Қанағатшыл кедей

Қанағатшыл кедей
ашық дереккөз
Қанағатшыл кедей
Ерте заманда бір кедей ғұмыр кешіпті. Ішерге асы жоқ, өте жарлы кісі екен. Әйелі бір күні оған «Бүгін де аш жататын болдық. Ертең мына алашаны сатып, жейтін бірдеме әкелмесең болмайды», – депті. Ертеңіне кедей базардың шетінде алашасын жайып қойып отырыпты. Әркім келіп, саудаласып жатыр дейді. Кедей «Өз бағасы бес-алты мың шамасында. Мың теңге берсеңіз болады», – депті. Алымсақ кісі «Сен қандай адамсың өзі! Мұныңды екі жүз теңгеге де ешкім алмайды. Берсең, бес жүзге бер, бермесең қой!» – деп айқайлап шығыпты. «Мейлі, алыңыз», – дейді кедей. Кедей сол 500 теңгесіне де риза болып, қуанып келе жатса, алдынан қайыршы жолығады. Қайыршы «Әй, мұсылман бауырым, үш күн болды, нәр татқаным жоқ. Маған бірдеме бере аласың ба, Алла разылығы үшін?», –дейді. Кедей қолындағы бүтін бес жүз теңгені қайыршыға ұстата салады. Үйіне жақындап қалған кезде кедейдің әйелі алдынан шығады да «Базар қалай болды? Не әкелдің?» – деп сұрайды. Кедей «Ештеңе әкеле алмадым. Бір адам үш күн бойы тамақ жемеген екен. Ақшамды соған беріп қайттым», – дейді. Сонда әйелі: «Дұрыс болған екен. Бұл – үлкен сауап қой. Біз кеше таңертең ғана тамақ жедік қой, ертеңге дейін шыдайық. Ертең қалған заттарды сатып, азық қылайық», – дейді. Күйеуі «Не сатсақ екен?» – деп ойланып кетеді. Әйелі «Екеуміз алғаш үй болған кезімізден мына бір ыдыс- аяқ қалып еді», – дейді қимай, қинала сөйлеп. Күйеуі үндемей қалады да: «Амал нешік, қанша қимас зат болғанмен, бәрібір тамақ керек қой. Алла бұйыртса, мұндай ыдыс- табақтардың талайы болар бізде әлі», – дейді. Кедей ертеңіне үйіндегі ұсталған ыдыстарын сатқалы базарға барады. Тағы біреу мың теңгеге заттарын сатып алып кетеді. Ақшасын алып, қуанып келе жатқан кедейге кешегі қайыршы тағы жолығады «Ей, бауырым, кеше сенен алған ақшамен жүрегімді жалғаған едім, бүгін ештеңе таба алмай тұрмын. Ақшаң болса, тағы бір қарайлассаң қайтеді», – дейді. Кедей «Міне, мына ақшаны алыңыз, маған қалғаны да жетеді» деп, бес жүз теңгені береді. Қайыршы риза болып жөніне кетеді. Кедей «Үйге не апарсам екен?» деп ойлайды. Сөйтсе, жолдың жиегінде балық сатылып жатыр екен. Сатушы кісі кедейге: «Бауырым, балық сатып алмайсың ба бала- шағаңа!», – дейді. «Алсам, алайын» деп, балықтардың біреуін таңдайды. Сатушы: «Жоқ, оны емес, мынаны алыңыз, осы жақсырақ» деп, көлемі кішілеу, бірақ салмағы өте ауыр балықты шығарып береді. Кедей бес жүз теңгеге әлгі балықты сатып алады. Сатушы: «Рақмет, саудамызды жүргіздіңіз», – дейді. Кедей «Алла біздерге осы саудамызды қайырлы, берекелі етсін!», – деп үйіне қайтады. Әйеліне «Кешегі кісі тағы да қайыр сұрады. Оған ақшамның жартысын бердім, қалғанына балық алдым», – дейді. Әйелі «Жақсы болған екен. Ол бейшара да қайбір жетіскеннен сұрап жүр дейсің. Алла саған сауаптан жазсын! Сен демала тұр, мен мына балықты пісіріп жіберейін», – деп ас үйге кетеді. Бір кезде әйелі «Жома-а-арт! Жома-а- арт!» деп айқайлайды. Күйеуі жүгіріп барса, әйелінің қолында қымбат бағалы гауһар тастар. «Мына балықтың ішінен шықты», – дейді әйелі. Күйеуі «Тоқта, тоқта, бұл біздің дүние емес. Балық сатушы кісінікі болар! Иесіне қайтарайын», – деп базарға қарай жүгіреді. Келіп, сатушыға «Мынау маған сатқан балығыңыздың ішінен шықты. Сізге қайтарайын деп алып келдім», – дейді. «Жоқ, бұл біздің балығымыз емес, теңіздің балығы. Сондықтан, мұның иесі – бір Алла ғана. Бұл – саған Алланың берген сыйы ғой», – дейді сатушы. «Жоқ, аға, жартысын сіз алыңыз. Екеумізге де жетеді», – дейді кедей. «Ниетіңе рақмет, бірақ менің өз еңбекақым өзіме жетеді. Бұл балықта менің ешқандай да ақым жоқ», – дейді сатушы. Кедей үйіне қарай кетеді. Жолда аса қымбат машинаның ашық тұрған терезесінен бір шалды көреді. Оның түрі өзі күніге садақа беріп жүрген қайыршыға қатты ұқсайды екен. Шал да бұған қарап күлімдеп, машинаның терезесін жайлап жауып қояды. Кедей түкке түсінбей үйіне келеді. Әйелі алдынан шығады «Иесіне бердің бе?», – дейді. «Жоқ, мұның иесі – бірінші Алла, екінші біз болып қалдық. Мұның бағасы қанша екенін білмеймін. Бірақ, бұған өте көп нәрсе келетіні анық. Бұған біз ыдыс- табақ та, қымбат-қымбат алаша, кілемдер де, тағы да көп нәрсе ала аламыз. Біз, бұйырса, кедейліктен құтыламыз. Енді сен байдың әйелі боласың!» – дейді. Әйелі «Болып жатқан жағдайларға қарап, түс көргендей әсердемін», – дейді қуанып. Күйеуі сонда: «Өмір деген де көзді ашып-жұмғанша ғайып болатын түс сияқты нәрсе ғой, бірақ сол қысқа өмірде Алла адамға дәулет беріп те сынайды. Дүниесін алып та сынайды. Қиыны – беріп сынағаны. Біз жоқшылықта сыналдық. Енді баршылықтың сынағы алда сияқты. Одан аман өту оңай емес. Осыған дайын болайық», – депті.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар