- Advertisement -

Есжанның есті әндері-ай

30

- Advertisement -

Балалық шағы мен бозбала кезі Жамбыл облысының Байзақ ауданында өткен Есжан Әміровтің алдында сан тарау жол тұрды. 1983 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» мамандығын бітірген ол кейінірек Қазақ мемлекеттік Заң Академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1977 жылы ауылдық клуб меңгерушісі қызметінен бастап, Алматы облысы, Талғар ауданында білім саласында еңбек етті. 1985 жылы өзінің туған мекені Байзақ ауданына оралып, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болды.

Байзақ ауданында өткен 14 жылында мектеп мұғалімінен аудан әкімінің аппарат басшысы қызметіне дейін жоғарылады. 1999 жылы Алматы индустриалды-педагогикалық Академиясының тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалған кезде де байзақтықтар бір қуанған. Кейінгі 22 жылдан бері Қарағанды қаласында тұрып келеді. 22 жылдан бері Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры.

Байқап тұрсаңыз, Есжанға еліміздің бірқатар қалаларынан тұз-дәм бұйырған екен. Қызылордада студенттік шағы өтсе, Алматы, Жамбыл облыстарында жауапкершілігі мен қызығы мол қызметтегі жылдары жалғасты. Қазіргі қызметі де сан салалы. Колледждің қыруар жұмысы таңертеңнен кешке дейін толастамайды. Бірақ, Есжанның жүрегінің қалауы – өнер, музыка. Көңілінің көксегені – ән. Алпыстан астам ән жазса, қазақ радиосының алтын қорына 30-ға жуық әндері қабылданыпты. Әніңнің алтын қорда сақталуы деген – үлкен бақыт. Шығармаларының көпшілігі эфирде орындалып жүр. Есжанның есімі Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары энциклопедиясына енгізілген. Композитордың қырықтан астам ғылыми мақалалары мен әндері республикалық журналдарда және газеттерде жарияланды. Композитордың есімі ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған, Қарағанды облысының жалпы білім беретін мектептерінің 5-7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығына енгізілген.

Қарағанды облыстық «Серік Ақсұңқарұлы оқулары» байқауының «Жүрекке жақын әндер» атты аталымында Есжан Әміровтің шығармалары орындалуда. Ол 2005 жылы өткен II Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсының лауреаты, 2022 жылы «Сарыарқаның жаңа есімдері» атты облыстық композиторлардың байқауының жеңімпазы атанды.

Есжан Әміров «Аққудың кәусар әуезі», «Білім беру саласындағы ізденіс», «Ауыл – алтын бесігім» кітаптарының авторы. Елуге жуық әндері енгізілген «Өзіммен сырласу», «Асқақта, елім», «Қазақтың баласымын» атты үнтаспалары тыңдарман арасынан жоғары бағасын алған.

Былтыр «Жыл композиторы» атанып, Қарағанды облысы әкімі сыйақысын иеленген.

Есжан Сарманқұлұлы қазақтың ақиық ақындары Қасым Аманжолов, Тұманбай Молдағалиевтердің өлеңдеріне ән жазса, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлыбай, Әлібек Шегебай, Серік Сейтман, Зағыпар Шакентаев, Ерғожа Тілепбердиев, Қайрат Асқар және тағы басқа поэзия саласында қалам тартып жүрген ақындармен шығармашылық байланыста.

Есжанның шығармашылық кештеріне қазақ эстрадасының жұлдыздары Нұрлан Өнербаев, Досымжан Таңатаров, Мадина Садуақасова, Айбек Мұхамбетәлі, Гүлмира Сарина, Ғани Мәтебаев, Сейіл Аяған, Меруеш Башай, Саят Әбдіғали қатысып, ән шырқап жүр.

Есжанның отаншылдық-патриоттық рухтағы «Азаттық жыры», «Жас ұландар», «Мәңгілік ел», «Ардагерлер», «Асқақта, елім», «Нүркеннің қырандары» «Бүлдіршіндер» әндері талай жас буынның жүрегінен жол тапқан. Әулиеаталық ақын Ғайни Әлімбекқызының бірнеше өлеңіне ән жазды.

Жақында Есжан Әміров Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі атанды. Осы жаңалық үшін қазақ халқынан сүйінші сұраған ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Сүйінші! Есжан Әміров Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі болды. Ол елі сүйсініп айтатын көптеген ғажап әндердің авторы. Атағы Атырау – Арқа, Алатау – Алтай арасына мәшһүр болып, қазақ елін әнмен тербеткен Шәмші Қалдаяқовтың өзі композиторлық билетті қолына ұстай алмай, арманда кетіп еді… Жаңа Қазақстан деген міне, осы. Қанатты да, талантты ұлдарын бауырына басып, үкілеп жатыр! Елім деген баласын басына көтеріп жатыр!», – деп ағынан жарылуы бекер емес.

Бұл жаңалыққа композитордың туған мекені Әулиета жері, Байзақтың қырат белестері де шат-шадыман қуанатыны, қуанғаны рас. Қазақ елі Есжанның есті әндерімен сусындай беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support