«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күрежолдың тазалығы күнделікті бақыланады

Күрежолдың тазалығы күнделікті бақыланады
ашық дереккөз
Күрежолдың тазалығы күнделікті бақыланады
Өңір тіршілігінің ғана емес, өміршең ел экономикасы үшін аймақ арқылы өтетін автожолдардың маңыздылығы қаншалықты жоғары болса, олардың сапасы мен санитарлық талаптардың сақталуы, қауіпсіздігі де соншалықты маңызға ие екені белгілі. Алайда, күнделікті тіршіліктің күретамырына айналған жолдардың бойында біз айтып отырған талаптар тиісті деңгейде сақталмай отыр. Аталған мәселеге орай, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен жиын өтіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді. Әуелі облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов аймақтағы жолдардың жай-күйін жіпке тізіп атап өтіп, туындаған мәселелерге де кеңінен тоқталды. Күрежолдағы ой-шұңқырларды жөндеу мәселелерінде де шикіліктер баршылық екен. Тиісті мерзімде шарт жасалмауынан кейбір аудандар облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға құлықсыздық танытқан сыңайлы. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру мәселесінде де Байзақ, Жуалы, Шу және Талас аудандарында белсенділік төмен. – «Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында іске асып жатқан Байзақ ауданында бір жоба бойынша және Талас ауданында екі жоба бойынша қаржы бөлінгеніне қарамастан, бағдарлама әкімшісі және экономика басқармасының келісімінсіз жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілген. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында іске асып жатқан Байзақ ауданындағы 6 жоба бойынша жарияланған конкурс негізсіз сатып алудан бас тартылған. Аталған жоба аясында іске асып жатқан Меркі ауданындағы 29 жоба бойынша техникалық қадағалаушымен 15,0 миллион теңгеге бір көзден тікелей шарт жасасқан,– деген басқарма басшысы жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуде Талас ауданы мүлде қаражат қарастырмағанын атап өтті. Аталған мақсатта Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Шу аудандарында да бөлінген қаражат бойынша шарт жасалмағанын жеткізді. Ал, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау мәселесі бойынша Т.Рысқұлов ауданы көш соңында тұр екен. Аталған ауданда шұңқырларды жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат қаралмапты. Өз сөзінде Мұрат Құттыбайұлы аймақ арқылы өтетін республикалық маңызы бар жолдардың бойындағы санитарлық талаптардың тиісті деңгейде сақталмайтынын нақты дәлелдермен жеткізді. Онда арнайы жол бойындағы әжетханалардың адам шошырлық жағдайы, жол қоршауларының қирағаны, жол белгілерінің құлағанынан бастап, бейберекет шашылған күл-қоқыстың көріністері де қамтылды. Өз сөзінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы өкілдері жол белгілеріне қатысты жөндеу жұмыстары биылғы жылы ақпан айында басталғанын, алдағы бір-екі айдың көлемінде толығымен аяқталатынын жеткізді. Сол секілді жол бойындағы қоқыс контейнерлерін жаңартуға да орындаушы «Қазсервис» кәсіпорны жауапты екенін айтты. Ал, жауаптылар контейнерлердегі қордаланған қоқыс жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының бейберекет қоқыс тастауынан болып отыр екен. Жиынға онлайн байланыс арқылы қатысқан Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сақатов ҚазАвтоЖол» өкілдеріне шағымын жеткізді. Айтуынша, аталған компанияның облыстық филиалы тарапынан тиісті жұмыстар уақтылы жасалмайды екен. Жол бойындағы қоқыстан бөлек, апатты жағдайдағы ағаштарды кесу барысында да тазалау жұмыстарына атсалыспайтынын жеткізді. Жиын соңында Қанатбек Қайшыбекұлы мәселеге экологтардың қатысуын да қамту қажет екенін ескертіп, күрежолдың тазалығы күнделікті қадағалануын тапсырды. Жауаптыларға арнайы кесте жасап, жол тазалығын жан-жақты бақылауда ұстауын міндеттеді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар