Тиісті тапсырмалар берілді
Көктем келіп, күн жылына салысымен алты ай қыста қатқан мұз, қар еріп, су тасқынының қаупі төнетіні бесенеден белгілі. Тіпті, оның елге тигізіп жатқан зардабын су алған аймақтардан көріп те отырмыз. Өткен жылы ғана су тапшылығынан көптеген шаруалар шығынға батып, төккен тердің өтеуін ала алмағаны да есте. Су айтып келмес апат емес, тіршілік нәрі болсын деген мақсатта облыс басшылығы каналдардың жағдайын назарға алды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жақында ғана таңертеңгісімен Тараз қаласындағы бірқатар су жүйесін аралаған болатын. Ондағы жағдаймен танысып, көпірлердің су өткізу мүмкіндіктерін тексерді. Аймақ басшысы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын «Түйте» каналының түбін тазалау, айналасын реттеуге баса назар аударып, «Қарасу» каналының жағалауын тазалауға да көңіл бөлді. Судың ағысын бөгейтін қоқыстар мен тал- дарақтан арылту тіршілік нәрін қажетті жерге жеткізуге де әрі елдің қауіпсіздігін қамтуға да қажет.
– Бұл шаралар өз кезегінде көктемгі кезеңде судың көп мөлшерінің келуіне, жаз айларында ылғалдың қажетті аумақтарға жетуі және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де аса маңызды. Осы және өзге де су жүйелерін, арықтарды тазалау, олардың су өткізу мүмкіндігіне тұрақты талдау және бақылау бойынша қала басшылығына нақты міндеттер жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеке қадағалауда ұстайтын боламын. Сонымен қатар, облыс бойынша жалпы сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарына жан-жақты көңіл бөлінеді. Бұл іске өңірдегі барлық мекемелер мен бизнес өкілдерін, қала тұрғындарын да белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Каналдарды аралап, судың жайына назар аударған облыс басшысы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Тараз қаласының ирригациялық жүйесінің тозығы жеткені бұған дейін де қозғалып келген мәселе. Жиі көтерілгенінің нәтижесінде шағынаудандардағы көміліп қалған арықтар аршылып, көзі бітелген көпірлер тазартылып жатыр. Осындай жұмыстар арқылы көлбеу суды ысырап етпей, жазда шаруашылыққа пайдалануға мүмкіндік туады. Себебі, көктемде қуалай аққан су қаладағы үлкенді-кішілі каналдарға құйса, бей-берекет ағып, жолдарды лайлап, жұртты да әбігерге салмайды.
Бұдан да басқа тараздықтар жиі айтатын жағдай – түнгі жарықтандыру. Биыл Тараз қаласының он шағын ауданындағы аулалар түгел түнгі жарықпен қамтылатынын естідік. Алдағы екі жылда көне шаһардың барлық көпқабатты үйлерінің аулалары жарықтандырылады. Облыс әкімі қаланы түнде аралағанында да Тараз қаласының әкіміне біраз тапсырмаларды жүктеген болатын.
Биыл Тараз қаласындағы бұрылыстармен қоса есептегенде 76 көшенің жарықтандырылуы жүзеге асырылмақшы. Келе сі жылдың жоспарына 120 көше мен бес шағынауданның аулаларын жарықтандыру кіріп отыр. Сонымен қатар, облысымыздағы моноқалалар мен аудан орталықтарын да түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі де тұрғындардың қауіпсіздігі мен халыққа жайлы орта қалыптастыру үшін аса маңызды дейді облыс әкімі.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Той тағылым мен талғамды тоғыстыру керек
- 10 желтоқсан, 2024
Қатар сапары: Президент Доха форумына қатысты
- 10 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді