Тарихи мекенге зиярат
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Наурыз мерекесі елімізде ерекше салтанатпен тойланды. Өңірлердегі Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Атап айтқанда, Әулиеата жерінде өткен Наурыз мерекесінен де ерекше әсер, терең мазмұн, таусылмас тағылым қалды. Ұлттық өнеріміз, салт-дәстүріміз ұлықталды, халқымыз тағы бір рухтанды. Әсіресе, жастардың алған әсері бөлек. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Ұлыстың Ұлы күніне ерекше маңыз беріп, назар аударды. Осы күні облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, ардагерлері және Таразда өткен халықаралық ауыл шаруашылық форумына Түркиядан келген жетпіске жуық қонақтар арнайы автобустармен Түркістан қаласына барды.
Зиялы қауымды, ардагерлерді және түркиялық қонақтарды Түркістан сапарына облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өзі шығарып салып, сәттілік тіледі.
– Жыл басы Наурыз мерекесі – Ұлық күн. Күн мен түн теңелетін осынау мезгілді халқымыз ерекше қадірлеп, жақсылыққа балаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі биыл ерекше тойлануда. Біз Таразда өткізілген халықаралық ауыл шаруашылық форумын да Наурыз мерекесіне орайластырдық. Бүгін жамбылдық жүзге жуық зиялы қауым өкілдерін және аға буын ардагерлерді, түркиялық қонақтарды Түркістан аймағына зиярат жасауға арнайы жіберіп отырмыз. Сапарларыңыз сәтті болсын! Жолдарыңыз болсын! Наурыз мерекесі құтты болсын, – деді облыс басшысы.
Мұнан соң жамбылдық делегация қасиетті Түркістанды бетке алды. Түркістан сапарында облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек пен облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев жол бастап жүрді.
Делегация құрамында ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, әнші-композитор Әбиірбек Тінәлі, актер Жүніс Әлімбек, республикалық «Салық тәртібі» газетінің директор-бас редакторы Ғалым Қасабай, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілов, Жуалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева, ақын Ғайни Әлімбекқызы бастаған зиялы қауым өкілдері бар.
Әулиеаталық делегация әуелі көршілес облыстың Отырар ауданының аумағындағы Арыстан баб кесенесіне зиярат жасады. Осы жерде Бейбарыс Сұлтанға, әл-Фарабиге арнайы белгі тас қойылған екен. Арыстан баб кесенесіне барар жолда бірнеше өлең жолдары жазылыпты. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауидың:
Басынан әркімнің бұл жалған өтер,
Баянсыз жатпай жиған мал да бекер.
Қарындас, ата-анаң қайда кетті,
Ағаш ат солар мінген саған жетер.
Қожа Ахмет, ұста қақты назарыңа,
Қорлық бар Тәңірімнен жазалыға.
Орындап мұратыма жеттім міне,
Ораза, намазыңды қаза қылма, – деген хикметі назарымызды аударды.
Жамбылдық делегация осы қасиетті қорымда жатқан қазақтың дара перзенті Өзбекәлі Жәнібековтің рухына Құран бағыштады.
Келесі сәтте жамбылдықтар Түркістан қаласында болып, Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етіп, зиярат жасады. Сол қорымда жерленген хандар мен билердің рухына Құран бағыштады. Жамбылдық делегациямен бірге Тараз қаласында өткен халықаралық ауыл шаруашылық форумына Түркия елінен келген жетпіске жуық түрік бауырларымыз да бірге зиярат етті.
Түркістандық танымал кәсіпкер Базарбай Зүбайділдаұлы жамбылдық делегацияға және Түркиядан келген қонақтарға дастархан жайып, ауызашар берді.
Ауызашар рәсімінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек және Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, жылы шыраймен қарсы алған түркістандықтарға алғысын білдірді.
Келесі сәтте түркиялық «ECOSA» халықаралық ұйымының президенті Ылдырай Генчер, TURKTOB төрағасы Өмер Гюллер жамбылдықтар мен түркістандықтарға шынайы алғысын білдірді. «Біз осы сапарымызда Арыстан баб, Ахмет Ясауи кесенелеріне тағзым еттік. Түркістан – Түркі халықтарына ортақ. Түбіміз бір, тарихымыз бір. Бауырластығымыз арта берсін», – деді.
Сондай-ақ, Тараз қаласының Құрметті азаматы Өмірбай Сабыров, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын Шырын Мамасерікова, композитор Әбиірбек Тінәлі бастаған жамбылдық зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Наурыздың қасиеті мен маңызына, екі облыс арасындағы достыққа терең тоқталды. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзіретберген Жарылқасын барлық қонақтарға алғысын айтты. Кәсіпкер Базарбай Зүбайдаұлының атынан барлық қонақтарға естелік сыйлықтар таратылып, әруақтарға бағышталып Құран оқылды. Ақсақалдар ақ бата берді.
Мұнан соң жамбылдық делегация мүшелері Түркістан қаласының жаңа құндылықтарымен танысып, көрікті жерлерін аралады.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз –Түркістан –Тараз
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді