1300 градус ыстықтағы арпалыс

1300 градус ыстықтағы арпалыс
ашық дереккөз
1300 градус ыстықтағы арпалыс

«Қазфосфат» ЖШС – қайта құрылған 14 жылда 380 миллиардтан астам теңгенің өнімін өндіріп, ел экономикасындағы негізгі локомотив компаниялар қатарына қосылды. Сонау кеңестік дәуірде негізі қаланған бұл компанияның өнімі әлем елдерінде үлкен сұранысқа ие.

Бүгінде жамбылдық зауыттарда өндіріліп жатқан 20-дан астам химиялық өнімдерді әлемнің 33 мемлекеті өздеріне импорттап отыр. Сондықтан, өндіріс техникасы мен технологиясы сәт сайын инновацияланып жатқанда, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін көштен қалып қоюға тағы болмайды. «Қазфосфат» зауыттары да жыл сайын инновациялық жобаларды өндіріске енгізіп келеді.

Дегенмен, қанша жерден инновация енгізіліп, зауыт жұмысы жаңғыртылғанмен бәрібір адам күшінсіз өндіріс толық жүзеге аспайтыны анық. Серіктестік кәсіпорындарында қазір 6 мыңнан астам адам еңбек етуде. Сол алты мыңның арасында жүрген Жомарт Ержігітов бүгінде «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» сынды алып зауыттың нағыз «жүрегінде» тер төгіп жүрген маман. Жамбыл политехникалық колледжін механика мамандығы бойынша бітірген Жомарт 2001 жылдан бастап осы зауыттың пеш цехында жұмыс істеп келеді. Алғашында шлак маманы болып кірген ол біраз еңбек жолдарынан өтеді. Жұмысқа деген жауапкершілігі мен еңбекке деген ынтасының арқасында одан әрі жоғарылап, дистанциялық қадағалау пультіне отырады. Негізгі өнім – сары фосфор алынатын цехтың бүкіл жүйесі Жомарттың көз алдында, бірнеше мониторда көрсетіліп тұрады. Бұл міндетті 5-6 жыл абыроймен атқара алған оны басшылық тағы да жауапты орынға бекітеді.

Ол – 1300 градус ыстықта бірнеше өнім алынып жатқан алып пештің - зауыт «жүрегі» тамырының соғысын қадағалап отыратын аға аппаратшы әрі бригадирлік қызмет. Бір пештің төңірегінде іске қосылып тұрған қаншама қондырғы бар. Соның бәрі бүгінде негізінен Жомарттың қатаң қадағалауына тапсырылған. Мамандардың жұмысын бақылап қана қоймай, керек кезінде оларға қолғабыс жасайды. Оның дәл осылай еңбек етіп жүргеніне 7 жылға жуықтапты. 

Жомарт – Жамбыл ауданының тумасы. Қазір қала азаматы. Басында зауытқа қарапайым жұмысшы болып қабылданған ол «Еңбек бәрін жеңбек» нақылын санасына сіңіріп, бүгінде озаттардың қатарынан көрініп жүр. Үйленген. Екі ұл, екі қыздың әкесі. Ата-анасы да қолында. Үлкен отбасы болып тіршілік кешіп жатқан Жомарт Ержігітов 2000 жылдары жұмысқа кіру қиын болғанын жасырмады. «Әйтеуір жолымыз болды. Сондықтан өзімізді көрсетіп, өз күшімізбен көтерілуге тура келді. Өндіріс барысында көмектесіп, білгенін үйреткен ағалар аз болмады. Қазір өзіміз де сондай дәрежеге жетіп қалдық. Кейінгі жылдары жастар қатары артып келеді, себебі мұнда жалақы тұрақты әрі уақтылы беріледі», – дейді ол. Жомарт та жыл сайын жұртпен бірге білімін жетілдіріп, емтихан тапсырып тұрады. Өйткені, кәсіпорын өнімдері экспортқа кетіп жатқандықтан, оның сапасы жоғары болу керек. Сәйкесінше, 1300 градустық пеш ішіндегі өндіріс үдерісі де сапалы атқарылуы шарт. Ол үшін, Жомарттай жігіттердің жанкешті еңбегі ауадай қажет. Ол емес, ауылдағы пештің өзі кейде көмір саларда бет қаратпай кетеді. Ал мұндағы температураға қалай да болса шыдау керек. Өйткені өндірісте кідіріс жасауға болмайды. Күл шұқуға салынған ұзын темір көзімізше лезде ағаш сияқты жанып кетіп жатты. Темір шыдас бермеген пеш алдындағы Жомарттай мамандардың еңбегін нағыз арпалыс, ерлік дерсің.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар