«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жемқорлар жүр жаныңда

Жемқорлар  жүр жаныңда
ашық дереккөз
Жемқорлар жүр жаныңда

Сыбайлас жемқорлық – қоғамда жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Сондықтан, оны жою, алдын алу жөніндегі шаралар әрқашанда өзекті. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссияның отырысында да бұл мәселе сөз болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы М.Қожабаев өз баяндамасында жемқорлықпен күрес баршаның ортақ ісі ғана емес, мемлекеттік лауазым иелерінің тікелей міндеті екендігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасына сәйкес облысымыздың іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Статистика бойынша өткен жылы 147 қылмыстық іс қозғалған, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 34-ке төмен. Ал тәртіптік құқықбұзушылықтар бойынша 196 дерек тіркелген, бұл 2013 жылдың деңгейінде қалған. Жалпы, 2014 жылы атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен, кенжелеп қалған тұстар да кездеседі. Мәселен, аталған іс-шара жоспарының бірінші тармағында тиісті жоспардың мәтінін мемлекеттік органдардың веб-сайттарында орналастыруды қамтамасыз ету белгіленген және интернет-ресурстарда «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» атты жеке бөлімдерді ашу тапсырылған. Бұл жұмыстар бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде атқарылмай отыр. Атап айтқанда, Шу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында және Тараз қаласы әкімінің ресми сайтында арнайы айдарлар мүлдем ашылмаған. Мұндай жағдай облыс әкімдігінің кейбір басқармаларының интернет-ресурстарынан да байқалады. Жоспардағы мемлекеттік орган өкілдерімен интернет конференциялар, тікелей желі жүргізу де назардан тыс қалып қойған. Мемлекеттік қызметшілерді шақырып орта оқу орындарында сабақтар жүргізу, білім беру жүйесінің педагогикалық қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта біліктіліктерін арттыру, олармен түрлі шаралар өткізу де тиісті деңгейде емес. Жұртшылықтың «Сенім телефоны» мен арнайы жәшіктерді пайдалануынан сенімсіздік байқалады. Өйткені, көпшілік шағымдарын ресми түрде жеткізеді. Сондықтан осы жұмыстарға жауапты мамандардың жауапкершілігін арттырған жөн. Жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік органдардағы ішкі бақылау қызметтерінің жұмысын жандандырып отыру көзделгенімен, мұнда да кемшіліктер кездеседі. Ішкі бақылау қызметінің бірден-бір міндеті бюджет қаражатын пайдалану кезінде құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу болып табылады. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу бойынша бірқатар заң бұзушылықтар әшкереленді. Бұл фактілерді прокуратура және қаржы полициясы органдары анықтағандығын ескерсек, ішкі бақылау қызметтерінің жұмыс тиімділігі қаншалықты деген орынды сауал туындайды. Кейбір жергілікті атқарушы орган басшыларының мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу кезіндегі жауапсыздығы, бөлінген қаржыны толық игеру үшін заң талаптарын елемеуі бюджет қаржысының ысырап болуына алып келуде. Мәселен, Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Т.Есқұлов өткен жылы жерасты суларының зерттелген қоры туралы мәліметтер жоқ болғанына қарамастан, ауданның үш ауылына су жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс өткізуге тапсырыс берген және оның жеңімпазымен келісім-шарт жасасқан. Демек, Т.Есқұлов орындалуы мүмкін емес келісім-шарт жасаған. Бұл –мемлекеттік сатып алу заңнамасының принциптерін сақтамау деген сөз. Мұндай ойға сыймайтын жағдайлар, Жамбыл (Ғ.Жетібаев – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы), Жуалы (Е.Сейтбеков – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы), Байзақ (Т.Қырғызбаев – жер қатынастары бөлімінің басшысы) аудандарында да орын алған. Комиссия отырысында Байзақ, Меркі аудандарының әкімдері М.Шүкеев, Б.Көпбосыновтың осы бағытта атқарылған жұмыстары жайлы баяндамалары тыңдалып, басқарма басшылары облыс әкімінің сауалдарына жауап берді. Жиынды қорытындылаған облыс басшысы алдағы уақытта кемшіліктерді жоюды қатаң ескертіп, нәтижесі бойынша бір апта ішінде облыс әкімдігі аппаратына жауап беруді тапсырды. Қорыта айтқанда, аталған салалық бағдарламаның орындалуына аса мән берілуі керек.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар