«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мереке өтті, мезгіл ауысты, мәселе қалды...

Мереке өтті, мезгіл ауысты, мәселе қалды...
ашық дереккөз
Мереке өтті, мезгіл ауысты, мәселе қалды...
Былтыр «Aq jol» газетінің 2023 жылғы 28 қарашадағы санында «Желтоқсан куәгерлерінің жанайқайы» атты мақала жарияланып, онда Тараз қаласының қақ төріндегі киесі бар, иесі жоқ «Желтоқсан орталығының» мәселесін көтерген болатынбыз. Ізін ала текті тарихтан ойып тұрып орнын алғанымен, орталығы ешкімнің теңгерімінде жоқ орынды жоқтаған желтоқсаншылар облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауында болып, көкейдегі мәселенің көп күттірмей шешілеріне күмәнданбай, көңілі орнына түскен болатын. Ел өміріндегі ең басты мерекенің қарсаңында аядай орталықтың күйін жіті зерделеп, жан-жақты шешу туралы аймақ басшысының тапсырмасын естігенде, олардың төбесі көкке жетуге сәл-ақ қалған еді. Бірақ, содан бері үш ай үздігіп, үмітін үзбеген желтоқсаншылар, әлі күнге түпкі шешім, түбегейлі нәтиже болар деген сеніммен жүр. Желтоқсан құрбаны, Халық қаһарманы, жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековтың кіндік қаны тамған киелі өлкеде, қасқайып ескерткіші тұрған саябақтағы орталық әу баста маңайындағы субұрқағымен бірге тағылым галереясы іспетті үндестікпен үйлескен орын еді. Көркіне көз тойып, көңіл марқаятын осы орынның бұл күнде атына заты сай болмай тұрғаны ғана қабырға қайыстырады. Себебі, азаттықтың алауын жаққан рухтардың құрметіне бой көтерген орталықтың тағдыры әр мекеменің арасында ала доптай баз кешкен. Желтоқсаншылар орталықтың тағы да жыл аяғындағы Тәуелсіздік мерекесіне дейін қаңырап қалмауына алаңдап, редакциямызға жүгінген болатын. – Жауапты мамандардың мәліметінше, «Желтоқсан орталығы» ешкімнің теңгерімінде болмаған. Тек күтіп ұстау жауапкершілігі әр мекемеге беріліп отырған. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан музейге, кейін «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне өткен. Айналып келгенде ол ешкімнің құзыретінде болмай шықты. Аймақ басшысы мәселемізді жіті тыңдап, жауапты мамандарға тапсырма бергеніне шын қуандық. Мұнан соң бізді сол кездегі қала әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов арнайы шақырып, ұсынысымызға құлақ түрді. Облыстағы үш бірдей желтоқсаншылар қоғамдық бірлестігінің өкілдері орталықтың әу бастағы қалпын сақтап қалуды сұрадық. «Желтоқсан орталығы» деп маңдайында жазылып тұрғаннан кейін ол жерге келетін адам көп. Мәлімет алушы жастар да аз емес. Орталықтың мәселесі оң шешілмегендіктен, былтыр жылдық жоспарымыздағы іс-шараларды да ұйымдастыра алмадық. Арнайы орын болмағандықтан, сол орталықтың маңындағы саябақта бас қосып, далада ақылдасамыз. Басқа амал жоқ. Орталықта Қайрат Рысқұлбековтың жәдігерлері бар еді, оны да музейге алып кетті. Ол жәдігерлер қазір музейдің бір бұрышында тұр. Оның ішінде келушілер үшін желтоқсанның рухы болмаса, ол несіне орталық? Бізге әлі күнге жастар тарапынан патриоттық бағытта ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ оны жүзеге асыратын жеріміз жоқ. Қала әкімдігіне «басқа өңірлерде осындай музейлер бар, солардың үлгісімен жасайық» деген ұсыныс айттық. «Ойластырып, жоспарлайық» деді. Одан кейін бірде-бір хабар болмады. Тәуелсіздік мерекесі өтті, біз қайтадан керек болмай қалдық па? Орталықтың жағдайын сұрап жауаптыларға хабарлассақ, жібі түзу жауап ала алмаймыз. Не болмаса «әлі құжаттары әзірленіп жатыр» деп қысқа қайырады. Әкімдік жекеменшік бір кәсіпкерге жер берсе, бір пәсте құжаттары рәсімделеді ғой. Ал, біздің орталықтың құжаты неге ұзаққа созылып кетті? – дейді «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков. Орталық құжаты рәсімделіп, есігі айқара ашылғанын тоқсан күннен аса тосқан желтоқсаншылар қала әкімінің де мәселеге қанық екенін айтуда. Дейтұрғанмен, жауапты мамандардан хабар күтіп жүргенде, бірлестік құрамының құжаттары қоқысқа айналып кете жаздаған. – Жаңа жылдан кейін орталыққа арнайы бас сұқсақ, ондағы біздің сейф жоғалып кетіпті. Оның ішінде бірлестіктегі әрбір желтоқсаншының құжаттары, іс қағаздарымыз сақталып тұратын. Оның барлығы айналада шаңмен араласып шашылып жатыр. Содан сейфтің өзін іздеп, сұрастырсақ, күтіп ұстауға «Жасыл ел-Тараз» мекемесі жауапты болған екен. Бірақ олар да көрмедік деп басын ала қашты. Ол қалтаға салып алып кететін дүние емес, алты адам әрең кіргізген зат. Содан құзырлы орындарға арызданатын болып шештік. Бірақ арада бір сағат өтпей жатып сейф табылды деген хабар алдық. Құлпы бұзылған, кілті ауысқан. Орталық ертерек иесін таппаса, мұндай жағдайлар қайталана берері анық,– дейді аталмыш бірлестіктің мүшесі Ержан Есімқұлов. Қала басшылығы алдағы уақытта орталықта жастарға арналған үйірмелер ашу туралы да ұсынысымен бөліскен екен. Алайда желтоқсаншылар музыкалық үйірмелерге үзілді-кесілді қарсылық танытқан. – Желтоқсан орталығы – жастарға, өскелең ұрпаққа тарихымызды таразылап, өткенімізді таныстыратын тағылым ошағы. Ондай жерде қалай ән айтып, би билеуге болады? Әрине, ел тарихында жалғыз желтоқсан көтерілісі болған жоқ. Ұзын-ырғасы үш жүзге жуық көтеріліс орын алған. Тек желтоқсанды ғана емес, сол көтерілістердің барлығын қамтып, ұлт мүддесі жолында ұмытылмас ерлік танытқан тұлғаларымыздың әрбірін ұлықтауға болады. Осы бағытта еліміздің тарихын сабақтап, әдебиетін насихаттайтын үйірмелер ашылса, оған қайта қуанар едік. Қайта патриоттық сезіммен бірге жастарымыз біліммен сусындап, ел ертеңі үшін қызмет ететін азамат болып шығар еді. Ал, күн сайын ән шырқап, дуылдаған думанды ән мен биге жол беруге болмайды. Біз орталыққа өз тарапымыздан үлесімізді қосып, аянбай еңбек етуге дайынбыз. Тек Қазақстан бойынша ерекше салынған мұндай керемет орын қаңырап бос тұрмауы тиіс, – дейді желтоқсаншы Сәкен Мырзабай. Ал, қазіргі таңда Қайрат Рысқұлбековтың жәдігерлері тұрған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс орталықтың о бастағы мақсаты мұражай болмағанын алға тартуда. – Мұражайда Қайрат Рысқұлбековтың аса көп жәдігерлері жоқ. Өзі ұстаған портфелі, галстуктері секілді санаулы дүниелер ғана бар. Дегенмен, мұражай мазмұны ауқымды болғандықтан, онда басқа да жәдігерлер жетерлік. Желтоқсан қатысушылары өздерінің тұрақты іс-шараларын музейде өткізсек дейді. Музей жәдігерлерді ұрпаққа сақтап, халыққа таныстырумен ғана айналысады. Яғни, музейде күнделікті кездесулер ұйымдастыру біздің құзыретімізге кірмейді. Ондай шаралар арнайы орталықта өтуі қажет, – дейді музей директоры. Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың, Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың. Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның, Айналайын, жас қайратым, жас өркені халқымның! – деп Мұхтар Шахановтан бастап мұраты биік ел ақындары күні бүгінге дейін жырлап келе жатқан желтоқсан оқиғасы уақыты таяған сәтте ғана емес, әлманахтың әр күнінде естен шықпайтыны белгілі. Ендігі мақсат – үміт отын соңғы демімен үрлеп, әр жүрекке жалын сыйлап, келешекке шуақ шашқан жауқазын рухтардың кешегі шырағын сөндірмей, лайықты құрмет көрсету. ТҮЙІН: Аталған мәселеге орай күні кеше қала әкімі Бақытжан Орынбеков желтоқсаншыларды орталыққа арнайы шақырып, олардың келісімімен нысанның қалалық Жастар ресурстық орталығы теңгеріміне өтетіндігін мәлім етті. «Желтоқсан ұшқыны» бірлестігінің мүшелері енді жоғарыда аталған ұсыныстары желге ұшпай, орталық жастар үшін ойын-сауық орны емес, іс жүзінде ізгілікке шақырар тағылым ошағына айналса деген ниетте.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар