АҚЫЛДЫ БАСШЫ АЙТҚЫЗБАЙ БІЛЕДІ

АҚЫЛДЫ БАСШЫ АЙТҚЫЗБАЙ БІЛЕДІ
ашық дереккөз
АҚЫЛДЫ БАСШЫ АЙТҚЫЗБАЙ БІЛЕДІ

Қыс мезгілінде көлік қатынасы көп әбігерге салатыны бар. Өңірімізден өтіп жатқан республикалық мәндегіден бастап, елді мекендер арасын жалғайтын жолдардың кей жерлерінде көк тайғақ мұз бен қалың қар жатса, енді бір бөліктерін қалың тұман басып, көлік қатынасын тоқтатуға тура келеді. Биылғы қыстың жайлы болуына байланысты мұндай қиын мәселелер туындай қоймағанымен, жауапты мамандар түрлі жағдайға сақадай сай тұрулары тиіс. Облыс әкімі аппаратының жиынында бұл мәселе бірінші кезекте қаралды. Жалпы, биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға 147,9 миллион теңге бөлінген. Жолдарды қысқы маусымда күтіп ұстау мен сақтық шаралары туралы облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта облыс бойынша он бір мердігер мекеме жұмыс істеуде. Алты елді мекенде жылыту пунктері орналасқан. Сондай-ақ, тайғаққа қарсы құм мен тұз тиісті мекемелердің базаларында жинақталған. Қыс ортасынан ауып бара жатса да оған дайындық жұмыстарының әлі аяқсыз қалып отырғаны облыс басшысының сынына ұшырады. Мысалы, төтенше жағдай орын алғанда полиция, төтенше жағдайлар департаменті, «ҚазАвтожол» ҰК» облыстық филиалымен бірлескен іс-әрекет ететін жоспар бірде-бір ауданда жоқ. Сонымен қатар, Талас, Мойынқұм және Байзақ аудандарында мердігер компаниялар әлі де анықталмаған. Ал Сарысу ауданы келісім-шартқа отырған «Көріктендіру және көгалдандыру» серіктестігінің қажетті техникасы талапқа сай емес. Барлық ауданда қыс маусымында көліктің қауіпсіз жүруін қамтамасыз ететін уақытша жол белгілері орнатылатын жерлер жергілікті жол полициясы бөлімшелерімен келісілмеген. Ал Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу, Шу, Жуалы және Мойынқұм аудандарында уақытша жол белгілері жоқтың қасы екен. Мұндай салғырттықты естіген облыс әкімі К. Көкірекбаев аталған аудан басшыларын жеке-жеке сұрақтың астына алды.

«Қыс қыспайды деме» деген сөз бар. Ауа райының жайлылығына арқа сүйеп, жайбарақат отыра беруге әсте болмайды. Табиғаттың қай шақта тосын мінез танытатынын біліп болмайсың. Сондай шақтардың бірінде келеңсіз жағдай орын алып жатса, таяқтың бір ұшы тікелей облыс басшылығына тиетіні сөзсіз. Сондықтан, ауданның атқамінерлері әкімнің берген тапсырмаларын тиянақты орындап, жасалған жағдайдың игілігін халыққа көрсете білулері керек. Өндірісі өркендеп, қай салада да қарыштап алға қадам басқан қазақ тұрмысын малсыз елестету мүмкін емес. Бағзы заманнан малдың бабын білген бабалар жолы бүгінгі дамудың заманауи үдерістерінде жетіле, толыса түсуі хақ. Бабын білдік десек те, әсіресе қыс мезгілдерінде шалғайда жатқан малды ауылдарда сан соқтыратын жағдайлардың болып тұратыны жасырын емес. Жалпы, мал қыстату кезеңі көп күш-жігерді, қырағылық пен алда болатын қауіп пен қатерді болжай білу қасиетін талап ететін ерекше шақ. Облыс әкімі аппаратының жиналысында бұл мәселе де кеңінен талқыға түсті. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Нұралиев аталған мәселе бойынша хабарлама жасады. Ол өз хабарламасында облыс бойынша қыстауда қанша мал бар екенін, оларға арналып жиналған жемшөптің жайын баяндап берді. Басқарма мамандары аз ғана уақыт бұрын бірқатар қыстауларда болып, ондағы мал мен малшының жағдайымен танысып қайтқанын айтты. Олардың берген дерегінше, бүгінде облыстың барлық малшылары мамыражай күн кешіп жатыр екен. Бұл басқарма басшысына да облыс әкімі бірнеше сауал қойды. Соның ішінде, ит-құстың малға шабуыл жасап, қанша зиян тигізіп отырғандығы, мал суаратын құдықтардың жай-күйі, бүгінде облыстың барлық түкпірін жайлаған малшылар мен сол шаруашылықты басқарып отырған азаматтардың арасындағы еңбек шарттары, мал ұрлығы сынды өзекті проблемалар бар. Әсіресе, қараша халыққа қиын соғып тұрған мал ұрлығының жолын кесу, бұл мақсаттағы барлық шараларды күшейту керектігін тапсырды. Жуық арада тиісті тұлғалардың басын қосып, осы мәселеге байланысты кеңейтілген отырыс өткізетінін жеткізді. Осылайша, облыстың бірінші басшысы халық еңбегін құрдымға кетіріп жүрген қарақшыларды құрықтауды қатаң қадағаламақ. Облыстың ішкі ахуалымен қатар, сыртқы идеологиясын, қарым-қатынасын дұрыс жүргізіп отыру да жергілікті билікке жүктелген үлкен міндет. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – облыс әкімінің ҚХР Шэньси провинциясына жасаған жұмыс сапары болды. Бұл байланыстың біздің облыс экономикасы мен мәдениетіне, біліміне берер пайдасы жайлы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Тұрмаханбетова хабарлама жасады. Сапар нәтижесінде қытайлық «Да И» компаниясы облысымызда жаңартылған энергия көздерін пайдалану саласы бойынша жел электр стансасының құрылысын жүргізетін болса, аграрлық салада жаңа жоғары технологиялық, аграрлық, инновациялық парк ашу да келісілді. «Шэньси» іскерлік корпорациясы да облысымызға инвестиция құюға мүдделілік танытып отыр. Ал, мәдениет саласы бойынша мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға сай бірлескен халықаралық фестиваль Тараз қаласында қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ, ҚХР өнер қайраткерлері Жамбыл жерінде өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатыспақ. Сонымен қатар, Тараз педагогикалық университеті мен Сиань педагогикалық университеті арасында әріптестік орнатылып, екі жақтың студенттері мен оқытушылары білім мен тәжірибе алмасатын болды. Жалпы, жамбылдық делегация мүшелері облыстың экономикалық, мәдени, туризм және білім беру саласындағы әлеуетін таныстыруға арналған форумға қатысқан екен. Аппарат жиналысы соңында облыс әкімі К. Көкірекбаев облыс аумағында орналасқан су қоймаларының мәселесіне де назар аударды. Алдағы егістікті суару науқанында су тапшылығын болдырмас үшін бұл бағытта да қам-қарекет жасап, барлығын алдын-ала әзірлеп қойған абзал екенін ескертті.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар