Төл киімімізді тастамайық

Төл киімімізді тастамайық
ашық дереккөз
Төл киімімізді тастамайық
Бүкіл елімізде он күндік кесте белгіленіп, Наурыз мейрамының жаңаша тойлануы жұртқа өзгеше серпін беруде. Мерекені атап өтудің жаңа тәсілі бойынша наурызнама онкүндігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін болады. Ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған бұл Наурызнама биыл «Көрісу күні – Амал мерекесінен» бастау алып, «Қайырымдылық күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Шаңырақ күні», «Ұлттық киімдер күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні», «Ынтымақ күні», «Жыл басы», «Тазару күні» сынды атаулармен тойлануда. Осыдан жеті жыл бұрын мені ақтаулықтар шақырды. Күздің жылы мезгілі болатын. Маңғыстау  облыстық телеарнасы ұйымдастырған «Сөз бен саз» атты бағдарламаға қатысып, жұбайым екеуіміз аймақ төрінде концерт бердік. Танымал хит әндердің бейтаныс авторы ретінде мені облыс жұртшылығы мен республикаға танытуды мақсат еткен елгезек, еңбекқор журналист Бердіхан Әлмен жүргізген іс-шара ғажап өтті. Концерт басталар алдындағы сәт әлі көз алдымда. Жабық тұрған үлкен сахна шымылдығынан әлсін-әлсін сығалап қоямыз. Зәулім ғимараттың жарқыраған залына әдемі киінген әсем көрермендер жиылып қалыпты. Кіріп, орындықтарға орналасып жатқан адамдардың бәрі маған әдепкіде бірыңғай формамен келгендей әсер етті. Жарқыраған киімдері қандай керемет еді. Бір ұжымның қызметкерлері секілді. Асықпай, көз тоқтатып қарай бастадым. Жоқ. Концертті көруге келгендердің жасы бар, жасамысы бар, әрқайсысы сан түрлі деңгейдегі әр басқа адамдар екен. Қала тұрғындары мен қонақтары. Әсіресе, ақ самайлы аналар мен орта жастағы әйелдердің, жас қыз- келіншектердің үстіндегі киімдері бірден назар аудартады. Барлығында ұзын етекті көйлек, ою-өрнекті қамзол, қызылды- жасылды көкірекше, барқыт маталы нымша. Ер азаматтардың да дені кестелі күрте, сырмалы шапан, тік жағалы бешпент, оюлы кеудеше киген. Көзімнің жауын алған көрермендердің көркемдігінен бір сәт ойланып қалдым. «Ән салуға келген менде мұндай киім жоқ. Сахнаға біз емес, мына кісілер лайық-ау»... Көп ұзамай басталған концертте залдағы үлкен-кішіге сүйсіне қарап тұрып, сазды сәлемімді жолдадым. Қонақжай көрермен де бізге қошаметін аянып қалмады. Қарт Каспийді көріп, теңіздің дәру ауасын жұтқызған, бұрынғы «Шевченконың» бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан, бірнеше күнге созылған сапарымда ақтаулықтардың далалық жұрты ғана емес, қалалық қауымы да кез келген жерде қазақы киіммен жүретінін біліп, одан әрі таңданысымды жасыра алмадым. Театр мен концерт залдарына ғана ұлттық нақышта киініп келетін шығар деп ойлағаным бекер боп шықты. Ұлыстың ұлы күні деп әз-Наурызда ғана «жырлап жүріп» ұлттық киім киетінімізге мәз болатын өзімізге іштей ұялдым. Сыртта да, іште де, дәмханада да, мейрамханада да, той демей, жұмыс демей, бірдей ұлттық киім киюге дағдыланған маңғыстаулықтарға сонда қатты қызығып қайтқанмын ауылыма... Содан бері қыс демей, жаз демей, мейрам немесе жұмыс күні демей, өз қазағымыздың бекзат болмысын беретін ұлттық киімдерді мүмкіндігінше барлық жерде көптеп киіп жүруге тырысатын болдым. Биылғы наурызнаманың да игілігін жыл бойы жалғастыруға жұрт болып ұйысып, ел болып ден қойсақ өте дұрыс бастама болмақ. «Елдің бәрі кисе, мен де киер едім» деп себеп айтатындарға бұл іс сонда кәдімгідей қамшы болар еді. Ал, ұлттық киім киіп жүруді дағдыға айналдыру адамзат атаулы ультрасән нобайларының жетегінде кете бастаған қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа үлкен тағылым мен үлгілі тәрбие береді. Өйткені, қазіргі заманауи жұрттың дені ғарыштық жылдамдықпен дамыған ғаламдық моданы қуып шаршауда. «Асықпаған арбамен қоян алады» деген халқымыз. Алдымызға асығып, аптығып ентелегеннен гөрі, бір сәт артқа да көз жүгіртіп, арғы ата-бабаларымыздан бізге қалған салт пен дәстүрден, әдет пен ғұрыптан алар тәліміміздің пайдасы молырақ болатынына сенгеніміз абзал. Сондықтан төл киімдерімізді тәнімізден тастамайық. Адамдық қасиеттердің киесі саналатын тіл мен діл қай ұлттың болмасын ішкі жан- дүниесін көрсетсе, ұлттық киім сол ұлттың сыртқы болмысын паш етеді.  

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар