Атағы алысқа кеткен «Ақ тілек»

Атағы алысқа кеткен «Ақ тілек»
ашық дереккөз
Атағы алысқа кеткен «Ақ тілек»
Тараздық Қалия Сейітхалыққызының «Қызыл қайнар», «Далам менің», «Жүрегім» және басқа әндері тыңдарманның көңілінен өз орнын ойып алған. Бүгін біз өнер иесінің елге кеңінен таныс «Ақ тілек» әнінің тарихына тоқталамыз. Қалияның «Әкеме» атты алғашқы әні 1970 жылы жазылғанымен, кейіннен жоғары білім алып, тұрмыс құрғанда біраз жылдар шығармашылығында үзіліс болыпты. Әкесі Сейітхалық Орманов ұзақ жыл кеңшар директоры болған, іскер азамат болған екен. Шаруашылықтың сан тарау жұмысынан уақыт тауып, балаларына да көп көңіл бөлген. «Осы қызым бір жерді жарып шығады» деп Қалияға үлкен сенім артып, болашағынан үміттенген. Тұңғыш әнінің өміріндегі ең қымбат адамға арналуы заңдылық шығар. Осы ән 1970 жылы облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газетінде нотасымен жарық көрген. Ұзақ жылдар бойы үзілістен кейін 1993 жылы облыстық «Jambyl» телеарнасына музыкамен көркемдеуші болып жұмысқа қабылдануы Қалия Сейітхалыққызының екінші тынысын ашқандай болды. Телеарнаның сол кездегі директоры Елен Әлімжанның да композиторды түсініп, қолдау бергенін, шабытына қанат бітіргенін айта кетуіміз керек. Қалия осында еңбек ете жүріп, «Ақ тілек» сазды- музыкалық бағдарламасының ашылуына ықпал етеді. «Ақ тілек» бағдарламасының ажарын ашатын ән жазуды ойластыра жүреді. Осы ойдың жетегінде жүргенде жас ақын Айзат Сағындықовамен танысып, шығармашылық байланыста болады. Ойында жүрген жоспарын Айзатқа жеткізгенде, ақын қыз қуанып кетіп: «Олай болса, сөзін мен жазайын» депті. Осылайша, бір аптаның ішінде сөзі де дайын болып, Қалия жазған әнге үйлесе кетеді. Махаббаттың көліне қос аққу кеп қонса екен, Махаббаттың айдыны мәңгі тұнық болса екен, – деген жолдары жүрекке жетсе, қайырмасындағы: Бір-біріңе бақыттың гүлін сыйлап өтіңдер, Жұп жазбастан бірігіп, мұраттарға жетіңдер, – деген жыр тармақтары тыңдаған жанды бейжай қалдырмайтыны анық еді. «Ақ тілек» әні осылайша, 1993 жылдың соңына қарай өмірге келіп, еліміздің барлық аймағын шарлап кетті. Облыстық телеарнадан жиі шырқалып тұрды. Арада 31 жыл өтсе де, кез келген ортада бұл ән жаңа шыққан шығарма секілді әсерлі орындалады. «Мені осы «Ақ тілек» атты әнім арқылы танып жатады. Оған ренжімеймін. Әнімнің танылғаны – менің танылғаным. Телеарнадан соң облыстық білім басқармасы мұғалімдердің білімін жетілдіру және қайта даярлау институтында музыка саласы бойынша әдіскер болып жұмыс істедім. Қайда жүрсем де ән жазып жүрдім. Шығармашылығымды үзбей, жалғастырып, дамытып жүрдім. Осы кезге дейін 70-ке жуық ән жаздым. Дегенмен, әндерімнің ішінде «Ақ тілектің» аты алысқа кетті, еліміздегі танымал әндердің біріне айналды. Ол менің – бақытым», – дейді композитор. Бір айта кетерлігі, Қалия Сейітхалыққызы 21 жыл ғана ғұмыр кешкен, тағдырлы ақын Артығали Ыбыраевтың туған бөлесі екен. Артығалидың жеті өлеңіне ән жазған.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар