Тағдыры бөлек, талғамы ерек Түгелбаев

Тағдыры бөлек, талғамы ерек Түгелбаев
ашық дереккөз
Тағдыры бөлек, талғамы ерек Түгелбаев

Тарихи Тараз жерінде небір ұлы адамдардың ізі қалды. Кезінде шайырлар мекендеген шаһардың топырағынан түлеген тұлғалар бүгінде көп. Ол танымал адамдардың көбісі тарихта айтылып та, жазылып та жүр. Солардың ішінде еленбей қалған таланаттар да бар. Сондай таланттардың бірі – Махамбет Түгелбаев. Ел оның атын білмегенімен, әнін көп тыңдады. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сен көріктісің» әнін әнші Саят Медеуов орындағанын жақсы білеміз. Бұл туынды оның ән әлеміндегі тағы бір жетістігі десек, жаңылыспаймыз. Сөзін жазған ұлы ақынды күллі қазақ білгенімен, әнін шығарған композиторды көпшілік біле бермейді.

Бұл кейіпкеріміз Таразда жүріп-ақ қазақ эстрадасын әсем әндерімен мойындатты. Ару Астанамыздың алқасындай жарқырап, жалпы жұрттың жүрегін жаулаған «Астана» әні баршаға аян. Эстрада әншісі Алтынай Жорабаеваның шырқауында елімізді шарлаған бұл туынды қалың тыңдарманға үлкен тебіреніс сыйлады. Әсем әннің иірімі де ерекше. «Жарқырап, жайнай берші сен Астана» деп өзінің шарықтау шегінде шырқалған шығарма көпшілік көкейін тесіп өткені шындық. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерге рухани патриоттық әсерін бере білген өміршең ән деп айтсақ қателеспейміз. Елордамызды асқақ әуенімен әлдилеген ән мен әнші бас шаһардың рухани символына айналды. Атақты Шәмші мен Ескендірдей артына есті ән, ескірмейтін мұра қалдырған шығармашыл тұлғаларымызды ұмыту ұрпаққа сын. Мойынқұм өлкесінде өмірге келіп, өмірінің соңына дейін Таразда тұрған Махамбет Түгелбаев талай әсем әндерді жазды. Жанына музыканы серік еткен композитордың шығармашылыққа деген талғамы биік еді. Оның музыкаға деген махаббаты мен шығармашылық әлемін түсінбейтіндер көп еді. Жергілікті әншілердің біразы Махамбет Түгелбаевтан ән алуға именетін. Өйткені, кәсіби композитордың шығармасын орындау олар үшін үлкен жауапкершілік. «Ходжейлиде бір қыз бар» атты рок жанрындағы шығармасына талай өнерпаз қызығушылық білдірген. Қызы Мақпал Махамбеттің айтуынша, бұл әнді электрлік гитарамен өзі шебер орындаған екен. Алайда, кәсібі ән жазу болғандықтан әншілікке құмартпаған. – Әкемнің әрбір бақытты сәті ән жазумен өлшенетін. Ол өмірде байлыққа, дүниеге қызықпады. Өте тағдырлы адам болды. Шығармашылыққа берілген кісілердің өмірі сондай шығар. Өз бөлмесінде жеке дара қалып, күні-түні ән жазумен айналысатын. Жақсы ән жазған күні үйімізде үлкен қуаныштың қоңырауы соғылатын. Жазған әндері жарыққа шықса, шаңырағымыз шаттыққа толатын. Өйткені, әкеміз бізді қаламақымен асырады. Ешкімнен кем қылған жоқ. Тіпті үйімізді де осы әндердің арқасында алды. Әйгілі әнші Мақпал Жүнісоваға арнаған әнінің баспаналы болуға пайдасы тиді,–дейді Мақпал Махамбетқызы. Сондай-ақ, ол өзінің есімін Мақпал Жүнісованың атымен атағанын айтты. Заманбек Нұрқаділовтің тірі кезінде белгілі эстрада жұлдызына арнап шығарған шығармасын тыңдатса керек. Бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдаған қос тұлға туынды авторына көмегін аямапты. Тараздағы 4 бөлмелі пәтерді де алып беріпті. Бұл жөнінде біз әйгілі әнші Мақпал Жүнісовамен де сөйлесуді жөн көрдік. Өзіне ән арнаған композиторды жақын танитынын жасырмады. –1999-2000 жылдардың кезі болу керек шамасы. Үйге бір кісі келді. Маған арнап ән шығарғандығын айтты. Зәкең ол адамды үйге кіргізіп, әнін тыңдап, қатты қуанды. Мені құрметтейтіндерге Зәкеңнің де ықыласы ерекше болатын. «Мақпал» деген әні үшін Махамбет марқұмға көмек беруден тартынбады. Сол жылдары Жамбыл облысына басшылық еткен Серік Үмбетовке хабарласып, көпбалалы өнер иесіне тегін пәтер беруін өтінді. Көп ұзамай үй алғанын, бір қызының атын Мақпал қойғанын да естідік. Мұндай өнер азаматтарын халқымыз құрметтей білу керек, – дейді Мақпал Жүнісова. Сондай-ақ, бұл кейіпкеріміз жайлы Саят Медеуов те өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, автордың «Сен көріктісің» әнін айтуға композитор Бағлан Омаров ықпал еткен. Бұған дейін халыққа Кенен Әзірбаевтің «Бозторғай» әнімен белгілі болған Саят Медеуов бұл ұсыныстан бас тартпайды. Қордайлық орындаушының қоңыр даусына үйлесе кеткен тың туынды көп ұзамай тыңдарман құлағына жетеді. 2003 жылдары хит әнге айналған «Сен көріктісің» әні әлі күнге дейін ел есінде. Сондықтан да, өміршең туындыларды дүниеге әкелген тұлғаларымыздың есімін де ұмытпайық.  

Нұржан ӘЛІШ

 

Ұқсас жаңалықтар