Жаны жайсаң, мінезі көркем еді...
Қаныбек Орынбековтың қазасын естігенде мен іссапарда едім. Кейін бір бейсенбілігіне кіріп шығып, Жанар әпкем мен бауырлары, балаларына көңіл айттым. Қанекең сондай бір жаны жайсаң, көңілі жұмсақ, пейілі баладай, аңқылдаған жан еді, өмірден өткеніне де қырық күннен асыпты... Сонау екі мыңыншы жылдың басында облыстық «Ақ жол» газетіне бас редакторлыққа «Егемен Қазақстан» газетінен Мақұлбек Рысдәулет келді. Іле бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Өңірдің қара шаңырағына айналған басылымға жаңа толқын келді. Тіпті, ортамызда «журналистика» факультетінде оқып жүрген студенттер де болды. Ал, мен Таластан келдім.
Қаныбек Орынбековпен сол кезде танысқан едім. Қаныбек Кенжебекұлы бас редактордың шаруашылық жөніндегі орынбасары еді. Әйтеуір, сол жаңа келген толқынның өзіндік бір ортасы қалыптасып, біз жиі бас қосып, әзіл-қалжыңымыз жарасып жүрді. Алғаш ағалы-інілі сыйлассақ, кейін жезделі-қайынды қалжыңдастық. Сөйтсем, Қаныбек маған жезде болып шықты.
Негізі, Қаныбек Кенжебекұлы Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тумасы. Әкесі Кенжебек пен анасы Күмісайдың кенжесі. «Ақ жолға» келгенге дейін Жамбыл тері комбинатында еңбек еткен. Ал, 38 жыл отасып, бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен жары – Жанар Рымбекқызы облысқа белгілі азамат. Бірнеше жыл Жамбыл политехникалық колледжін басқарды. Қалалық мәслихаттың депутаты болды. Қазаны қайнаған қаланың қоғамдық өмірінде белсенді жан. Бүгінде облыстық қоғамдық кеңесте жауапты қызметте. Ал, осындай тынымсыз тіршіліктің ортасында жүрген жанның тіреуі де, сүйенері де жары. Қаныбек Кенжебекұлы табиғатынан берілген бай мінезімен, байсалды, парасаттылығымен асыл жарына сүйеу бола білді. Бұл «Әйеліне көмек беру – ізгі амалдардан» деген қағиданы ұстанған азаматтың ажарын ашып, отбасындағы сыйластықтың ізгі үлгісін көрсетсе керек-ті. «Жақсы жұбай – жарты бақыт» деген осы болар. Ұл сүйді, қыз сүйді. Төңірегіне жақсылық жасаудан жалықпаған Қаныбек Кенжебекұлы ата-анасына, бауырларына жанашыр, қамқор болды. «Жақсылықтың майдасы, ірісі, айласы болмайды» деп, Нарша ақын айтқандай, Қанекең әрдайым жақсылық жасауға асығып тұратын. Қатар жүргенімізде Лаура мен Олжасының қызықтарын айтып, әдемі күлкісімен езу тартып, «Әй, сендер «Бала тілі – бал» деген айдар ашсаңдаршы» деуші еді қалжыңдап.
Иә, балалары да ержетіп үлкен азамат болды. Тұңғышы Лаура бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, Ph докторы, ұлы Олжас – полиция қызметкері. Келіні Рабиға – экономист. Қаныбек Кенжебекұлының немерелері Асылжан, Әмір, Зейнеге деген пейілі тіпті бөлек еді. Алланың дегеніне амал бар ма? Немерелерінің қызығын қызықтап, қылықтарына тоймай, еркелетер азамат ерте кетті өмірден, өкінішті...
Ұмытпасам, 2007 жылы «Ақ жол» газетінің 85 жылдығында ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүгізілді. Редакторымыз Мақаң – Мақұлбек Рысдәулет жігіттерге ескі құрылыс материалдарын алуға рұқсат берді. Бәріміз бір күнге келісіп, алып кететін болдық. Керек-жарағымызды түгендеп жатырмыз. Байқаймын, Қанекең материалдардың жарамдырақтарын маған қарай ысырып қояды. Жезде болып, жанашырлық танытқаны ғой, ағамның.
Осыдан екі-үш жыл бұрын белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Есен Бидайбеков (Қанекеңнің қайынағасы) елге келді. Есен Ықыласұлының сыныптасы, құрдасы, жазушы Елен Әлімжан және мен Таласқа барып қайттық. Есен аға елге келген сайын Қаныбек пен Жанар Рымбекқызының шаңырағына түседі. Қанекең ағасының бар жағдайын жасайды. Қаныбек бізді шығарып салды да, Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекнұр Сатыбалдиев алып кетті. Таразға келген соң Қаныбек Есен ағаны пойызға салып жібереді. Қызық болғанда, Алматыға жеткен соң Есен аға сағатының пойызда кетіп қалғанын байқайды. Сол аралықта маған хабарласқан Қаныбек: «Ерман, сенің «Қазақстан теміржолына» қатысың бар ғой, ағаның сағатын тауып берейік» – деді. Сағат табылды. Айтпағым, сонда Қаныбектің жас балаша қуанғаны.
Иә, Қаныбек Кенжебекұлы сондай балаша қуана білетін, әр адамның жақсылығын бөлісе білетін, жаны жайсаң, мінезі көркем азамат еді. Тіпті, біреудің артынан ғайбат айтып, мінез көрсетіп, дауыс көтергенін көрмеппін.
Уақытында «Ақ жолда» қатар еңбек еткен азаматтардың біразы бүгінде жан-жаққа кетті. Бірақ, ортамыз үзілген жоқ, хабарласып, қал сұрасып тұрамыз. Қаныбек Кенжебекұлы өмірінің соңына дейін Тараз сервис және технология колледжінде шеберхана меңгерушісі болды.
Жатқан жерің жайлы болсын, жаны жайсаң, жақсы жан!
Ерман ҚАНЖАНҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді