Музейде мол мұра бар
Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де, әсемдігі де еш халықтан кем емес. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық музейлері мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау үлкен құрметтің белгісі саналған. Халқымыз ұлттық киім құндылығын, мағынасын өте орынды пайдаланған. Себебі, ұлттық киімдеріміз – ұлттық кодымыз. Ертеде халық шеберлері тұрмыс-тіршілікке, ауа райына орай кигенде ыңғайлы етіп көптеген киім үлгілерін жасаған. Жамбыл облыстық тарихи- өлкетану музейінің қоры да ұлттық құндылықтарымызға өте бай. Бүгінге дейін музей келушілері, алыс-жақын шетелдік туристер мен арнайы қонақтарда, өңірлерден келетін өзге ұлттың өкілдері де музей экспозициясы арқылы халқымыздың болмысымен, дүниетанымымен, өнерімен, ұлттық ерекшеліктерімен танысуда. Олай дейтініміз, ұлттық киімдерімізде сақ, ғұндардың, түркілердің сарқыншақтары сақталған. Яғни, бұл тек киім-кешек емес, бұл – тарих. Ұлттық киімдеріміздегі ою-өрнектер, қолданылған материалдар, шеберлердің қолтаңбалары, ерекшеліктер үлкен мән-мағынаға ие. Көшпелі тұрмыс салтына орай жасалынған киімдердің өңірлік, жергілікті ерекшеліктері, белгілері болған. Әрі ертеде киімдер арқылы адамның тұрмыстық деңгейін де ажыратқан.
Музей қорында салтанатты жиындарда киген ер және әйел шапандары, бас киімдер, бозбалалар киген қамзолдар және осы киімдерге ерекше көрік беріп тұратын қапсырмалар, таналар, белдіктер, алқалар, шекеліктер, өңіржиектердің мол топтамасы сақтаулы.
Соның ішінде ерекше тарихы бар жәдігердің бірі – әйел қамзолы. Қамзол – қазақ халқы арасында кең тараған ұлттық киім. Бұл қамзол қара барқыттан тігілген, ішкі астары қызыл атлас матасынан жасалған. Барқыт – бет жағы тығыз түкті, жұмсақ мақпал мата, бағалы маталардың қатарына жатады. Сондай-ақ, қамзол әйелдің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара барқыт, шұға, мауыты маталардан әсем безендіріліп тігілетінін атап өту керек. Бұл қамзол да ою-өрнекпен қапталған. Қазақ ою өнерінің ең көне мәнері «қошқар мүйіз» оюы түрінде алтын жалатылған жіптермен кестеленген. Қазақ шеберлері бұл оюдың ұсақ түрлерін ағаш, сүйек сияқты нәзік қолөнер саласында қолданса, ірі түрлерін киімдерде, сырмақ, текемет, сәулет өнерінде қолданған. Қазақ даласында кең таралған «қошқар мүйіз» оюы андроновтар мәдениетінен қалған мұра. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа өтіп отырған бұл оюдың мағынасы – туған жер отар-отар қойға толсын деген мағынаны білдірсе керек-ті.
Жәдігер музей қорына 1957 жылы 25 қазанда түскен. Оны Жамбыл ауданы, Ынтымақ колхозының тұрғыны Айшолпан Елеусінова өткізген. Қамзол бір- біріне темір ілмектер арқылы тағылады. ХІХ ғасырмен мерзімделеді. Қанша уақыт өтсе де өз сәнін, көркемдігін жоғалтпаған қамзол музейдің көне әрі құнды жәдігері болып саналады.
Қамзолдарға ерекше көрік беріп тұратын халқымыздың күміс бұйымдарының қатарына қапсырмалар жатады. Қапсырма – қамзол, кәжекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, сіркелі, асты ілгекті әшекей. Түйме қызметін атқаратын қапсырмалардың музейден көптеген түрлерін көруге болады. Соның бірі – Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, Шымкент, Қызылорда театрларында, 1946 жылдан өмірінің соңына дейін Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарған Гүлжамал Батырғалиеваға тиесілі қапсырма. Өлшеміне келер болсақ, ұзындығы – 17 см, ені – 9,5 см. Бұл қапсырманы жас кезінде театрда жұмыс істеп жүргенде қамзолына таққан. ХІХ-ХХ ғғ. жатқызылады. Қапсырмада өсімдік тектес өрнектер түскен. Осы орайда, оюлар мен өрнектер – ежелгі көшпелі тайпалардан келе жатқан дəстүр сабақтастығының көрінісі екенін атап өткен жөн.
Ортағасырлық Тараз өркениетінде де өсімдік тектес өрнектер өте кең таралған, жергілікті озық үлгілері қалыптасқан өрнектер болғаны белгілі. Ортағасырлық мәдениеттен бастау алған бұл өнер қазақ зергерлік бұйымдарында заңды жалғасын тапты. Қазақ шеберлері зергерлік-әшекей бұйымдарын әсемдеуде халықтың бар тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, құндылықтарын көрсете білді. Аталған қапсырмада көрген адамның назарын бірден аударатындай жапырақ, гүл сабақтары тәрізді өрнектер тұтастай қапсырманың бетіне түсірілген. Екі бөліктен тұратын қапсырма бір қарағанда құстың қос қанатын еске түсіреді. Ал, бір-бірімен жалғанатын ортасы қобызға ұқсайды. Әрі өте сәнді, нәзік талғаммен жасалған. Ата- баба дәстүрін бір қапсырмаға сыйдырғандай әсер қалдырады.
Бұл жәдігерлердің уақыт өте құндылығы тек арта береді. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жұмысы музейдің басты міндеттері деп білеміз.
Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Қант қызылшасын жинау жұмысы қарқынды
- 29 қазан, 2024
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді