- Advertisement -

Көпшілікті кітап оқуға баулитын жаңа тәсілдер қажет

25

- Advertisement -

Кітап – рухани азық, сарқылмайтын қазына болғандықтан ешбір дәуірде де құнын жоғалтпайды. Кейінгі кездері қоғамда «жастар кітап оқымайтын болды» деген пікір жиі айтылып жүрді. Алайда, қазір кітапқұмарлардың қатары біртіндеп көбейіп келеді. Жақында ғана Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге жеке тоқталды. «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп ұлттың ұлықтығын жастарды ізгі істерге жетелеумен қалыптастырудың ұтымдылығын айтқан еді.

Кітапқұмарлық – жақсы қасиет екенін айтқан Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деді. Әдеби ортадан тыс, басқа салада қызмет етсе де кітапқа құмарлығын жоғалтпаған адамдар бар. Мәселен, Алмаз Орманов – техниканың тілін меңгерген бағдарламашы. Оның кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуға Англияға жұмыс бабымен барған сапары себепші болыпты.

– Бұрын кітап оқуға мүлдем қызықпағанмын, бірақ кітапты көп оқитын таныстарымнан оның пайдасын еститінмін. Мектеп қабырғасында жүргенімде де әдебиет сабағына қатыспауға сылтау іздеп, мазмұндама, шығарма жазуды ұнатпайтынмын. Мектепті де, жоғары оқу орнын да орысша оқыдым, әрине өз ана тілімді білмегеніме қатты ұялатынмын. Кейін облыстық «Ақ жол» газетіне бағдарламашы болып жұмысқа орналасқаннан соң, өзім дизайнын жасаған газет беттерін қарап, берілетін мақаланың мағынасына қарай сурет тауып салу үшін журналистердің жазған мақалаларын оқып, қазақшаны үйрендім. Ана тілімді білмегеніме ұялып жүрген маған қазақша тіл сындыртқан – осы газет. Ал, кітап оқуға мені Англиядағы тұрғындардың кітапқұмарлықтары жетеледі. Былтыр жұмыспен барғанмын, сонда байқағаным – ол жақтың халқы жұмыстарына, оқуына бара жатып, метрода, қоғамдық көліктерде отырып бәрі кітап немесе газет-журнал оқиды. Таңғалдым, бір де бір жай ғана бос отырған адам жоқ, бәрі оқып отырады. Көрдіңіз бе, тіпті жолға кететін уақытын да босқа өткізбейді. Бұл кітап оқығанның үлкен жетістікке жететінінің бірден-бір мысалы. Тіпті, жұмыстағы әріптестеріміз де, бастығымыз да қолынан кітап тастамайды, күнделікті шыққан газет-журналдарды міндетті түрде оқиды. Сосын қарасам, ол жақтағы кітапханалар сәнді, өте әдемі безендірілген. Қараған жанды еріксіз тартады. Олар кітапты жай ғана өзі оқып қоймай, басқалармен талқылап, ішінде жазылғандарын талдайды. Сондай бір пікірталастарына куә болып қалғаным бар, тартысты, қызықты болады. Ресейден келіп жұмыс істеген әріптесім бар еді, сол кісі маған оқуға бірнеше кітап ұсынды. Алғашқы ұсынғаны – Чака Паланиканың «Призраки» деген романы. Соны оқып бастағаннан кейін кәдімгідей кітаптарды іздейтін болдым. Бір қызығы – Instagram желісінде неге қызықсаң, сол туралы ұсыныстар алдыңнан көп шығады ғой. Сондай ұсыныстардың нәтижесінде Уилл Смиттің өмірбаяны туралы кітапты оқыдым. Мысалы, сол кітапты оқымасам әлемдік деңгейдегі өнер жұлдызының бұрын әнші болғанын білмейтін едім. Осылай-осылай кітапқа деген қызығушылығым артқаны соншалық, жарты жылда 40 кітап оқып шықтым. Оның 12-сі психологиялық, өзін өзі дамыту турасында. Бірақ, бұл жанрдағы туындылар маған онша ұнамады. Себебі, бәрінің айтатыны – «Бәрі өзіңнің қолыңда», одан басқа өзгелерінен ерекшеленетін ештеңесі жоқ. Елге оралғаннан соң Хэл Элродтың «Магия утра» деген кітабын оқып, уақытты тиімді пайдалануды, таңертең ерте тұрып, уақтылы ұйықтауды үйреніп, күнделікті ұйықтар алдында міндетті түрде 1 сағатты кітап оқуға арнауға машықтандым. Қазір мен таңғы сағат 5-те еш қиналмай ояна аламын. Бүгінге дейінгі оқығандарымның ішінде қатты ұнаған автор – Эрих Марии Ремарк. Оның махаббат, соғыс, достық туралы «Три товарища» романы көңіліме қонды, қатты әсер етті. Енді қазір өз ана тілімдегі кітаптарды оқуға бет бұрып жатырмын. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» оқып көрдім, бірақ қазақ тілі көркем сөзге өте бай ғой, бір ұғымды бірнеше синоним сөздермен береді, осы жағы маған мағынасын түсінуге күрделілеу болып тұр. Бұл жағынан маған Мұқағали Мақатаевтың шығармалары жақсы көмектесіп жатыр, тілі сондай жеңіл, көңілге қонымды.

Жақында қаламыздағы «Меломан» кітап дүкеніне барып, көп жасты көріп, қуанып қалдым. Қазір интернетте жиі кездесетін Сегун деген сериалға қызығушылардың көптігінен оның кітаптағы нұсқасын іздеушілер де аз еместігіне көзім жетті. «Меломанға» барсам, дәл сол кітап мүлдем қалмапты. Шығыстық нақышта жазатын авторларды оқыған да ұнайды. Мысалы, Халед Хоссейнидің «Бегущий за ветром» және «Тысяча сияющих солнц» кітаптарын оқыдым. Әсіресе, дін жағынан жазғандары қатты әсер етті. Оны оқып отырып, осындай тыныш та бейбіт, зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызға іштей Аллаға шүкірлік еттім, – деген Алмаз Берқанұлы оқыған кітаптарын бірге талқылап, жаңа туындымен таныстыратын орта іздеп жүргенін айтты.

Ол біздің елдің әр аймағында кітапқұмарлардың клубы болса екен дейді. Бұл да кітап оқуға шақыруға үлкен серпіліс болары анық. Оның сөзінен байқағанымыздай, көпшілікті кітап оқуға қызықтырудың бір тәсілі – кітапханалардың көзтартарлықтай көрікті де жайлы болуы және туынды желісімен қызықты кино түсіру, сонымен қатар, ең тартымды тұстарын әлеуметтік желілерде көңіл-күймен жеткізе білу екен. Бұл азаматтың сөзінен тағы бір аңғарғанымыз – қазіргі біздің қоғамда «Газетті ешкім оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Ал, Англия сияқты елдер ең дамыған, техниканың тың түрлерін меңгерген мемлекет болса да әлі күнге газет-журналды әр санын қалдырмай оқиды.

Тараздағы тағы бір кітапқұмар азамат – заңгер Зейнел-Нәби Сұлтанбаев. Ол «Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубының» заңгері.

– Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері еді, үш жасымда дүниеден өтіп, анам жеті баланы өзі асырап, жеткізді. Мені кітапқа құмартқан анам. Ол кісі ауылдағы мектеп интернатта тәрбиеші болды. Ең алғаш ауылдағы мектептің кітапханасында оқырман билетін толтырып, Жамбыл Жабаевтың жыр жинағын алып оқығанмын. Үйдің кенжесі болғандықтан, анам мені көп жұмсамай, тек кітап оқуыма ден қойдырды. Сол кітапқұмарлықпен кейін де ай сайын алған жалақымнан бір кітап сатып алу әдетіме айналды. Бала күнімде Дейл Карнегидің дос табу туралы кітаптарын оқитынмын. Александр Дюманың да сегіз томдығын толық оқып шықтым. Өзіміздің қазақ қаламгерлерінің туындыларын да оқыдым, әсіресе Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» бала тәрбиелеп отырған барлық әкелерге оқуға кеңес берер едім. Сол кітабынан кейін батыр ата туралы көбірек білуге қызығып, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерін» де, Әзілхан Нұршайықовтың батыр Бауыржан туралы «Ақиқат пен аңызын» да қызығушылықпен оқыдым. Осы кітапты жақындарымның көбіне сыйладым, өзім сыйлыққа кітап тарту еткенді ұнатамын. Әсіресе, күнделікті көрісетін әріптестеріммен кітап алмастырып, сыйлап, оқығанынан түсінгенін сұрап жүремін. Қазіргі қызметімнен бұрын Азаматтарға арналған үкімет мекемесінде жұмыс істегенімде кіреберіске кітап алмастыру бұрышын ашқан едік. Әркім өзінің үйінен әкелген кітабын сонда қойып, өзіне қызықты басқа кітапты сол жерден алып, оқитын. Ол өте пайдалы болды. Қазір бала тәрбиесі, отбасы тақырыбындағы туындыларды көбірек оқитын болдым. Өз үйімде кешкісін тамақтан соң бәріміз жиналып, өлең оқу үрдісін қалыптастырдық. Көбіне Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқимыз. Одан бөлек, үй ішімізбен оқыған кітаптарымыздан түсінгенімізді айтысып, талдаймыз. Сонда қыздарымның әр кейіпкердің сөзін образға кіріп, айтқандарына сүйсіндім. Қазір 4 жасар немерем екеуміз кітапты бірге оқитын болдық, мен оқығанымды ол қайталап отырады. Кей кітаптар тілінің жеңілдігімен, оқиғасының қызықтығымен тез оқылады. Мысалы, Болат Жандарбековтың «Сақтар» кітабын кешкі сағат 5-те бастап, таңғы сағат 6-ға дейін оқып аяқтадым. Жалпы айтарым – кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейту арқылы өмір сапасын жоғарылатады. Сондықтан да осы іске барша жұртты шақыра отырып, әрбіріміздің рухани дамығанымыз елімізді өркендететінін айтқым келеді, – дейді Зейнел-Нәби Маралбайұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деп адамзат үшін сананы жоғарылатуға қажетті құралдың қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Біз тілдескен қос кейіпкеріміздің айтқандарынан да осы ұғымды аңғардық. Президент айтқандай, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңде мемлекетімізде кітапхана ісі кенжелеп қалғаны рас. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылғаны да жасырын емес. «Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр», – деді Президент. Сол іс-шаралар аясында біздің кейіпкерлеріміз айтқандай көпшілікті кітап оқуға қызықтырудың жаңа тәсілдері де жүзеге асырылса, құба-құп болар еді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support