Журналистика жампозы
Биыл облыс журналистикасының ардагері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлының туғанына – 95 жыл. Дара тұлғаның атаулы жасына орайластырылған іс-шаралар бірқатар аудандарда да жалғасын табуда. Атап айтқанда, Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де белсенділіктерін байқатып отыр. Журналистика саласы ардагерінің есімі аталған ауданның ауылдарында да құрметтеліп келеді. Мәселен, Көкдөнен ауылдық кітапханасы ұйымдастырған «Қарымды қаламгер» атты әдеби кешке аталған ауылдық округ әкімшілігі мен мәдениет үйінің қызметкерлері белсене қатысты. Кеш барысында кітапханашылар журналистика майталманының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, «Талай талантты шыңдаған шаңырақ» тақырыбында баяндама жасады. Кітапхананың тұрақты оқырманы Аида Түлкібай «Журналистердің сардары» тақырыбында Баттал Жаңабайұлының басынан кешкен қызықты және әсерлі сәттері жайлы айтып берді. Сонымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырмандары Серік Арпабеков, Жаннұр Кексуаров өз ойларымен бөлісті.
Құмарық ауылдық кітапханасында да Баттал Жаңабайұлының шығармашылығына арналған «Батыл қаламгер – Баттал Жаңабайұлы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға Құмарық ауылдық округ әкімшілігі, мәдениет үйінің қызметкерлері және тұрғындар қатысты. Іс-шараны Құмарық округі әкімдігінің бас маманы Карима Көмекова ашып беріп, Баттал Жаңабайұлының облыстық «Aq jol» газетін жиырма жылдан астам уақыт басқарғандағы азаматтық болмысы мен биік парасатына тоқталды. «Тура жол, темірдей тәртіп, терең білім Баттал Жаңабайұлын осы биігіне жеткізді. Бұл жол – жақсының жолы, бәрімізге де үлгілі соқпақ. Жас ұрпақ аға журналистің еңбектерін танып, құрметтеп өсуі тиіс», – деді ол. Кеңестік кезеңдегі қиындыққа қарамай Баттал Жаңабайұлы облыстың бас газетін жиырма жыл абыроймен басқарғаны – нағыз батылдық. Мылтықсыз майданның ішінде жүріп, бейнет кешіп осы абырой биігіне жеткенін бүгінгі ізбасар әріптестері және оқырмандар мақтаныш етеді. Іс-шара барысында кітапхананың тұрақты оқырманы Нүризат Әбдіманапова журналист туралы қысқаша айтып өтті. Іс-шараға қатысушы ауыл ақсалдары да өз ойларымен бөлісті. Баттал Жаңабайұлы шығармашылығынан кітап көрмесі қойылды.
Дәл осындай мазмұнды іс-шаралар Жаңатұрмыс және Қарақыстақ ауылдық кітапханаларының ұйымдастыруымен де өтті. Аталған жиындарда да оқырман Баттал Жаңабайұлының еңбектерімен танысып, қазақ журналистикасына және облыстың қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесінен хабардар болды. Мұндай іс-шараларға ауыл халқының белсене қатысуы – жақсының есімі ел жадында сақталып, айтыла беретінінің дәлелі.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді