Ұлдан намыс, қызданар жоғалмаса...

Ұлдан намыс, қызданар жоғалмаса...
ашық дереккөз
Ұлдан намыс, қызданар жоғалмаса...
Бүгінде жас түгілі, жасамыс тартқан кейбір ересектер де ессіз қылығымен TikTok-та танылып, елді өзіне қаратып жүргені ешкімге құпия емес. Жиырма бестегі соқталдай жігіттер тікелей эфирде бір-бірімен жосықсыз жарысып, бір-бірінің айыбын ашып жататын болды. Тіпті аузынан темекісі бұрқыраған, «шайтан суды» қақала-шашала ішіп, «аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен» үлкендерді де көресің. Әлгі мас адамның мәнсіз сөзіне жапа-тармағай у-шу болып отырған топты да көзіміз шалады. Әрине, елдің бәрін олай деп отырған жоқпыз. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні» рас болса, бір дарын қауым қазақты, бір мәңгүрт шірітіп кетпесіне кім кепіл. Абай: «Ақырзаман жастары, қосылмас ешбір бастары, бір-біріне қастыққа, қойнына тыққан тастары» деп қазіргі заман жастарын айтқандай-ақ! Ақиқатында, Абай – мінез сыншысы. Қашан көрсең әншісымақтардың, ыржалақтаған, татымында тәрбие жоқтардың аузына қарап отыратындарға қайранмын. Көргені көркем дүние болса бір сәрі ғой. Соларды көріп қалжырағанша, отбасыңның жан сырын түсінуге құлшын, балаңның болашағы мен қара қазанның қамын ойла дегің келеді. Баланың сабағы, үлкендердің тамағы, отбасының берекесі, ағайынның мерекесі дегендерді өзгенің экрандағы ырсылы мен жыртыңына айырбастап жібердік. «Ұялмайтын бетке, талмайтын жақ береді» дегендей, өрімдей-өрімдей қыздардың беті бүлк етпестен тиын үшін тыйым салынған тақырыптарға барып, дүйім елдің алдында етек пен бел турасында әңгіме қозғап, жандайшаптардың жалған өнімін жанын сала жарнамалағанын көргенде жаның түршігеді. Біздің ел қызын қызғыштай қорғап, ұлын ұжданды қып өсіруге ғасырлар бойы дағдыланған, тәрбиеленген ел емес пе еді?! Техниканың тілін білгеннің жөні осы екен деп пе, жоқ әлде ұрпақтарымыз өзгемен бірге өңмеңдеп, жатпен бірге жұтылып кет деп тізгінді босатып жібердік пе? Неге қыздарымызды қадағалаудан, ұлдарымызды күзетуден шаршап қалдық? Қара басынан ұлт мүддесін жоғары қойған халқымыздың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген еді. Сондай-ақ, «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» деп, ел болашағы – жастар болса, ел-жұрт болып тәрбиеге шынайы көңіл бөлуге, адамгершілікке, ізгілікке жетеледі. Байқайсыз ба, осы күнде ұлдан гөрі құлға ұқсайтын жалбыршашты жігітсымақтар көбейіп бара жатыр. TikTok солардың ойнақ салар отауына айналыпты. Бұған не дейсіз? Өзгелер интернет желісін мәдениет бен өнердің ошағына айналдырса, біз маймылдардың мекеніне айналдырып жібердік. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегендей, осының бәрі қолдан келер өнердің, саусаққа ілінер жұмыстың жоқтығынан болып отырған іс. Жанталас, жанбағыс, тұрмыстың көзін, тірліктің жолын түзеп өмір сүру, ол да оңай емес. Қарбалас жұмысы, дөңгеленген ырысы болса, жыртыңдап отырмас па еді, кім білсін? Білім қуған жас болса, әлгіндей әдепсіз іске бармас еді. Талай қазақтың талантты жастары шетелде қанат қағып, білім іздеп жүр. Бар ойымыз – ұлымыз өнегелі, қызымыз қылықты болса деп тілеп жүрген халық едік. Бір қазақтың баласы қиыс басса, қабырғамыз қақырап сөгілуші еді. Бір қарындасымыз мұңға батса, көз жасымыз моншақтап төгілмеуші ме еді?! Атам қазақ қолына домбыра алып, атқа шауып, көкпар тартып жарысқан. Атам қазақ қисынды сөзді қиуадан тауып жарысқан. Байқасаңыз, бастысы тәрбиесіздіктің, одан қалса қатаң тізгіннің жоқтығынан жастарымыз ойына келгенін істеуге құмар болып жүр. Абай: «Жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей» десе, халқымыз: «Баланы – жастан» дейді. Міне, бұл баланы жүйелі тәрбиелеудің оңай әрі өнімді екендігін білдіреді. Сондықтан да есірікке есік ашып, ессіздіктің есімін қайталауды доғарғанымыз жөн. Ғылым мен өнер үйреніп, кәсіп істеп, нәсібіңді молайту жетістікке жеткізеді. Астыңдағы атыңның шабандығына шарқ ұра бермей, жігеріңді құм қылатын түрлі қиялдармен әлек болмай, өмірге үмітпен қарап, адалдығымызды асыра білейік. Қуаты әлсіз, құны төмен, мәнсіз де сәнсіз өмірге қош айтатын сәт келді, достар! Сәтсіздікпен сабақтасып жататын тірлікте кім сені қашанғы жарылқай береді? Өз-өзімізді қолға алайық. Налуменен нанымыздан да, нарқымыздан да айырылып қалмайық. Бір мезеттік көз арбаған дүниелер үшін бастағы бақытымызды тайдырып алмайық дегім келеді.  

Жайнар МҰРАТ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар