Түйсік пен таным туындысы

Түйсік пен таным туындысы
ашық дереккөз
Түйсік пен таным туындысы
Кітап оқу бүгінде жастар арасында біртіндеп трендке айналып келеді. Бірақ осынау қазыналы әлемге сапар шеккенде әр оқырман кітап оқудың да түрлі техникалары мен әдіс-тәсілі бар екенін сезіне түседі. Мұнда, әсіресе, оқырманның жазушы идеясы шеңберінен тыс ой қалыптастыра алуы аса маңызды. Бұл туралы Шерағаң: «Кітапты көп оқу, әрине, байлық, әрине, қазына. Бірақ ол басқаның басынан туған ой, байлық пен қазына ғой. Өз басынан, өз ақыл-ойынан, сол оқырманға қосары бар ма?» – дейді. Демек, әдеби шығармалардың қай-қайсысы болсын үлкен ынта мен зейінді қажет етеді. Осыншалық ынтызарлық тудырып, оқырманын қиял әлеміне жетелей жөнелетін шығарманың бірі – Пауло Коэльоның «Алхимик» романы. Қазіргі қазақ жастарының қолынан түспейтін Латын Американдық әдебиеттің жауһары астарына талай сырды жасырған десек те болады. Өйткені, шығармада өткен ғасырдан бастау алатын персонализм мен экзистенциализмнің белгілері исламият пен христиандық таныммен, шығыстық пәлсапамен шебер үйлесім табады. Туындыда автор әу бастан Нарцисс туралы аңызды баяндап, Оскар Уайльдтің «Дориан Грейдің портретіне» сілтеме жасау арқылы оқырман санасына сигнал тастайды. Демек, бұл дегеніміз – шығарма кейіпкері кездейсоқ таңдалмағанын білдіреді. Тіпті, романдағы бас кейіпкер Сантьягоның да Э.Хемингуэйдің күрескер қаһарманымен астасып жатпағанына кім кепіл дерсің... Осы күдік-күмән шығарма желісі қоюлана түскен сайын арта береді. Өйткені, мұндағы қойшы Сантьягоға жол көрсетіп, жөн сілтейтін Мельхисидек патша да христандардың қасиетті кітабы саналатын «Інжілде» әділеттілік символы ретінде бейнеленді. Ал, туындыға арқау болған алхимия ілімі түбін сонау ислами танымнан, сопылық ілімнен тарқатады. Оқиға желісі бойынша бүгінгі Испанияның Андалуссия мекенінде аздаған қойын алдына салып қарапайым ғана қоңыртөбел тіршілік кешетін Сантьяго күндердің күнінде түсінде Египет пирамидаларының түбінде жасырылған қазынаны көреді. Осы түсі бірнеше күн маза бермей жүрген жігітке Мелхисидек патша жөн сілтеп, алыс сапарға шығуына себепкер болады. Жол-жөнекей талай қауіп- қатерге ұрынып, ұрыға жем болып, тауы шағылған Сантьягоға үнемі кәрі патшаның «Жүрегіңді тыңда» деген тәмсілі қуат беріп, алға жетелейді. Осы арқылы автор адам баласының өмірі сан тараулы екендігін, қиралаңы мен бұралаңы көп жолда болмыстың сан қыры ашылып, түйсік пен танымның айқындала түсетіндігін баса айтқысы келеді. Дегенмен, жазушы идеясы Сантьяго мен Алхимиктің кездесуінде анық байқалады. Орта ғасырда қорғасынды пәлсапа тасы арқылы алтынға айналдыратын алхимия ілімі Орта Азиялық дүниетанымның тұтқасына айналып, тіпті, кейіннен Еуропада экзистенция ғылымының алғышарты ретінде танылды. Бұған Әл-Ғазалидің «Кемел адамы», Абайдың «Толық адамы» мен Ф.Ницщенің «Асқақ адамы» арасындағы рухани байланысты мысалға келтіруге болады. Яғни, алхимия бойынша қорғасынды адам деп елестетсек, онда оның әлеуметтік ахуалынан тәуелсіз түрде өзін даму жолына арнап, алтынға айналуына толық мүмкіндігі бар. Осылайша, адам баласы сыртқы фактор мен қоғамдық қысымның ықпалынан сытылып шығып, мақсат-мұратына жетелейтін өмір жолын қалыптастыра алмақ. Даралық пен тұлғалықты ту еткен шығарма өткен ғасырдың соңында жазылған ең таңдаулы туындыларының бірі саналады. Аталған роман әлемнің 117 тіліне аударылып, Бразилия әдебиетінде сатылымы жағынан бірінші орынға шыққан. Бұл XX ғасырдың аяғында рухани кризисі анық байқалған қоғамның үлкен жетістігі еді...  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар