«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талапты ауылында тазалық бар

Талапты ауылында тазалық бар
ашық дереккөз
Талапты ауылында тазалық бар

Ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиналыстары басталып, ол жер-жерде қызу жүргізілуде. Сондай жиынның бірі – Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында болып өтті. Оған ауыл тұрғындары көп жиналды. Жиналысты ауыл әкімі Анар Ахметова ашып, 2014 жылы атқарған жұмысы туралы баяндама жасады.

Округте 2 елді мекен, 17 көше, 792 аула, 2 орта мектеп, бір-бірден ауылдық клуб, медициналық пункт, 12 дүкен бар. Тұрғын саны – 4392 адам. Округ бойынша 125 шаруа қожалығы тіркелген. Онда мал саны, мүйізді ірі қара 1108 бас, уақ мал 5816 бас, жылқы 262 басты құрайды. Өткен жылдары «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3 шаруа қожалығы 133 бас сиыр, 7 бас асыл тұқымды бұқа алса, «Құлан» бағдарламасымен Талапты ауылының тұрғыны Еркінбек Дәуітов 4 миллион 800 мың теңге алып, асыл тұқымды жылқы басын арттырып отыр. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Талапты ауылындағы орталық көше жарықтандырылды. Бауыржан Момышұлы көшесі қиылысындағы жол жөнделіп, екі көпір қойылды. Алда Көлбастау-Талапты бағытындағы 7 шақырым жол жөнделмек. Ауылдың бас жоспары жасалғалы жатыр. Одан өзге де мәселелер кезек-кезегімен атқарылмақ. Жиында Анар Садыққызы тазалық мәселесіне ерекше тоқталды. Өйткені, ол басқарып отырған округ өткен жылы «Ең таза ауыл, ең таза округ» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алған-ды. Сол үрдісті биыл да өз жалғасын табатындығын айтып, оған ауыл тұрғындарын көп болып жұмыла атсалысуға шақырды. Басқосуда жарыссөзге ауыл имамы Әзілхан Балданбаев, Рахман Мырзахметов және Мейірхат Махамедовтер шығып, ауылда көшені жарықтандыру, жол жөндеу, көпір салу, көшені қардан тазалау жұмыстарының уақтылы атқарылғанын жеткізіп, ауыл әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Жиын барысында көптеген сұрақтар қойылды. Сұрақтардың дені ағын су, жол жөндеуге қатысты. Ол сұрақтарға Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Анар Ахметова жан-жақты жауап беріп, жиналысты қорытындылады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ. журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар