Қасиетті тұлғалар ешқашан ел жүрегінен өшпейді
Қасиетті тұлғалар! Көзге де, көңілге де ыстық. Олар-тарих. Олар өз алдына үлкен мақсат қойып, әрқашан өздеріне сенімді болды. Олар осы жолда қандай қиындық күтетінін түсінді, бірақ оны жеңуге бел буды. Ең бастысы, таңдаған жолда әрдайым өз халқына адал болды. «Олар» деп алыстан орағытып отырған себебіміз, елдің елдігін сақтап, басын біріктіретін мәдени, рухани құндылықтардың қорғаушысы мен жебеушісі, қазақ ұлтының ар-ұяты болған қасиетті тұлғалардың қай-қайсысы да жұрттың жүрегінен шықпайтынын ортаға салып ойласу еді.
Әрбір адам-өзі туған халқымен бақытты. «Қазақ халқы, біз кеше қандай едік, бүгін қандаймыз, ертең кім боламыз?» деген сауалға қалай жауап береміз?
Қазақтың арғы тарихынан бүгінге аңызы мен ақиқатын бірге алып жеткен Бәйдібек бабамыздың Тараз шаһарындағы ескерткішін (Бабамыздың Шымкенттегі алып ескерткіші кейін тұрғызылған) көрген сайын, бағзы замандар мен дәуірлер сағым болып ойға оралады. Ел шежіресінде қасиетті тұлғаның өмірі, бәлкім, VI ғасыр ма екен, әлде жыл санауымызды зерделейтін тарихшы-ғалымдар IX ғасыр еншісіне жазғанындай, сол мерзім ақиқаты болар деп ойлаймыз.
Қалай десек те қалың орман ататектің терең тарихын толық білгеніміз жөн және ардақтай білгеніміз абзал.
Кейде, ойталқы үшін салыстырып көруге болады. Мәселен, көнеден бүгінге дейінгі тарихи-әдеби зерттеулерде жиі кездесетін жер атаулары мен оқиғалы кезеңдер осы оңтүстік өңірден көп сыр тартады. Көне Тараз, әулиелі Әулиеата жұрты үшін тарих шежіресі мен халықтың өткен жолы ауызекі фольклорға да арқау болады, ел жадында ұзақ сақталған ғажайыптарымен де аса құрметпен айтылып, жазылады. Көрнекті шығыстанушы ғалым, академик Әбсаттар шейх Дербісәлінің Шығыс ойшылдарының өмірі мен мұраларын зерттеу барысында Араб елдерінде есімі Тараз шаһарымен байланысты 51 Тарази деген ғалымдарды тауып, рухани қазынамызға қосқан жоқ па? Қазақ әдебиетінің ірі өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази (бұрын Әшімов болатын) мен театр және кино өнерінің тарланы, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың тегін «Тарази» деп жүрегімен қалап жаздыруында да ерте заманнан шартарапқа тараған атаудың мәнін ұмыттырмау бар және білім іздеп әлем шарлаған ойшылдар жолын ұғыну деп бағалауымыз керек.
Мыңжылдық тарих осы қазақ жұртының маңдайына жазылған.
Сол себепті Тараз жеріндегі әрбір тарихи-мәдени ескерткіштер мен ғимарат-орындардың құндылығын көздің қарашығындай сақтап, қастерлеудің маңызы зор.
Бұл тек ақшаға тіреліп, қаражатпен қарастыратын мәселеге де жатпайды.
Сонда бұл не нәрсе?
Құнттылық пен ыждаһаттылық жетіспейді.
Қолда тұрған жауһарлардың бабын келтіріп, жарқыратып көрсете алмауымызды айтамыз. Және қоғамдық жауапкершілікті сұрауға келгенде кейін тартыншықтап, «өздері де біліп отыр ғой» деген енжарлықтың етегіне жармасып, айырылғымыз келмейді.
Сол баяғы ескіден қалған көңілжықпастықтың салдарынан сауыға кетсек, жақсы болар еді-ау.
Жоқ, жеті атасын біліп, жеті атасының қамын жейтін азаматтарымыз жол жиегінен ғана көз салғаны болмаса, қоғамдық ортақ өзекті мәселелерді айтудан айналып қашатыны расқа айналған жоқ па? Мұны намысшылдығы мен қайсарлығы бар адамдар көзге шұқып емес, жанға батырып сездірсе де одан сырт айналатындардың «тобын» тәрбиелеп алға шығардық. Олар, иә, белгілі бір уақытта жергілікті билікке ұнайды, сосын жылы сөйлей білетін жекелеген пысықайларды құрметтеп, сыйлап, төрге шығарады. Ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген жандар болса, тіптен солардың көбісі елеусіз күй кешумен өтеді. Кереғарлық па, әрине, ақтауға келе қоймайтын әділетсіздік. Солай дейсің-ау, өзіміз жайлы сөз қозғаса болды, көп жағдайда, бас салып, өзімізді жамандай жөнелеміз, сахнада қазақты мүләйімсітіп, аңқау, ашықауыз етіп қоямыз, кемшілігін термелейміз… «Осыдан халық рухы көтеріле ме? Өзгеге үлгі боларлық, халқымыздың өзіндік ұлттық қасиетін дәріптейтіндей қасиетіміз жоқ па? Өзіңді өзің тұқырта берсең, өзгелер желкеңе мініп алмай ма, кеудеңді таптамай ма?» деп жазғыратындар да бар.
Бұл аталы сөзге кім тоқтамайды?
Бірақ қоғам шындығы мен өмір ақиқаты жалғандық пен өтіріктің, алдау мен арбаудың салдары, зиянкестіктің азаптары, заңды аяққа таптаған арамзалардың қасқой әрекеттері халықтық сенімге селкеу түсіріп келгенін, әлеуметтік әділетсіздіктің бой алдырғанын қайда жасырып, қайда тығып қоясың?!
Ескі жүйедегі Қазақстанның келмеске кеткенін қалайтын ұрпақ осыны ұғуы тиіс.
Біздің қоғам ұзақ жыл бойы ұлтты сүю мен ана тілін қастерлеп, намыс отын жағу, рухты ояту, батырлыққа тәрбиелеу, халқымыздың беделін көтеру жолында аянбай қызмет етті. Ата салтына «мұра» деп қарайтын ұрпақтың саналы және өршіл болуын мұрат тұтты.
Алайда нарық жағдайында қазына байлығы, ел дәулеті талан-таражға түсіп, жер байлықтары алпауыттардың аузында кете бастады, халықтың жағдайы төмендеді, құлдық психологиядан құтыла алмай, адалдықтан адастырды. «Ал, біз жастар сол халықтың адасқан ұрпағымыз. Сол сара жолға түсе алмай, етек-жеңімізді жия алмай жүрген жайымыз бар» деген сөзді еститін құлақ болмады.
Пейілі кең, ниеті түзу қазақ халқының мейірімі арқасында ел бірлігіне сызат түспеді, бірақ реніш, ызаланған көңіл ауаны болды. Ескі жүйе билігі әділдік ұстану мұратына сәйкес өз халқын толық бағалай алған жоқ. Мансапқорлар жан-жағына жағымпаздарды жинады, елді бейберекетсіздік ұрындыратын жағдайларды қу дүние-игіліктердің артына ысырып, баю әрекеттерін пайдаланды.
Жоқ жерден мақтангерлік пен ұрандатудың соңы сыбайлас жемқорлықтың жаппай етек алуына ұласты.
Дәл қазір ұры-қарылар мен жемқорлардың қылмысына қарай ұсталып, жазаға тартылып жатқаны күнбе-күн тіршіліктің өзіне тән жағдайға ауысып кеткені қандай өкінішті. Бұл қоғамды әбден дендеп кеткен былық-шылықтан тазартудың тіке жолы болып отыр. Ұялатындай ештеңе жоқ, қайта қаншама жыл қызмет бабын және тамыр-таныстығын пайдаланып, билікпен етене озбыр топтарға арқа сүйеп, ойларына келгенін істегендер мен ар-ұятты ұмытқандарды қатаң заң алдында тәубесіне келтіруді әлеумет бірауыздан жақтап отыр.
Енді бізге өзгеден қауіп жоқ шығар, бірақ «іштен шыққан жау жаман» дегендей өзімізді өзіміз тұншықтырғандай, арамдық жасауға жол жоқ деуіміз керек. Дұрысы қоғамның барлық саласында жол бермегеніміз жөн. Бұл жәй сөз емес, таза орта, әділетті мекеме, ұйымшыл ұйымды қадағалау мен бақылауды заң жүзінде іске асыру міндеті. Мәселен, елімізде «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң бар. Бұл іске кез келген адам ортақ жауапкершілікпен қатысып, әділетті талап қоя алады.
Жан таптырмайтын мәселе, сол жегі құрт жемқорлыққа қатаң тыйым мен тойым болуы. Бұл қоғамға бір жұтым таза ауадай қажет.
Алаш арыстарының бірегейі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасырдың өтінде «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар», – деп жазыпты.
Не деген ақылды сөз.
Білгенге ишара.
Түсінгенге-тағлым.
Ахаңның «қазақтың бас адамдары» деп халықты адастырмас жолмен жүрудің ұлт алдындағы жауапкершілігін ескертіп, сезіндірудің құндылығы өз маңызын ешқашан жойған емес.
Алысқа бармай-ақ, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, одан кейінгі егемендіктің елең-алаңында, қалыптасу кезеңінде де Шерхан Мұртаза сынды қайраткер қаламгерлер халықты ашындырған, мұң-зарын зарлатқан ауыр жағдайларға өздерін кінәлі сезгендей, өздеріне арқа сүйеп отырғандығын елемей қалу емес жауапкершілігін мойнына алып күрескерлік жолға түскен жоқ па? Ар-ождан жауапкершілігі алдында ұлтжандылық пейілмен қайсарлық танытқан, халықтың сөзін сөйлеген қасиетті тұлғалардың барлығы да ел жадынан өшпейді.
Егер зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті болса, дәл осы мүддеден жамбылдық адамдардың дөп табыла білгенін тап басып айтуға болады.
Әріден Әулиеатаның рухани әлемінде елім деп еміреніп, жұртым деп жұтынып жұмыс істеген Тұрар Рысқұловтың, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның және басқа да дара тарихи тұлғалардың өшпейтін өжет өнегесі мен пір тұтқан тағлымының киесі де, рухани қуаты да бар екені бұрыннан байқалады.
Тәуелсіздік жылдары ұлт тарихын түгендеуге айрықша еңбек сіңірген тұлғалардың бірегейі академик-тарихшылар Мәмбет Қойгелдиев пен Талас Омарбековтың өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық қасіреті, Алаш тарихы мен ұлт зиялылары туралы еңбектері таңдаулы классикалық зерттеулер қатарында аталуда. Әулиеата жұртынан ақ бата алған осы екі тарихшы ғалым ағаларымыз өздерінің туған өңірінің оқиғалы тарихын тиянақтап зерттеуге көп еңбек етті. Адалын айтсақ, ел егемендігінің алғашқы жылдарында қоғамдық ой-сананы қалыптастырып, ел тірлігін түзеу, ұлт мүддесін қорғауды дәріптеуде әйгілі академик, ірі экономист ғалым Көпжасар Нәрібаев, философия ғылымының докторы, саясаттанушы Әбдеш Қалмырзаев пен тарихшы ғалым Бейбіт Қойшыбаевтар да белсенділікпен қызмет атқарды. Сондай-ақ, белгілі әдебиетші ғалым, әл-Фраби атындағы ҚазҰУ-дің атақты профессоры Жаңғара Дәдебаев осы Тараз-Әулиеата жер атаулары туралы аңыз әңгімелерді жинастырып, өлкеде кіндік қаны тамған, мұрасы ел аузында сақталған ақындар мен батырлардың өмірлерін архивтік деректермен тең өріп, өте құнды кітаптарды сыйға тартты. Ұлттық ғылым көкжиегінде ұлы ойшыл әл-Фарабидің физика, математика саласындағы еңбектерін алғаш зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген Ауданбек Көбесовтің ерен білімпаздығын пір тұтып, ізін қуған математик-ғалымдар Мұхтар Өтебаев, Нарғозы Данаев пен Жұмаділ Байғұншековтер есімі республикамыздан тыс жерде мойындалып, еліміздің ғалымдары арасында зор беделге ие болғаны анық.
Егемендік жылдар мен күндерде өзінің ішкі бірлігін нығайта алған өңір қайраткерлері мен жас буынның алғыр өкілдері халық тағдыры мен қоғамды демократияландыру мәселесінде мейлінше белсенді және жарқын бастамаларымен көзге түсті.
Бұл оң алғы шарттар мен нақты мысалдар тоқсаныншы жылдардың басында, Жоғарғы Кеңеске депутаттар сайлау кезінде таңдау анық көрінді, әдеттегіден мүлдем басқаша нәтижелерге қанықты. Атағы жер жарған өнер майталманы, КСРО халық әртісі қызық болғанда, Жамбыл қаласындағы жоғарғы оқу орнының ғалым-оқымыстысы, әлі көпшілікке таныла қоймаған Әшімжан Ахметовке ұтылды, ал облыс әкімінің бірінші орынбасары қиян түкпірдегі ауыл мектебінің мұғалім қызы Гүлмира Есембаевамен дауысқа түсіп, өтпей қалды.
Сол сайлауда жеңіске жеткен екі жас депутат одан кейін Жоғары Кеңес пен Парламент Мәжілісіне бірнеше мәрте сайланып, саяси қызметтің мәдени соқпағында абыройлы болды. Комитет төрағасы, Спикердің орынбасары, вице-министр, бірнеше жоғарғы оқу орнының ректоры, Алматы қалалық оқу басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Ашық демократиялық сайлаудың алғашқы тынысы ашылып, Тараз ипподромында ұлттық көкпар ойыны өтіп жатқанда Шераға атан жілік жігіттердің буырқанған рухын, алапат күші мен тұлпарларының ауыздығымен алысқанын, жанкүйерлердің мың санына қарап отырып: «Көкбөрінің көкке жеткен өр рухы ежелгі Таразда қонақтап қалғандай екен-ау», – деп сүйсініпті. Рас, олжа салудан Әулиеата көкпаршылары он мәрте республика жеңімпазы болды. Мұны айтқанымыз, оңтүстікте қуаныш тойларына көкпар беретін дәстүр бар.
Саясат та, сайлау да көкпар сияқты тартыстан тұрады. Қиқу да салдырады, қалың дүрмекте, дода айқасында қызбалыққа да ұрындырады. Салқын қабақ құтқарады. Рухы мықты тарландар бәрібір суырылып шығады.
Кешегі кеңестік дәуірде де, одан кейін тәуелсіздік ақ таңы атқанда жергілікті журналист, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Арғынбай Бекбосынның даңқы дүрілдеп шықты. Ол ТМД Журналистері конфедерациясының сыйлығын алған алғашқы қазақ қаламгерінің бірі болды.
Қазақстандық басылымдардың арасынан сөз бен ой бостандығының жылымығын пайдаланған «Аq jol» газетінің абыройы асты, журналистерінің кеңестік жүйенің құрбаны болған Асанбай Асқаровтың Бішкекте өткен сотынан репортаждар жариялап, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін үйінде отырып, оқшауланып қалған Дінмұхаммед Қонаевтай ел сүйген ұлы адаммен алғашқы болып сұхбат жүргізгені ақпарат әлемінде ерекше бағаланып, аталып өтті.
Қарымды қаламгер, батыл редактор және қоғамдық-саяси оқиғалар мен жергілікті биліктің жұмысын өткір сынға алған мақаларымен жұртты өзіне қарата алған журналистің қайраткерлік өмірбаяны осылай басталған-ды. Азаматтық және қаламгерлік беделінің арқасында ол бірнеше мәрте Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сол жылдары қазақ және орыс тілінде бірнеше роман, повесть жазды. Публицистикалық туындылары оның азаматтық болмысы мен батыл көзқарастарын жұртшылыққа кеңінен таныта түсті.
Өзінің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, парасатты көзқарастары мен шығармашылық ізденістері арқылы еліміздің танымал тұлғалары қатарынан өз орнын тапқан қайраткер қаламгер мәртебелі қызметін абыроймен атқарып болған соң туған қаласына қазыналы ел ағасы болып оралды. Сол ұмытылмас сәтте ел ішінде рухтас, қатарлас әріптестері де аз емес еді.
Тоқсаныншы жылдардың тегеурінді толқыны және содан бергі шиырығып, шыңдалған шамшырақтары десек те болады.
Әйгілі ғалым, білікті саяси басшы, танымал мемлекет қайраткері Марс Үркімбаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әлмұқан Исақов, академик-әдебиетші Мекемтас Мырзахметов, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Әшімжан Ахметов, осы оқу орнының проректоры, беделді тұлға Лесхан Байсеркеев, түрлі лауазымды қызметте тұғыры биік болған Тұрсынхан Мүсірәлиев, академик-хирург Сейітхан Жошыбаев, әйгілі кино және театр режиссерлары Тұрар Дүйсебаев пен Қуандық Қасымов, белгілі мемлекеттік қызметкер Жандар Кәрібаев, көпшілікке танымал ақын-жазушылар Жақсылық Сәтібеков, Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаұлы, Елен Әлімжан, Қуандық Шолақ, Несіпбек Дәутайұлы, Нарша Қашағанұлы, Пернебай Дүйсенбин, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасарова, таным-тағлымы мол кесек сөздің иесі Әлібек Әмзеұлы, қоғам қайраткері, атақты дәрігер Сағындық Ордабеков, мәдениеттанушы Тәкен Молдақынов, өндіріс саласының ірі ұйымдастырушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, сондай-ақ Нілзия Рақышева, Лидия Ахметова секілді қазақ қыз-келіншектері арасында ауданның бірінші басшысы болған ардақты кісілер ел аузында еді. Зиялы қауым ізгілікті мәдени тұлғалар Баттал Жаңабаев пен Әкім Садықбековтың достығы мен кіршіксіз таза адамгершілігін жырға қосып айтып, аузы дуалы жандарға балады. Ал, Алатаудай айбарлы тұлға, халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен қазақ поэзиясының таңшолпаны, көрнекті ақын Күләш Ахметованың туған өлкесі Таразға қоныс аударып, көшіп келуі ел рухын көтерді, мәдени ортаның мәртебесін арттырды. Әдеби шығармашылық ортаның мерейін өсірді. Елге ес пен сес болған ерлер мен ардақты жандардың тоғысуы талғампаз журналист Болат Мәуленов арнайы сыр тартқандай, бірнеше буынның жұлдызды жылдары, толқынды дәуірі туғандай әсерге бөледі.
Қайсар тұлғалардың баспалдақтары мен өрлеу жолдары тіптен кездейсоқтық деуге болмайды, түпкі негізсіз ешнәрсе жетістік те, табыс та әкелмейді.
Нақ осы арада зиялы қауымның жеке-жеке дарадан құралатын ішкі рухы мен тұтастығының болуына себепкер және ізбасар қайраткер азаматтар қатары қалыптасқанын айтуымыз керек. Бүгіндері қоғамға ықпалды, ел ағаларының жалғасы, мәдени-зиялы, ілімді, парасатты және халықшыл толқыны Батырбек Құлекеев, Махметғали Сарыбеков, Асқар Әбдуалы, Масат Берік секілді ақберен азаматтарға тиеселі екені сөзсіз.
Әдебиет пен журналистикада адалдық атты талант бар: жамбылдық жампоздардың ішінде замандас Мақұлбек Рысдәулет пен Көсемәлі Сәттібайұлының қызметі мен еңбегі елеулі екенін ескеруіміз керек. Екеуі де қалам ұстаған, қалам ұштаған, ал қаламының ұшында қайраткерлігі анық бар еді. Екеуі де республикалық басылымдардың өңірдегі меншікті тілшісі бола жүріп, жұртты алаңдатқан ең зәру, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қопарып жазды. Ірілердің інісі болуға ұмтылған арманы да алдамады. Кейін олар облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы болды. Рас, Шерағаның шекпенінен шыққан олардың өзіндік шығармашылық ізденістері мен редакторлық біліктілігі тарихи газеттің беделіне бедел қосты. Жазатын журналист, жазатын редактордың ежелгі дәстүріне адал болды. Екеуі де облыстық мемлекеттік архивтің директоры қызметтерін атқарды. Бұл сәйкестіктің сыры неде? Ол-сенім. Қазақи қалыппен айтсақ, өздерін өз істерімен сыйлата алған мінезді және қабілетті қаламгерлер бірін-бірі іштей қолдады, ел мұраты нені армандайтынын жақсы білгеннен соң өшпес із қалдыруға тырысты. Ер Мақаң деректі прозаның майталманы әрі ақиқат алдында қайраулы қылыш болса, Көсемәлі үшін жазушылық пен журналистика қос қанатындай болды, көркем ойдың шеберлігі, ұшқырлығы мен тапқырлығы талантына тән дүниелер.
Тіпті, М.Рысдәулеттің облыс тарихына қатысты 20-ға жуық дерек кітаптың авторы, құрастырушысы болуы көз майын тауысып, маңдай тері төгілген орасан еңбек емес пе?! К.Сәттібайұлының да архивте талай жыл шаң басқан, жабулы жатқан тұлғалардың дерегін аршып алып, жарыққа шығарғаны өз алдына бір төбе.
Мына мейірімі аздау, ақылдары ақшаға ауысыңқырап кеткен уақытта абзал жандардың бір іздеушісінің бар болуы да бақыт. Ал, оның қадірін білетін қоғам қайда? Таланттың қадірін білетін әкімдер қайда?
Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі қоғам қайраткері, ел-жұрт тарихының білгірі Әлібек Әмзеұлының екі том естеліктер кітабы жарық көрді. Бұл елеулі мәдени жаңалық болды. Тұнып тұрған театр мен өнер иелерінің, мәдениет саңлақтарының өмір тарихы дерсің. Сыр сандықты ашып қарағанда, қаншама ұлағатты сәттерге кез боласың. Көркемдік деңгейі де жоғары. Дәл осындай құнды кітаптарды құнттау және ел мүддесі жолында күрескен, жұрт жадында сақталған ардақты тұлғалар туралы жәдігер кітаптар шығаруды жергілікті әкімдіктер ойластырғаны абзал.
Ақылдылар ішкі рухты және ұрпақтар тәрбиесіне қажетті нәрселерді ертерек ескеретін болады.
Жұрт не айтса да біліп айтады.
Біз осы өңірде әр кезеңде басшылық қызметте болған жақсы-жайсаңдардың естеліктерін тыңдап, жазғандарын оқығанда «Дәл Жамбылдың қарияларындай қасиетті, тура жолға түсірген мейірімді жандарды көп кездестірген жоқпыз» деген ойларын сезіндік.
Бұл енді біздің қария кісілердің салып кеткен сара жолы, әдемі дәстүрі.
Ілгеріде өткен ірілердің іргелі істеріне ізет, ілтипат, әркез тағзым.
Шіркін, туған жеріміз бен елімізді өркендетуге бейбіт заманда жанын аямай тер төккен, өз көзқарастары мен дүниетанымына сай ұлтқа қызмет еткен ардагерлердің (дені майдангерлер) тізімі тым ұзақ болмақ. Бірін біліп, кейде бірін білмей қалуымыз мүмкін. Солай болса, ғапу өтінеміз. Күні кеше көз көргендер Ә.Сандыбаев, У.Әлімходжаев, Т.Төребеков, А.Алпысбаев, Ө.Досыбиев, А.Өтеулин,Т.Жамбылов, Т.Темірбеков, Р. Келесов, Х.Яшев, осы ағалар тәріздес Е.Дадабаев, Ж.Тәжібаев, Ж.Майқанов, С.Жанәбілов, Т.Абдрахимов, Щ.Шарафутдинов…олардың өнегелі істері ұрпақтар жадынан шықпайды, әрине, өмір толқыны осылай өз кезегімен жалғаса бермек. Үлкендердің үлгісі кісілік болмысымен де заманымыздың шын бейнесін танытады. Әсіресе, қан майданда ерлік көрсетіп, Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралып, әртүрлі деңгейде мемлекеттік және халық шаруашылығында түрлі деңгейде қызметте басшы, жетекші болған тарланбоз ағаларымыз шын мәнінде қиын кезеңдерде туған елдің құты, тазалықтың тұмары, адал еңбектің айбыны, ынтымақ-бірліктің тұтқасы болды.
Жамбылда заман шежіресін түгендеп, ұлтымызды ұйыстыру, рухты ояту жолында қалам қуатын жұмсап келе жатқан жазушылар мен журналистер, публицистердің қалың шоғыры әр дәуірдің дәйім дұрысын айтуда.
Қадірлей алсаң, қасиетің, қасиетті болғаның.
Біз осы мақаламызды ойласу мақсатымен жазған тұста қалың халық арқа сүйеп, сенім білдірген тұлғалардың қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігі мен міндетінің айрықша екенін, соған сәйкес оларға деген құрметтің де лайықты болуын жөн санағанбыз.
Кез келгені кез келген сұрақты қоя алатын және оған тиісті, үнемі айқын жауап алатын жаңашылдықты, турасында жұмыс стилі мен қарым-қатынасты қалыптастыру дәстүрінің мәні зор.
Айталық, облыс әкімдігіне бір ғана сұрақ: «Сегіз жылдан бері қаңтарылып тұрған «Көне Тараз» музейі қашан жұмыс істейді?»
Айқын жауап беру «Еститін Үкімет» қағидасына сай келеді.
Жанашырлық таныту, әділеттілік орнаған қоғамға қамқор болу ел тұлғаларының әрдайым басты парызы болмақ.
Замандар ауысуында ұлттық келбеті бар, өз дәулеті өзіне жеткілікті, қарқынды даму жолына түскен жаңа Қазақстанның келешегі мен болашағы жолында «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» қағидасының мәні еліміздегі қасиетті тұлғаларды әрдайым құрметтеумен де қадірлі.
Қашанда болмасын, адамгершілік ізгіліктері мол, қоғам дамуына сіңірген еңбегі ерекше бағалы жандар «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз» (Ж.Аймауытов) дейді.
Тарихы бай өлкенің шежірелі өмірін жатқа білетін және соған сай адал сөзін аямайтын зиялы досым Қырғызәлі Тілеуовтың әдемі тілімен айтсақ, біз білетін жамбылдық қасиетті тұлғалар туралы әңгіме бір таңға бітпейді. Бірақ мұның таңқалатын несі бар, әр ұрпақ асыл жандар салған сүрлеулерді жаңаша таниды, басқа тұстан келіп табады.
Әулиеата ұрпақтарының сабақтастығы жаңғыра бермек, жасара бермек…
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді