Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле

Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле
ашық дереккөз
Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле
Қазір әлеуметтік желідегі жас қыздардың жаға жыртысып, бірін- бірі аяусыз ұрып-соғып жатқан көріністері көп. Оның ішінде жасөспірім қыздардың жанжалы тіпті сорақы. Өрімдей қыздардың төбелесіне не себеп? Психолог мамандардың пікірінше, мұндай жайттар қыздардың «өтпелі» кезеңінде жиі орын алады. Олар өз қатарластарының арасында мықты болып көрінгісі келеді. Ашу- ызаға жиі бой алдырады. Бұған қоса, алғашқы махаббат, мектеп ішіндегі әртүрлі жағдайлар да жас қыздардың сөзге келуіне себеп болады. Соңғы жылдары қыздар арасындағы төбелесті әлеуметтік желіде тарату жиіледі. Мамандардың пікірінше, оның соңы кек алумен аяқталып жатады. Студент қыздар арасындағы төбелестің де себебі көп. Әсіресе, мектеп жасынан жағадан алуға бейім, тәрбиесі нашар қыздар студент кезінде де жанжалдың бел ортасында жүреді. Мұндайға себеп болатын жағдайлар — махаббат, яғни жігітке таласу, қызғаныш және ақшаға қатысты болатын көрінеді. Әлеуметтік желідегі жас қыздардың бірін-бірі аяусыз төпелеп жатқанын қарап отырып, кейде адамдар аяушылық сезімнен айырылған ба деген ойға қаласың. Жұдырық ала жүгіретін қыздардың тілі де жүйрік. Небір былапыт сөздерді айтқанда, төбе шашың тік тұрады. Психологтардың пайымынша, колледжде оқитын қыздардың арасында төбелес жиі болатын көрінеді. Себебі, жасөспірім қыздардың мінезі әлі толық қалыптаспағандықтан, қызуқандылыққа салынады. Бойында психикалық ауытқуы бар, кикілжің жиі болатын отбасыларда өскен балалар өз эмоцияларын ұстай алмайды. Тез ашуланып, жаға жыртысуға тұра ұмтылады. Шын мәнінде, қазір жастар бір-бірімен төбелес арқылы емес, білімімен ерекшеленуі керек. Осы тұста психологтар бұрын мінезі ауыр балаларды «қиын балалар» дейтін, ал қазір «ерекше балалар» деп атайтын болыпты. Баланың мінезі нашар болса да оған «сен жақсысың» дейміз. Себебі, балаға «сен бұзықсың», «сен жамансың» деп айта беруге болмайды. Жалпы, балаға тек жақсы нәрселерді айтып, жақсы дүниелерді көрсету керек. Оның бойында позитивті психологияны қалыптастыруымыз керек, дейді тәжірибелі мамандар. Қандай жағдай болмасын, баланы тыңдау керек. Не себепті төбелескенін білу керек. Өкінішке қарай, қазір ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзіліп қалған. Баласының немен айналысып жүргенін, оның не ойлайтынынан бейхабар ата-ана көп. Жастардың тағы бір проблемасы — дос таба алмау. Мәселен, бір топтағы 25 баланың 18-інде дос жоқ. Досы болмаған, бір-бірімен жақсы қарым- қатынаста араласа алмаған жасөспірім кез келген жағдайда өзін-өзі ұстай алмайды. Не дегенмен де, қыз — болашақ ана. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген де сөз бар. Қалай десек те, нәзік жаратылыс иесінің қатарластарымен жұдырықтасып жатқаны жараспайтын қылық. Осы жаман әдеттің алдын алу қажет екендігін барлығымыз да ескеруіміз керек. Себебі, қазақ қоғамында қыз тек қылығымен көзге түскен, сыңғыр күлкісімен есте қалған, пайымды парасатымен ел аузынан түспеген.  

Гүлсім ДӘУЛЕШ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар