Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Әкім бол, халқыңа жақын бол!
ашық дереккөз
Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Облыс әкімі есебінде көтерілген мәселелер шешімін табуда

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс әкімі 2013 жылдың қорытындысы бойынша 2014 жылдың 19 ақпанында тұрғындар алдында есеп бергені белгілі. Бүгінде іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бақылауға алынған 26 мәселе кезең-кезеңімен іске асырылуда. Аталған мәселелердің 16-сы өз шешімін тапса, қалған 10 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Есеп беру жиынында көтерілген мәселелердің орындалу барысы бұған дейін де бірнеше рет облыстық газет беттерінде жарияланған болатын. 2014 жылдың желтоқсан айында бақылаудан алынған мәселелер бойынша келесі жұмыстар жүргізілді: Жергілікті сүт өнімдерін өңдеу зауыттарының шикізат тапшылығын жергілікті шаруашылықтар өнімі есебінен қажетті деңгейге жеткізу жолдарын қарастыру, зауыттардың өндірген өнім көлемін көбейту бойынша облыс әкімінің төрағалығымен сүт фермалары, сүт зауыттары және қаржылық институттар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізіліп, нақты шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде біршама жұмыстар атқарылды. Айталық, пилоттық жоба ретінде Жуалы ауданында орналасқан «Бурный ірімшік зауыты» ЖШС өз қаражаты есебінен 40 миллион теңге бөліп, кәсіпорынға жақын орналасқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 230 сауын сиыр таратылып берілді. Сатып алынған сиырлардан сауылған сүт кәсіпорынға белгіленген бағада өткізіліп, бөлінген қаражат өніммен өтелетін болады. Осы жобаны барлық аудандардағы сүт зауыттарына тәжірибеге енгізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Облыста «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көліктік дәлізінің бойында 100, 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын құру жоспарланып, құрылысқа қажетті инфрақұрылым, жер телімдері бөлінген. Осы жоба аясында облыс аудандарында 13 сүт тауарлы фермасының құрылысы аяқталып, сүт бағытындағы асыл тұқымды мал сатып алынуда. Жалпы 2017 жылға дейін 57 шаруашылық іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жобаларды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қол жеткізілді. 2014 жылы осы қор арқылы 3 жоба, ал 2015 жылы 8 жоба жүзеге асатын болады. Жергілікті атқарушы органдары өз кезегінде бұл шаруашылықтарды тиісті жер телімдерімен қамтамасыз етіп, құжат рәсімдеуде қолдаулар көрсетуде. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Жуалы ауданының «Гамбург» ЖШС-ның 600 басқа арналған заманауи сүт фермасын құру жобасы жүзеге асырылуда. Сүт фермаларын салу жобаларын ынталандыру үшін 50 бастан 200 басқа дейін сүт фермаларына жабдықтар, техника және мал сатып алу шығындарын өтеуге 50 пайызға дейін инвестициялық субсидия қарастырылды. Ал 200 бастан жоғары ірі сүт фермаларын салуға кеткен шығындарының 20 пайызы субсидияланатын болады. Сонымен қатар, осы фермаларды мал азығымен қамтамасыз етуге қажетті техникалар сатып алуға кеткен шығындарын 50 пайызға дейін өтеуге инвестициялық субсидиялар берілуде. Облыстағы сүт малы табынының басым бөлігі тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарында екендігін ескере отырып, 500 бастан жоғары сауын сиырлары бар 145 елді мекенде сүт қабылдау пункттерін ашу жоспарлануда. Бүгінгі күнге «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ арқылы 18 салқындатқыш танкер алынып, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-на 34,1 миллион теңгеге 8 дана және «Көкжиек-2030» ЖШС-на 44,5 миллион теңгеге 10 дана лизинг жүйесімен беріліп, облыста нақты 36 сүт дайындау орындары жұмыс істейді. 2014 жылы алғаш рет сүт өңдеуші кәсіпорындарға сары май, қатты ірімшік, құрғақ сүт өндірісіне қажетті шикізат көлемін сатып алу шығындарын субсидиялауға 277,9 миллион теңге қарастырылып, толық игерілді. Бұл өз кезегінде облыстағы сүт зауыттарының қаржылық жағдайын жақсартып, жүктелімін арттырып, өндірілген өнімдерінің бағасын арзандатты. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ аясында өңір кәсіпкерлерінің бәсекелестігін арттыру үшін өте маңызды шара. Сондай-ақ, бүгінгі күні 3 шаруа қожалық «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизинг жүйесімен израильдік «Тесса» фирмасынан сүт өнімдерін өңдейтін заманауи қондырғыларды алуға тапсырыс беріп, құжаттарын рәсімдеуде. Жоғарыда аталған мемлекеттік қолдау шараларын насихаттау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингісінің, 2-деңгейдегі банк өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл қаржылық институттар мен ауыл шаруашылық құрылымдарының белсенділігін арттыруға үлкен септігін тигізді. Атқарылған шаралардың нәтижесінде облыста өндірілетін сүтті қайта өңдеудің үлесі 30,2 пайыздан 40,0 пайызға ұлғайды. Алдағы жылдары облыста өндірілетін тауарлы сүт көлемін 300 мың тоннаға дейін, сүт өңдеуші кәсіпорындарының жүктелімін 2015 жылы 60 пайызға, 2016 жылы 75 пайызға, 2017 жылы 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. Есепте көтерілген мәселенің бірі – сексеуілдің заңсыз кесілуіне жол бермеу. Облыстық орман қоры жерінде 2014 жылы заңсыз ағаш кесудің 127 оқиғасы тіркелді, оның ішінде 89 хаттама және 38 кесім толтырылды. Заңсыз кесілген орман ағаштарының көлемі – 406,4 текше метр, тәркіленгені – 177,7 текше метр. Заң бұзушыларға 801,7 мың теңге айыппұл салынып, оның 572,7 мың теңгесі немесе 71,4 пайызы өндірілді. Келтірілген зияны – 1606,5 мың теңге, өндірілгені – 959,3 мың теңге немесе 60 пайыз. Заңсыз ағаш кескені үшін 36 іс құқық қорғау органдарының қарауына берілді, оның ішінде 21 іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. 21 қылмыстық істің 17-сі сотта қаралды. Орман қорғау бағытында өздеріне жүктелген міндеттерді атқару барысында жіберген кемшіліктері үшін Мойынқұм, Қосқұдық, Көктерек және Меркі орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары қызметтерінен босатылды. Облыста санитарлық тазалық, абаттандыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы облыс көлемінде ұйымдастырылған көктемгі және күзгі тазалық, көгеріштендіру айлықтары кезінде бекітілген іс-шараларға сәйкес, 26 мың 715 дана тал көшеттері, 20 мың 860 шаршы метр гүлзарлар мен 8 мың 380 шаршы метр көгал орналастырылды, 6 мың 11 шақырым арық және каналдар, 2,6 мың шақырым көшелер, 176 мың 121 шаршы метр саябақтар мен скверлер тазартылды, кездейсоқ күл-қоқыс орындарынан 10,4 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінген 1 521,2 миллион теңге қаржы игерілді. Елді мекендердің мәдени келбетін көтеру, санитарлық тазалық жағдайын арттыру жұмыстарына орта есеппен 60-65 мың адам қатысып отырды. Сонымен қатар, жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен өткен жылы 2812 адам жолдамамен қоғамдық жұмысқа тартылып, бюджеттен бөлінген 532,8 миллион теңге игерілді. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында Тараз қаласы бойынша барлық қоғамдық көліктерде GPS бақылау жүйесін орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Тараз қаласындағы барлығы 527 автобус және шағын автобустардың 50 пайыздан астамына GPS бақылау жүйесі орнатылған. Бұл іс-шараны тиісті компаниялармен келісім жүргізіп, тасымалдаушылармен бірлесіп, «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС айналысуда. Облысішілік, ауданаралық (қалааралық) бағыттарда қызмет көрсететін 278 автобусқа навигациялық GPS жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта автобустың нақты уақыттағы қозғалыс мекені, жылдамдығы, рейстегі автобус мәліметі, жүру кестесін бұзу туралы нақты уақытта, күнделікті, апталық, айлық, тоқсандық және жылдық мәлімет алу үшін тиісті жүйе жасалуда. Аталған жүйені құруға облыс бюджетінен 2015 жылға 18,2 миллион теңге қарастырылды. Тұрғындарды толғандырып жүрген мәселенің бірі қылмыс санын азайту, тосқауыл қою, жолын кесу болатын. Экономикалық контрабанда деректерін, шекара аумағында өздерінің қылмыстық іс-әрекеттерін жүргізетін ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және жолын кесу мақсатында облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) және облыс бойынша кедендік бақылау департаментімен бірлескен арнайы жоспары, облыстық прокуратура, тұтынушылар құқығын қорғау департаменті және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп мал ұрлығының алдын алу және ашу жөніндегі өңірлік жоспары бекітілген. Қырғыз Республикасының көршілес облыстарымен бірлесе атқарылатын жедел-профилактикалық шаралар жетілдірілуде. Облыстық ІІД-нің Сарысу, Талас және Т.Рысқұлов АІІБ-дері қызметкерлерінен мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу және ашу мақсатында жедел топтар құрылған. Жыл басынан Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарында мал ұрлығымен айналысатын 5 қылмыстық топ құрықталды. Республика шекарасынан, сондай-ақ, жақын шетелдерден әкелінген мал басына берілетін құжаттарды олардың бұрмалануы мүмкін фактілерін болдырмау мақсатында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасымен ауыл шаруашылық жануарлары бойынша сәйкестендіру деректер базаларына қосылу және профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде базаны пайдалану жөнінде шаралар қабылданды. Облыстық ІІД-мен бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы «Мал ұрлығы», «Соғым» және «Арқан» жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарын жандандыру бойынша жоспарлар дайындалып, жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыс саны өткен жылы 2013 жылмен салыстырғанда 20,8 пайызға төмендеп, 827-ні құраған, оның ішінде мал ұрлығы қылмысы 47,6 пайызға төмендеп, 33-ті құрады. Жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мәселесі басты назарда болуда. Мойынқұм ауданындағы «Мирный-Қияқты» автомобиль жолын жөндеуге облыстық бюджеттен 2015 жылға 177 363,0 мың теңге, 2016 жылға 20 361,0 мың теңге бөлініп, аталған жолдың 12 шақырымы 2015-2016 жылдары орта жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады. Әкім есебінде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда және олардың орындалуы жөнінде хабарламалар алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарында берілетін болады.

Облыс әкімінің аппараты.

Ұқсас жаңалықтар