Мал өнімінің көлемі артып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен кезекті брифингте Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы, округ аумағында 790 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 700-і жеке кәсіпкерлікпен айналысса, 90-ы шаруа қожалығы ретінде тіркелген. Осыған орай, ауылда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді. Жыл басынан бері өндірілген ет көлемі 0,18 пайызға, сүт өнімі 0,7, жұмыртқа 20 пайызға артқан. Округте 13 мың мүйізді ірі қара, 26 064 қой-ешкі, 2607 жылқы, 157 түйе мен 7032 үй құсы бар. Алдыңғы жылға қарағанда мал саны 40 пайызға өсті.
Өткен жылы округтің 9 азаматы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 миллион 380 мың теңгеден қайтарымсыз грант алды. Оның екеуі мал шаруашылығымен айналысса, қалғандары құс шаруашылығын, мал етін, бие сүтін өндіруді қолға алған. Шағын асхана, тігін шеберханасын және дәнекерлеу цехын ашып, кәсібін бастағандар да бар. Сондай-ақ, 6 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Аудан орталығында өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың негізгі бөлігі сұлулық салонында, дәріханалар, сауда дүкендері, жанармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету стансалары, дәмхана сияқты дамыған коммерциялық нысандарда жұмыс істейді. Өткен жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларын жүргізу жоспарына сәйкес, 18 адамға ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама берілсе, оның екеуі тұрақты жұмысқа орналастырылды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 60 азамат жұмыспен қамтылды, – деді Рүстем Бәкенұлы.
Баяндамашының айтуынша, 2023 жылы орталық ауруханаға ішінара (жылу жүйесі, су құбыры және электр жарығына) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде аудан тұрғындарына 46 дәрігер сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Ауылдық округте 3 мектеп, 5 қосымша білім беру мекемесі, 2 балабақша және 1 колледж жұмыс істеп тұр. Бір мәдениет үйі мен бір кітапхана халыққа мәдени қызмет көрсетуде. 2015 жылы аудан орталығында пайдалануға берілген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, бокс, баскетбол, волейбол, футбол, көгалдағы хоккей сияқты спорт түрлерімен шұғылданушылар саны артып келеді. 2021-2022 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, сыйымдылығы 80 орындық Б.Момышұлы атындағы орталық стадионда үлкен футбол алаңы, 1 кіші футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңшалары мен стритворкаут орналасқан. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы, жалпы құны 167 миллион 821 мың теңгеге 8 көшеге асфальт жабындысы төселді. Аудан орталығында сыйымдылығы 3000,0 текшеметрді құрайтын екі ауыз су жинақтайтын қойма бар. Ауылдағы 49 көше толық орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр ауыл жастары мен еріктілер жеке кәсіпкердің демеушілігі және «Шапағат» қорының қаржылай көмегімен бір көпбалалы отбасының үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайырымдылық жасады.
Жалпы алғанда, Мойынқұм ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, тиімді экономикалық өсімді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді