Зүлфия

Зүлфия
ашық дереккөз
Зүлфия

Көшеде кісі аяғы сиремеген түскі уақыт. Сонда да болса, қоларбадағы Зүлфияны алыстан жазбай таныдым. Қателеспесем, қазір туп-тура орталық стадионнан келе жатқан беті. Сол маңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы бар. Әрі «Дельфин» су қауызы да жанында. Бұл – Зүлфияның бір сәтке мынау әлемнен жырақтап, ақ арманына құлаш ұратын ғажап, сиқырлы мекені. Жаттығудан шықса, қазір оның жүзі ерекше алабұртып тұрған шығар... 

Иә, расында Зүлфия көңілді екен. Күн желкемдеу болғандықтан ба, ақсары өңі нарттай жанып, қызарып кетіпті. Мені де сонадайдан көріп қалса керек, күлімсіреп амандасты. Үні де жарқын, күлкісі сыңғырлап шықты. Қоларбасы шиқылдап, қасымнан өтті. Көзіммен ұзатып салдым. Мүсіркеп емес, разы болып қарадым. Оның өмірге деген шексіз құштарлығы үшін құрметтейтінімді жеткізгім-ақ келеді. Бірақ, мұндайда сөздің өзі артық па деп ойладым. Ол өзінің қайсарлығымен, қажыр-қайратымен жұртқа сыйлы болды десем, артық айтқандық емес. Төрт-бес жасында көлік қағып, жұлынына зақым келген Зүлфия Габидуллина тағдыр тауқыметімен өмір бойы күресіп келеді. Балалық, жастық шағы ауруханаға сабылумен өтті. Бастапқыда таяққа сүйеніп, жүре бастаған... Бірақ, бұл алдамшы үміт болып шықты. Кейін аяғы мүлдем қимылсыз қалды. Ал күнұзақ қимыл-қозғалыссыз отырған жанға күн де ұзақ, түндер де зілмауыр. Зүлфия қазір өзін сыртқы ортамен байланыстырып тұрған қоларбаны алты жыл күтіпті. Қол жеткізген күні бірден стадионға барған. Сонда жүріп, мүмкіндігі шектеулілер арасында қалалық турнир өткізілгелі жатқанын естиді. Бұл 1991 жыл еді. Жарыста топ жарады. Содан бастап, спорт оның ажырамас серігіне айналған. Зүлфия суда жүзгенді жақсы көреді. Өйткені, ол суда өзін басқалармен тең сезінеді, қимыл-тірек қозғалысының кемдігі білінбейді. Осы ақ айдын оны арманына жеткізген. Алғаш респуб­ликалық додаларда топтан озды. Кейін халықаралық аренада жетістіктерге жетті. Үш жыл бұрын оның еншілеген жүлделерін санаған едік. Алпысқа жуықтаған болатын. Қазір жүзден асып жығылғаны анық. Себебі, суда жүзу – ең көп медальдар жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрі. Былтырдың өзінде ол бірнеше жарыста олжа салды. Соның бірі – Инчхондағы Азия Пара-ойындары. Өткен жылы жүзуден паралимпиадашылар арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы, жамбылдық Зүлфия Габидуллина Азия Пара-ойындарының жеңімпазы атанды. Жерлесіміз Азиадада 50 метр қашықтықты еркін әдіспен 46,40 секундта жүзіп өтіп, жаңа әлемдік рекорд орнатқаны белгілі. Осы жетістігінің арқасында ол еліміздегі 2014 жылдың үздік спортшылары­ның тізіміне іліккен болатын. «Зүлфия алға қойған мақсатына жеткенінше тыным таппайды. Спортшыға керек мінез. Сондықтан, мен оның көздегеніне қол жеткізеріне сенемін», – дейді дене мүмкіндігі шектеулілерге арналған спорт клубының директоры, Зүлфияның жеке бапкері Саттар Бейсембаев. Бұл қайсар спортшы, батыр Зүлфияның қол жеткізген кезекті бір жеңісі ғана. Оның арманы – паралимпиялық ойындардың биігін бағындыру. Бәлкім, осы арқылы ол қызы Гүлфияның мақтанышына айналғысы келетін шығар. Жалпақ жұртқа өмірге бекер келмегенін түсіндіргісі, қиындыққа мойымай күресе білетінін көрсеткісі келген болар.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар