«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ардагер ақсақалдың аманаты

Ардагер ақсақалдың аманаты
ашық дереккөз
Ардагер ақсақалдың аманаты
Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толғалы отыр. Ұлтымыз ұлы қасіретті, сұрапыл соғыс жылдарының адам жанына салған жарасын әлі жадынан шығара қойған жоқ. Сол бір қиын-қыстау кезеңде оқ пен оттың ортасында жүріп ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған батырлар да облысымызда санаулы-ақ қалған. Өткен жылы мереке қарсаңында соғыс ардагерлерінің саны 16 болса, биыл бұдан да аз болуы мүмкін. Сол аз солдаттың бірі бейбіт күнде бейнетінің зейнетін көре алмай отырған Рақымжан Мамыралиев. Жасы жүзге таяған ардагер бүгінде денсаулығына қатысты жәрдемақы тағайындалып, баспана жайы шешілсе дейді. Рақымжан Мамыралиев – отты жылдардың тірі куәсі болып, Отан үшін от кешкен жанның бірі. 1925 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген азамат қысы қатты 1943 жылы майданға аттанып, Ресейдің Приморск өлкесі мен Ворошилов қаласын азат етуге қатысқан. Бұдан бөлек, жапон соғысында болып, Манчжурия майданында шайқасқан батыр Корей түбегіндегі әскери іс-қимылдардың қатысушысы болған. Кескілескен шайқастардың бел ортасында болып, ерліктің ерен үлгісін көрс еткен батыр «Еңбек Қызылту», II дәрежелі «Отан» ордендері мен «Жеңістің 50 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары сияқты бірқатар марапаттың иесі атанған. Бүгінде кіші ұлы Сапардың қолында отырған қария Байзақ ауданы, Жетібай ауылында тұрады. Көзінің оты сөніп, аяғы жүруден қалған ақсақал мүгедектік санаты берілсе, дәрі-дәрмек пен емдеу ісі тегін жүргізілер еді дейді. – Соғыс ешбір ұлттың басына бермес қасірет. Халқымыз Ұлы Жеңіске жеткізген жеңімпаздарын ұмытпаса екен дейміз. Өкініштісі, қоғам соғыс ардагерлерін тек Жеңіс күні қарсаңында ғана іздейді. Соңғы уақыттары денсаулығыма байланысты қиындықтар туындап, арнайы ем-дом алу ісі қолжетімсіз болды. Оның үстіне дәрігерлерге барып-келу жағы күн сайын қиындап барады, – дейді ардагер. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, мейрам қарсаңында төленетін бір реттік сыйақыдан бөлек Ұлы Отан соғысы қатысушыларының ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері 220 мың 754 теңгені құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде аталған санатта 161 адам тіркелген. Сондай-ақ, аталған министрліктің ресми мәлімдемесінде: «Ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары ретінде салық салу бойынша жеңілдіктер жүзеге асып, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі және санаторийлік-курорттық емдеу ұсынылады», делінген. Алайда, Рақымжан Мамыралиев соңғы жылдары мейрам қарсаңында белгіленетін курорттық демалыстан бөлек ешқандай медициналық жәрдем ала алмаған. Ал, ұлы Сапардың айтуынша, әкесі тұрғылықты жері бойынша қалалық аумақта тіркелген. Отбасының ондағы бір мақсаты – қала аумағынан баспаналы болсақ деген ниет. Өйткені, ардагердің күтімін келістіріп отырған отбасы бірнеше жылдар тұрғын үй кезегінде тұрып, әлі жеке баспанаға қол жеткізбеген. Осы уақытқа дейін Тараз қаласында туысқандарының көппәтерлі үйлердің бірінде тұрған ардагердің күнделікті жүріс-тұрысының қиындауына байланысты, сондай-ақ, арнайы күтуші қарастырылмағандықтан ауылдық мекенге көшірілген. – Ауылдық жерге көшуіміздің бір себебі – баспана жайы. Оның үстіне әкеміздің жүріп-тұруы қиындаған соң ауылға алдыртып, күтіп отырмыз. Екі ортаны жол қылып дәрігерге сабылтып жүру қарт кісі үшін қиын. Өзге жерде тіркелген соң, аудандық дәріханалардың қарамайтыны белгілі, – дейді Сапар Рақымжанұлы. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, өткен жылы Ұлы Отан соғысының мүгедегіне теңестірген 13 азаматқа санаторийлік-курорттық емдеуге жолдама берілген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган тарапынан 14 ардагерге коммуналдық кәсіпорындар арқылы жеңілдіктер қаралып, электр қуаты, газ, салқын су, қатты отын, канализация, ыстық су және жылуға 373,6 мың теңге көлемінде көмектер көрсетілген. Тек бұл санатта баспана жайы қарастырылмаған. Сапалы қызмет пен жайлы үйден үміт етіп отырған Рақымжан Мамыралиев төленген жәрдемақы мен баспана күтіп-бағып отырған келіні мен ұлына жәрдем болар еді дейді. Жеңістің жетпіс тоғызыншы көктемін асыға күткен ақсақал мереке мезіретінде денсаулық жағдайына байланысты мәселе оң шешімін тауып, баспана жайы реттелсе екен деген ақжолтай тілегін жеткізді.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар