Президент кеңесшісі БАҚ өкілдерімен кездесті
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысқа жұмыс сапары барысында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында Мәлік Нұржанұлы ел аумағында орын алып отырған апатты жағдайдағы облыстар халқына көмек қолын созған жамбылдықтарға Президент алғысын жеткізіп, жергілікті БАҚ саласына қатысты мәселелерді тыңдады. Кездесуде алғаш сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов елдегі баспасөз қызметінің жайы көңіл көншіте бермейтіндігін айтып, баспасөздегі жазылым жайында сөз қозғады.
Сонымен қатар, «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы медиа холдинг жұмысына тоқталып, жазылым барысында туындап отырған бірқатар мәселелерді шешу бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайында айтты. Соның ішінде медиа холдинг құрамындағы газеттердің тұрғындарға жеткізілуі барысында «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен «Kaspi Bank» компаниялары өзара мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, бірлескен жұмыс жүргізу керектігін айтты.
– Бүгінде «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында жүз жылдан астам тарихы бар «Aq jol», «Знамя труда» газеттері мен «Ar-ai» жастар газеті, «Jambyl info» ақпараттық агенттік жұмыс атқарады. Аталған басылымдар жыл басынан бері «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы жазылымды жолға қойып, елімізде тұңғыш рет «Halyq Bank» арқылы жазылымды жүзеге асырды. Дегенмен, өңір тұрғындарына газеттің уақытылы жеткізілмеуі айтарлықтай қиындық туындатып отыр. Өйткені, аталған қосымшалар арқылы жазылым жүргізген оқырмандардың төлем түбіртегі алдымен медиа холдинг шотына түсіп, содан әрі «Қазпошта» мекемесіне жолданады. Осы ретте аталған банктер мен «Қазпошта» арасында интеграция жолға қойылса, мәселе оңынан шешілер еді, – деді ол.
Өз сөзінде Мәлік Нұржанұлы елдегі баспасөз жайы Президенттің тікелей бақылауында екенін жеткізіп, Парламент Мәжілісінің қабырғасында талқыланып жатқан БАҚ туралы заңның маңыздылығына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы медиа саласына баса назар аударып отыр. Оның ішінде, әсіресе, басылым жайы көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы ретте Президент тапсырмасы аясында алдағы уақытта жүз жылдан астам тарихы бар газеттерімізді мемлекет меншігіне қайтару ісі қолға алынбақ. Бұдан бөлек, Мәжіліс қабырғасында БАҚ туралы заң депутаттар талқысына түсіп, қаралу үстінде. Бұл сала қызметін алдағы уақытта бұдан әрі жандандыра түсетіні анық, – деді Мәлік Отарбаев.
Бұдан бөлек, басқосуда аймақтық «Taraz 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік сатып алудағы баға мәселесі, журналистердің жалақысы жайында ұсыныстарын жеткізді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды
- 7 қазан, 2024
Учаскелік референдум жұмысын қорытындылады
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді