Кітаптың көркем әлемі
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасында ақын, Алаш қайраткерлерінің бірі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай, «Кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдің мақсаты – ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ойлауы терең, мәдениетті, парасатты, бәсекеге қабілетті, еңбеққор ұрпақты кітап оқу арқылы тәрбиелеу. Кітапты сүйе білуге, кітапты қадірлеуге баулу.
Жас ұрпақтың танымдық қабілеттерін, дүниетанымы мен талап, талғамын қалыптастыруда, рухани байлығын, өмірге көзқарасын, ой-өрісін дамытуда ең негізгі тәрбие құралы – кітап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «...Кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады» деген болатын биыл Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдағы өз сөзінде.
Дөңгелек үстелге «Аq jol» газетінің тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер Үміт Битенова мен Тараз өңірлік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Клара Бұзаубақова шақырылды. Қонақтар студент жастарға әдебиетіміздің көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіров туралы, ақынның өлмес мұралары, артында қалған көркем шығармалары жайлы, жалпы кітапқұмарлықтың пайдасы, кітап оқудың адам дамуындағы маңызы мен мәні туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Студенттермен ашық сұхбат, тартымды пікірталас ұйымдастырылған іс-шара барысында ақын Үміт Битенова өз өмірі мен шығармашылығында тұлға болып қалыптасуына кітап оқудың әсер еткен ықпалын баяндап, қызықты естеліктерін ортаға салды. «Ғылым неден бастау алады?», «Ғалым болудың сыры неде?» деген сияқты көптеген сұрақтар төңірегінде сөз өрбіткен профессор Клара Бұзаубақова кітапқа деген құрмет пен қызығушылығын ең алғаш рет отбасында ата-анасының оятқанын, ғылым жолында көп ізденіс пен адал еңбектің арқасында нәтижеге жеткенін нақты кешкен мысалдармен түсіндірді.
Кешті ұйымдастырушы, «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Лескүл Ибраимова және «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының І-курс студенттері де қызықты тақырыптарды тілге тиек етті. Сондай-ақ, болашақ мұғалімдер арасында жас талапкер ақындар да бар екен. Олар іс-шараға арналған өз өлеңдерін оқыды. Ибақ Құралайдың «Тұлға атам – Ілияс», Орынбасар Айгерімнің «І.Жансүгіровке арнау», Иманалы Аяжанның «Кітап – асыл қазына» атты шығармалары көпшілік көңілінен шықты.
Курстың талантты студенті Айғаным Смағұл модераторлық етіп, жан-жақты шеберлікпен жүргізген дөңгелек үстелдің қонақтары өнегеге толы кеш соңында жастарға өз кітаптарын сыйға тартты.
Гүлсім ДӘУЛЕШ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді