- Advertisement -

Жастар үшін жаңа жоба

10

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мектеп пен университет: ғылыми ынтымақтастық қырлары» атты XV республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны аталған университетпен бірге «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау» қоғамдық қоры, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу университеттері бірлесіп ұйымдастырған.

Алпыс жылдан астам тарихы бар Дулати университеті жоғары технология, рухани жаңғыру арқылы өркениетке жаңа көзқарас қалыптастырып келе жатқан бірегей оқу орны. Мұнда заман талабына сай қамтылған 22 оқу корпусы, 15 спорт кешені, 2 жылыжай, 136 оқу зертханасы, 1313 орынды 4 жатақхана және 1250 орынды 18 оқу залы бар. Оның ішінде Creative zone, Coworking zone, Open spaсe форматындағы кітапханалар да оқырман игілігі үшін қызмет етеді. Сондай-ақ, білім бағдарламасы бойынша 182 білікті профессор-оқытушы дәріс беріп жүр.

Мектеп оқушыларының шығармашылық белсенділігін ынталандырып, зияткерлік меншік саласындағы білімді насихаттап, өскелең ұрпаққа патенттік мәдениет негіздерін сіңіру мақсатын көздеген конференцияға жалпы білім беретін мектептер мен гимназия мектептерінен 5-11 сынып оқушылары мен студенттер қатысты.

– Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық оқушы қатысқан іс-шараның ұрпаққа берері мол. Жоғарғы оқу орындары оқушылармен қарым-қатынасын еш уақытта үзген емес. Ұстаз, жалпы білім саласының мамандары қолдап қана қоймай, жеткіншектермен ақылдасып, үнемі бірлесіп еңбек еткенде ғана еңбектің жемісті болатыны сөзсіз. Балалар біздің болашағымыз болғандықтан, үнемі санасып отыруымыз қажет.Сондықтан, қай істі атқарсақ та, бірлесіп жасаймыз. Мұндай еңбек, шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластықты дамытып, қарама-қайшылықты болдырмау мен түсінісудің таптырмас тәсілі. Ел ішінде «бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақыл сөз бар. Сондықтан, оқушылар арасынан шыққан талапты да, талантты балаларды тез танып, дамып-жетілуіне атсалысу білім саласында жүрген әрбір азаматтың парызы деп білем. Асқақ арман мен мақсат қуған жастардың қателеспей мамандық таңдауына, шешім қабылдауына, ұстаздар, ата-аналар және аға буын өкілдері дұрыс бағыт-бағдар беріп, жауапкершілік танытуымыз керек, – деді М.Х.Дулати атындағы университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Сауле Алимбаева.

Жиын барысында сондай-ақ, Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті ректорының міндетін атқарушы, профессор Илья Воротынцев онлайн форматта бейнежолдау жасады.

– Біздің университет 125 жыл бойы инженер-технолог, химик мамандарын даярлап келе жатыр. Тәжірибе алмасу барысында қажеттілікке мән беріп, өз ісіне терең бойлаған мамандардың заман талабына сай жетілуі үшін, барлық мүмкіндікті жасау қажет. Жастар – қоғамның жетекші күші ретінде елдің дамуына, рухани биіктеуіне, өрлеп, өркендеуіне жауапты. Тарих пен мәдениеттің тағдыры, дамуы, бүгіні мен ертеңі өскелең ұрпақтың санасына, ой-өрісіне, біліміне, меңгерген түрлі дағдыларына байланысты болашағына өз әсерін тигізеді», – деді ресейлік ғалым.

Кездесу соңында университеттің студенттері ғылым мен білімді меңгерумен қатар, рухани-мәдениет саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін көрсетіп, университеттің шығармашыл жастары өз өнерін ортаға салды. Музыкалық білім мамандығының студенттерінен құралған «Дулати Серілері» тобы «Ер Тұран» күйін шертсе, Музыкалық білім және Сән дизайны білім беру бағдарламасы бойынша «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасының «Ұлы дала самалы» топтамасы ұлттық нақыштағы киім үлгісін көрсетті. Облыстық «Үкілі ару – 2023» сұлулық байқауының жеңімпазы Жанар Керімқұлова «Ізін көрем» әнін шырқады.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support