- Advertisement -

Ауылшаруашылық өнімдері саудаланды

14

- Advertisement -

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі қалада жиі өткізіліп келеді. Тұрғындарға тиімді бұл іс-шараны соңғы кездері көшпелі түрде өткізу ойластырылған.

Өткен жексенбідегі ауылшаруашылық жәрмеңкесі Тараз қаласындағы Желтоқсан және Ы.Сүлейменов көшелерінің қиылысындағы алаңда ұйымдастырылды. Жәрмеңкенің көшпелі жағдайда өтуі де тұрғындарға жасалып жатқан жеңілдік екенін түсіндік. Бірнеше жылдардан бері жүзеге асып келе жатқан жәрмеңкенің бағасы қалалықтардың қалтасына едәуір тиімді екені рас. Бұл жолы жәрмеңкеге Тараз қаласының бірқатар компаниялары мен серіктестіктері және Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарының еңбеккерлері белсене қатысты.

Тараздық «Шалқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айраны мен қаймағын әкелсе, «МДМ-10», «Көкжиек» фирмалары шұжық, сүт өнімдерін мейлінше арзан бағамен сатты. Мәселен, үйдің айраны 300, сүт 300 теңгеден өткерілді.

Аудандар өнімдерін қойған сөреде макоронның килограмы 290, күнбағыс 500, бірінші сұрып ұн келісі 150 теңгеден сатылғаны қалалықтар үшін бағалы болды. Дегенмен, Сарысу, Шу аудандарынан өнім әкелгендер қой етінің килограмын 2300, жылқы етінің килосын 2500 теңгеден ұсынғаны көңілімізге қонбады. Бұдан сәл төмен бағада болмаса, тараздықтар 50, 100 теңгеге бола жәрмеңкенің сөресін іздемейтіні анық. Бұл ретте сарысулық кәсіпкер Айбол Карпов: «Барлық аудан ортақ бағаны қойып отыр. Бұдан төмен қойсақ, шаруаларға тиімсіз болады. Қойдың қабырғасының килограмын 2100 теңгеден өткеріп жатырмыз. Бірқатар көкөніс өнімдерімізді арзандау өткерудеміз», – деп жағдайды түсіндірді. Біз қала тұрғыны Рахым Мамашаевты да сөзге тарттық. Ол: «Жәрмеңкенің өтіп тұрғаны тараздықтарға тиімді. Жалпы, ет өнімдері көбірек келсе, қойдың еті арзан бағада сатылса» деген өтінішіміз бар. Жалпы, мұның қарапайым тұрғындарға қолдау екенін сезінеміз», – деді.

Біз жәрмеңке алаңынан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекованы кездестірдік.

– Жәрмеңкені барынша тиімді өткізуді ойластырып келеміз. Бүгін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, осы Желтоқсан мен Ы.Сүлейменов көшелерінің қиылысын таңдап отырмыз. Келіп, сауда жасап жатқан тұрғындар онша көп болмаса да, бар. Түс қайтаға дейін әлі біраз сауда жасалады деген ойдамыз. Алдағы апталарда 3, 8, 15 ықшамаудандарда, «Арай», «Химпоселок» алаптарында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу ойымызда бар. Бәрі қарапайым тұрғындардың игілігі үшін, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесі келесі аптада да жалғасын табатын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support