Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын кім түсінеді?
«Aq jol» газетінің 3 ақпан күнгі №14 (19430) санында «Мүгедек жандардың мәселесі ескерілмей отыр» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік жәрдемақыға қатысты құқығы да шектеліп жүргендігін жауапты мекемеге жеткізіп, олардан жауап ала алмағанымызды да аталған мақалада айтқан едік.
Алайда, көтерілген мәселенің оң шешімі табылмады. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті өкілдеріне шағым айтушылар қатары күн сайын көбеюде.
Осы мақаланы газеттен оқыған Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны Елемес Нураханов редакциямызға хат жолдады. Луговой ауылы, Р.Құрымбаев көшесі №108 үйде тұратын азамат өзінің отбасындағы жағдайын баяндапты. Оның жолдасы Дариха Нурсеитова 2017 жылдан бері науқас екен.
Хатта дәрігерлердің ем-домынан көмек болмағаны, науқастың жағдайы күннен күнге ауырлап, дәл қазіргі кезде өздігінен жүре алмайтыны, тамақ ішуі де қиындап, тіпті үлкен-кіші дәретін де өздері бақылайтынын жеткізген. Науқас ең ақыры сөйлеуден де қалыпты.
Аудандық емхананың дәрігерлері науқасты биылғы жылғы 2 сәуір күні облыстық психдиспансердегі сараптау комиссиясына тексеруге апарған. Ол жердегі комиссия мүшелері тексеріп, «другая сосудистая деменция», деп диагноз қойыпты.
Сондай-ақ, ол жұбайының тағы да төрт ай бойы үй жағдайында ем алып жатқандығын да хатта жеткізген. Науқас қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында екен. Алайда, науқасқа мүгедектік тағайындалмаған. Бұл жағдайда заңды түрде І-ші санаттағы мүгедектік тағайындалып, әлеуметтік жәрдемақы берілу керек. Мәселенің тез шешілуін күткен жандарға, дәрігерлер заң талабының тығыз шаруаға сәйкес келмейтіндігін айтыпты. «Жолдасымның бұл аурудан айығып кете алмайтынына менің де, дәрігерлердің де көзі жетіп отырғаны ақиқат. Дәрігерлерді кінәлап отырған жоқпын, заң солай шығар. Алайда, жолдасымның қазіргі ауыр жағдайы бізге оңай тимеуде. Әлеуметтік жәрдемақыға мұқтажбыз. Тезірек жанайқайымызды түсініп, тиісті көмек берілсе деймін», – дейді Е.Ауғанбайұлы.
Мүгедек жандардың жанайқайын жеткізу үшін еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаментіне тағы да бардық. Аталған мекеменің басшысы Аслан Оразбеков аталған жағдайға қатысты өз ойын білдіруден бұл жолы бас тартпады.
– Бұл кісі туралы бізде мәлімет жоқ. Өйткені, аты аталған адам бұрын мүгедек ретінде танылған жоқ. Ереже бойынша тұрғылықты жеріндегі емхана тексеріп, диагноздарын анықтап, бізге жолдамамен жіберу керек. Сосын біз жолдама бойынша сараптама жасап, оның қай топқа жататындығы туралы қорытынды шешім шығарамыз, – дейді Аслан Ұланұлы.
Сондай-ақ, ол медициналық әлеуметтік сараптау комиссиясының онлайн режімінде қабылдау жұмысына да тоқталды. Науқастың назалогиялық түріне байланысты сараптама жүргізіледі. Қазіргі таңда комиссия сараптаманы 99 пайыз онлайн өткізуде. Психиятриялық түрдегі науқас болса, сараптамадан онлайн өтуге тиісті екен.
Осы орайда біз Т.Рысқұлов аудандық емханасының мамандарымен де хабарластық. Эндокринолог дәрігер Шынар Алтынбекқызы заңнамалық негіздерді алға тартты.
– Бұйрық бойынша науқас 4 ай мерзімге дәрігерлік бақылауға алыну керек. Осы уақыт ішінде емделушінің жағдайы нақты анықталып, оның диагноздары облыстық сараптамалық комиссияға жолданады. Ондағы сараптаушылар шешім шығарған соң ғана мүгедектік топ тағайындалып, әлеуметтік жәрдемақы қарастырылады,–дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ол науқасты бақылау мерзімін екі айға қысқартуға болатындығын айтты. Яғни, ауыр халдегі мүгедекті жедел түрде сараптамадан өткізудің жолы да қарастырылған. Аудандағы ақ халаттылар заң бұйрығын сылтауратып, сол заңның ішінде жеңілдетілген негіздер бар екенін ескермеген сынды.
Алайда, дәрігер WhatsApp қосымшасы арқылы қойған сұрағымызға жауап берген жоқ. Телефон қоңырауы арқылы ғана сөйлескен Шынар Алтынбекқызы аталған қосымшаны басқаруды білмейтінін алға тартты.
Жауапты мамандар тек сылтаумен құтылатын болса, мүгедек жандардың мұңын кім түсінеді?
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді