұстауы тиіс. Табиғатты аялауға бағытталған акция Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынғаны қоғамымыз бен қоршаған ортамыз үшін аса маңызды,– дейді Масанчи ауылдық ардагерлер кеңе сінің төрағасы Дыдыр Двумаров.Жамбыл
Республика бойынша Президенттің бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жамбыл ауданында да белсенді жалғасуда. Дүйсенбі күні ел ағалары бастаған көпшіліктің атсалысуымен аудан орталығы саналатын Аса ауылының «Белгісіз солдат» монументінде тазалық және көга лдандыру жұмыст ары жүргізілді. Ал, сейсенбі күні Ақбұлым ауылындағы Ұлы Отан соғысында қайтыс болған жауынгерлерге орнатылған ескерткіштің маңы тазаланып, қоршаулары сырланып, ағаштары түгел әктелді. Дәл осындай іс-шаралар ауданға қарасты 17 ауылдық округ, 42 елді мекенде жалғасын тапты. Сенбіге дейін тоқтамайтын сенбілік жұмыстарына алты күннің ішінде 2 мыңға жуық тұрғын тартылады деп күтілуде. Айта кетейік, биыл ауданды көркейту мақсатында 5000 дана ағаш егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 4000 ағаш көшеті отырғызылды. Аудан бойынша биыл қосымша 20 000 мың түп тал егілмек. Жалпы, наурыз айынан бастап аудан бойынша 200 тонна қоқыс шығарылған болатын. Қысқы маусымның ескі қалдықтарынан аршылған дала жұмыстары көктемгі көгеріштендіру шаруаларына да сақадай сай. Мемлекет басшысының ауыл-аймақ көшелерін тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыруды ұйымдастыру туралы тапсырмасына орай, ауданда автокөлік жолдарын ретке келтіру шаралары да жүйелі жүріп жатыр. Аудан жұртшылығы арасынан ардагерлер мен жастарды және түрлі саладағы қызметкерлерді ғана емес, тұрғындар мен еріктілерді де тұрақты түрде осындай шараларға тарту тиімді атқарылуда.Үміт БИТЕНОВА
Шу
Шу қаласының әкімдігі жаңа бастама көтерді. Яғни, айналаны тазартып, жаңарту жұмысына қатысатын тұрғындарға қала әкімдігі әктеу-сырлау құралдары мен қоқыс шығаратын техникаларын өздері әпереді. Осы жұмысқа ниетті тұрғындар алдын ала өтініш беріп, акцияны бір уақытта бастауы керек. – Жерле стерімізді т аза лыққа баулып, үлкен-кішіні бірдей еңбекке жұмылдыратын жаңаша акциямызды бастап жатырмыз. Әр тұрғын қаламыздың ажарын ашуға бағытталған осы іс-шараға қатыса отырып, өз үйінің ауласын, көшесін көркейте алады. Іс- шараның ерекшелігі, қатысуға алдын ала өтініш білдірген көше тұрғындары өз ауласын тазартып, әктеу, сырлау жұмыстарын отбасымен бірге өздерінің атқаруында. Тағы бір ерекшелігі, жұмысты барлығына бір уақытта бастау міндеттеледі. Қала әкімшілігі тазалыққа қажетті техникалар мен құрал- жабдықтарды жеткізіп береді. Белсенді болған ең кіші, ең үлкен тұрғындарға және үздік ұйымдастырушыға арнайы аталымдар бойынша сыйлықтарды да қарастырдық. Акцияға алғаш болып Қант зауыты шағынауданындағы Әли Асылбекұлы көшесінің тұрғындары қатысты. Қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесе өткізген іс-шара барысында тұрғындар бір уақытта көшеге шығып, белсенділік танытып, бар игіліктерді тиімді пайдалана білді. Қаламызды қоқыстан арылған таза қалпына келтіру үшін әр тұрғынның көмегі керек, – дейді Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев.Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов
Республикалық экологиялық акция аясында Т.Рысқұлов ауданы аумағын абаттандыру, көгеріштендіру және арықтар мен бұлақ көздерін ашу жұмыстары күн сайын жүргізіліп келеді «Таза өлке» аталған алғашқы аптасында аудан аумағындағы тұрғындар мен қоғамдық қызметкерлер, ұйымдар мен кәсіпорын жұмысшыларының қатысуымен барлығы 2000 адам қамтылды. Жоспарлы желілік кестеге сәйкес, 6 әлеуметтік нысан, 1 тұрғын үй ауласы мен 1 демалыс саябағының аумағы тазаланып, талдар отырғызылды. Апталық барысында барлығы 200 тал- дарақ тігіліп, 40 шақырым арықтар мен каналдар қоқыстан тазартылды. 400 тонна күл-қоқыс шығарылды.Талас
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына байланысты Талас ауданының ауылдарында апта сайын сенбіліктер өткізіліп, су келетін арық-атыздар тазаланып, әр тұрғын өз ауласы маңын тазартып, аулаларына жеміс көшеттерін, гүлдер егіп жатыр. Тазалық бар жерде, барлық жетістіктер болатыны белгілі. Сенбілік кезінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдімомын Мұсабаев, ауыл қариялары Медеу Кенетаев, Жазубай Нұрбаев ұйымдастыру жұмыстарымен көзге түсіп, үлкен еңбек сіңірді. Бұл іс- шараға ауыл жастары да, мекемелердің қызметкерлері де үлестерін қосуда. «Күннің көзі жылт етіп шығып, дала көк майсаға оранып келеді. Ескі қоқысты тазалау, жас көшеттер егіп, жаңа қадамдар жасау – жылдағы үрдіс. Бірақ, биыл тұрғындардың ынтасы өте жоғары. Ауылдық округ әкімі Болатбай Ошақбаев өзі бас болып, тазалық жұмыстарының басы-қасында жүрді. Елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында талай жұмыс жүзеге асты», – дейді ауыл тұрғыны Медеу Кенетаев. Мұнда аталған акцияны қолдау Ақкөл ауылдық округінде де жүзеге асты. Нәтижесінде, барлық көшеде тазалық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Бұдан бөлек, Ақкөл ауылының тұрғындары «Жеңіс» монументін тазартып, ауылдық мешіттің аумағына 80 түп қара ағаштың көшеттерін отырғызды. «Ақкөл – тоғыз жолдың торабындағы ауыл. Бұл ауылдың үстімен өтетін жолаушылар да, ауылымызға келетін қонақ та көп. Сондықтан, ауыл болып тазалық жұмыстарына ерекше мән бердік. Тұрғындар өте белсенділік танытты», – дейді Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев.Есет ДОСАЛЫ
Байзақ
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Байзақ ауданында да жалғасуда. Іс-шара аясында Бәйтерек ауылдық округінің тұрғындары «Байзақ баба» кесенесінде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына белсене атсалысып, алма ағаштарын бұтап, кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ал, Ынтымақ ауылдық округінің тұрғындары бастамаға өз үлестерін қосып, «Даңқ кешені» аллеясына т аза лық жұмыст арын жүргізіп, бағаналарын сырлады. Тазалық жұмыстарына барлығы қырықтан астам адам қатысып, аллея аумағы түгелдей тазартылды.Маржан РАҚАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді