Тараз құбырлары Отандық нарықтағы жаңа өнім
Қазіргідей құрылыс қарқын алған кезде оған қажетті материалдарға сұраныс артатыны белгілі. Шағын және орта бизнесті ұршықша иіріп әкеткен азаматтар осыны жіті түсініп, құрылысқа қажеттің бәрін өзіміздің өңірден шығаруға бет бұрды. Бұл, біріншіден, халықты жұмыспен қамтуға жол ашса, екіншіден, жергілікті бюджетке қомақты қаржы түседі. Үшіншіден, жақыннан алған өнімнің бағасы да арзан. «Тараз құбыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылы 10 тамыз күні өңірде Индустриялық-инновациялық даму және «Ақбұлақ» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Байзақ ауданынан ашылды. Өндіріс орны 2013 жылдың 28 мамырында Тараз қаласына қоныс аударды. Полиэтилендік құбырлар, фитингтер, газ және тамшылатып суару құбырларын өндіретін зауыт жобасын жүзеге асыруға 2 миллиард 424 миллион теңге жұмсалды.
Өзін директордың өндіріс жөніндегі орынбасары деп таныстырған Ғалымжан Райымов деген жігіт бізді өндіріс орнына бастады. Үлкен ғимараттың табалдырығын аттадық. Мұнда бар-жоғы төрт адам жұмыс істеп жатыр. Ауысымның аға шебері Нұрлан Тәжібаев жұмыс барысын жіті қадағалауда. Қадағалап қана қоймай, дөңгеленіп шығып жатқан полиэтилен құбырларды мөлшеріне қарай орналастырып жатқан әріптестеріне де қолғабыс тигізіп қояды. Слесарь Сали Ахметовтің өз кәсібіне әбден машықтанып алғанын бірден аңғардық.
– Бұл – Қытай-Германия бірлескен кәсіпорнының құрылғылары. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жұмыстың 90 пайызы автоматтандырылған. Осы үлкен өндіріс орнында 30-ға жуық адам еңбек етеді. Жұмыс төрт ауысымда жүреді, тәулік бойы тоқтамайды. Қазір 1200 метр әртүрлі құбыр тұтынушыларға жөнелтуге дайын тұр, – деді Ғ.Райымов.
Диаметрі 20-дан 450 миллиметрге дейін шығарылған құбырлардың негізгі тұтынушысы облыс кәсіпорындары мен шаруашылықтары болып шықты. Дәл осындай диаметрде газ құбырлары да шығарылып жатыр. Әлбетте, өндірілген өнімнің өткерілгені жақсы. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Нұрлан Тұрмағанбетов: «Зауыт өнімі облыстан тысқары жерлерге де шығарылады. Мәселен, Алматы, Қарағанды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да тұтынушылары бар. Біздің жұмыс шағын және орта бизнеспен тығыз байланысты ғой. Көбіне осындай өндіріс орындарында боламыз. Осында жолым түскен сайын байқайтыным жұмыс ырғағы бір тоқтамайды», – деді.
Өнім өндірген соң, оның сапасы басты назарда болуы тиіс. Полиэтилен газ құбыры мамандардың мәліметіне қарағанда, қоршаған ортаға зиянсыз, ауа райының қай мезгіліне де шыдамды, 50 жыл бойы қызмет көрсетеді екен. Құрастыру жұмыстары да арзан, оның үстіне жөндеуді қажет етпейтін көрінеді. Қыста көгілдір отын қатып қалмайды. Полиэтилен құбыр отандық нарықта жаңа өнім саналады. Металдан жасалған құбырларды нарықтан ығыстырып шығарған жаңа құбыр орта және төмен қысыммен газ жүретін желілерге тартылады. Ал су жүретін осындай құбырдың қызмет көрсету мерзімі – 100 жыл. Экологиялық және гигиеналық жағынан қауіпсіз. Басқа металдардан жасалған құбырларға қарағанда құрастыру жұмыстары тез әрі жеңіл жасалады. Су да бұзылмайды. Тамшылатып суаруға арналған құбырдың да пайдасы зор. Су да, электр қуаты да бірнеше есе үнемделеді. Бүгінде осы өндіріс орнынан шығып жатқан мұндай өнімнің игілігін егінмен айналысатын, бау-бақша өсіретін жеке шаруашылық құрылымдары көріп жатыр. Зауыт өнімін жылу және кәріз желілеріне де пайдаланады.
Оңтүстік Кореядан 25 килограмдық қаппен түйіршік түрінде жеткізілетін шикізат қымбатқа түседі, әрине. Осыдан барып, өнімнің қымбат болатыны заңды құбылыс. «Жеріміздің асты тұнып тұрған байлық қой, шикізат өзіміздің өңірде немесе кең-байтақ еліміздің қай түкпірінен болсын шығып жатса ғой. Онда біз өндіретін құбырдың барлық түрі арзан болар еді. Оның үстіне қызметкерлеріміздің жалақысын еселеп арттырар едік», – дейді директордың орынбасары.
Жөн сөз. Түртіп қалсаң кені шығатын жер астында не жоқ дейсіз? Күндердің күнінде өнертапқыштарымыздың бірі полиэтилен құбырын «мына құмнан немесе мына тастан шығаруға болады» дейтін кез де келер. Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол». Тараз қаласы. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді