Сауапты да сауатты іс

Сауапты да сауатты іс
ашық дереккөз
Сауапты да сауатты іс
Қайырымдылық – асыл қасиет. Ауыр сынаққа тап болғандарға көмек беруде халқымыздың аянып қалмайтыны да елдің бірлігін көрсетеді. «Апат айтып келмейді» дегендей, қиын сәтте отандастарымызға қолдау көрсету – сауапты да сауатты іс. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше өңірін су басып, қиын жағдай қалыптасқаны белгілі. Осыған орай, біздің Әулиеата халқы шамалары келгенше қолдау көрсетіп, көмектерін аямауда. Су тасқыны болып жатқан аймақтарға жамбылдықтардың гуманитарлық көмегі жалғасуда. Бұл мәселені облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзінің бақылауына алып отыр. Кеше Тараз қаласындағы Орталық базардың аумағынан 17 «КамАЗ» жүк көлігі су тасқынынан зардап шегіп жатқан өңірлерге аттанды. Облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек аталған іс-шараның басы-қасында болып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірқатар мәліметтер берді. – Өздеріңіз көріп тұрғандай, қазір осы жерден 17 жүк «КамАЗ» көлігі жолға шығады. Әр жүк көлігінде 20 тоннадан азық-түлік, киім-кешек, ең қажетті заттар бар. Оның ішінде 7 «КамАЗ» көлігімен 140 тонна пияз жіберіп отырмыз. Бұл – Жамбыл облысы тұрғындарының су тасқыны болып жатқан өңірлерге гуманитарлық көмегі. Облыс әкімдігі жүк көлігінің шығынын көтеріп, ұйымдастыру жұмыстарына ғана атсалысып отыр. Бұйырса, аталған жүк көліктерімен жіберіліп жатқан көмек Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарына және Торғай өңіріне жеткізілетін болады. Жүк көліктерінің жолдағы қауіпсіздігін де мемлекеттік автоинспекторлар арқылы жүзеге асырудамыз. Бұл – облыс халқының сын сағаттағы қолдауы, бірлігі мен жанашырлығы, – деді облыс әкімінің орынбасары. Ал, осы жұмыстарды ұйымдастыруға жауапты «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» басқарушы директоры Еркін Жылысбек: «Біз облыс халқының осы ауыр жағдайда жұдырықтай жұмылып, көмек қолын созғанына қуандық. Тіпті, аты-жөндерін айтпауды өтініп, көмектерін беріп жатқан азаматтар да аз емес. Елдің ықыласы мен пейілі осы болса керек», – деді. Мұнан соң 17 жүк көлігі су тасқынынан зардап шегіп жатқан жеті аймаққа жол тартты. Осы орайда, біз бірнеше ауданмен хабарласып, гуманитарлық көмек көрсетудегі белсенділіктері жайлы сұрап білген едік. «Жамбыл ауданында барлық ауылдық округтер өздерінің белсенділіктерін байқатуда. Бұл істің басы-қасында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жүр. Оның ішінде ауқымды түрде көмектерін беріп отырған округтер де бар. Мәселен, Гродеково ауылдық округі 3 миллион теңге, Полатқосшы ауылдық округі 2 миллион теңге көлеміндегі азық-түлік, киім-кешек, қажетті заттар жинап берген. Біз «КамАЗ»-дарға тиеліп жатқан жүктердің арасынан Жамбыл ауданындағы Гродеково, Айша бибі, Төлеген Тоқтаров, Әкім Тарази атындағы орта мектептер жіберген қорап-қорап көмектерді де байқадық. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қарлығаштың қанатымен су сепкендей беріп жатқан көмегі қиындық кешіп жатқан азаматтарға күш беріп, судың зардабы ертерек тыйылса екен деп тіледік. Жалпы, Жамбыл ауданы бойынша 8 миллион 664 мың теңгенің көлемінде гуманитарлық көмек жиналып, жүк көліктерімен жөнелтілгелі жатыр», – дейді аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова. Мұндай қайырымдылық көмекті Талас ауданы да белсенді ұйымдастырып отыр. Ал, Жуалы ауданы 3 тонна ұн, 10 тонна картоп, 500 литр өсімдік майын, 15 мың дана қапшық, 100 дана күрек жөнелтсе, Қордай ауданы 3,7 тонна ұн, 2,7 тонна қант, 2,2 тонна макарон, 3,2 тонна картоп, 1,5 тонна күріш, 1,5 тонна сәбіз өнімдерін жүк көлігіне тиеген. Меркі ауданы Қостанай өңіріне 25 тонна азық-түлік, керекті заттар жібергенін айтса, Мойынқұм ауданы да бір «КамАЗ» гуманитарлық көмек жіберген. Жалпы, бұл іс-шараға барлық аудандар белсенді қатысып отыр. Жамбыл облысы тұрғындарының гуманитарлық көмегі алдағы уақытта да жалғасады. Ең бастысы – зардап шегіп жатқан аймақтардың ертерек қалыпқа келуі. Бұл барша – халықтың тілегі.  

Есет ДОСАЛЫ

Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар