«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Зардари екінші рет президент болып сайланды

Aсиф Али Зардари Пәкістанның екі палатасында және Сенатта, сондай-ақ төрт аймақтық ассамблеяда өткен дауыс беру нәтижесінде екінші рет ел президенті болып сайланды. The News International басылымының хабарлауынша, президенттік сайлау 8 ақпанда Пәкістанда өткен жалпы парламенттік сайлаудан кейін өтті. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, Пәкістан халық партиясы мен Пәкістан Мұсылман лигасы – Наваздың бірлескен кандидаты Зардари екінші рет Пәкістан президенті болып сайланды. Асиф Али Зардари 1955 жылы Карачиде дүниеге келген және 2008-2013 жылдар аралығында президент қызметін атқарған.

Швеция туы НАТО кеңсесінде көтерілді

Жақында ғана НАТО-ға ресми қабылданған Швецияның туы әскери альянстың штаб- пәтерінде көтерілді. Блоктың 32-ші мүшесін ұлықтау рәсіміне НАТО-ның бас хатшысы мен швед билігі қатысқан. Еске сала кетсек, Стокгольм аляьнсқа кіруге 2022 жылдың көктемінде Финляндиямен бірге өтінім тастаған еді. Бірақ шведтерге басында Түркия мен Венгрия қарсы болды. Анкара өзі лаңкестік деп таныған «Күрдістанның жұмысшылар партиясына» швед билігі болысады деп айыптаған еді. «Швецияның досы әрі норвегиялық көршісі ретінде олардың біздің маңызды миссияға қосылғанын ерекше мақтан тұтамын. Бүгін швед туын биікке көтердік. Осылайша біз жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге қорған болып, ортақ мұрат жолында біріктік. Бәріміз біріміз, біріміз бәріміз үшін!», деді НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Байден Нетаньяхудың Газадағы әрекетін сынады

АҚШ президенті Джо Байден америкалық MSNBC телеарнасына берген сұхбатында Израильдің Газа секторындағы жазықсыз адамдардың өліміне әкелген әрекетін қателік деп санайтынын айтты. «Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз елін қорғауға құқылы, бірақ Израиль мемлекетінің Газа секторында ХАМАС лаңкестік ұйымына қарсы соғысы кезінде жазықсыз адамдардың өмірін қорғау үшін көбірек әрекет етуі керек», – деді Байден. АҚШ президенті 1,5 миллионға жуық палестиналық босқындар пана тапқан Рафах қаласына Израиль қорғаныс армиясының шабуыл жасау мүмкіндігі туралы айта отырып, бұл қадамның өрескел қадам екенін атап өтті. Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі 2023 жылдың 7 қазанында Еуропалық одақ пен АҚШ террористік ұйым деп таныған ХАМАС радикалды исламдық қозғалысы Израильге кең ауқымды шабуыл жасағаннан кейін басталды. Террористер Израильге жаппай зымыран шабуылын жасады. Израиль жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады.

Қытай цифрлық экономиканы қолдауды күшейтпек

Қытай Халық республикасының мемлекеттік кеңесі цифрлық экономиканың сапалы дамуын қолдаудың жаңа шараларын әзірлейтін болады. Бұл туралы бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ағымдағы сессиясындағы үкімет баяндамасында айтылды. «Біз цифрлық экономиканың с апа лы дамуын қолдау шараларын әзірлеуге, цифрлық ресурстарды индустрияландыруға және өнеркәсіпті цифрландыруға белсенді түрде жәрдемдесуге, цифрлық технологиялардың экономиканың нақты секторына терең интеграциялануына ықпал етуіміз керек», – делінген хабарламада. Құжатта «Жасанды интеллект плюс» әрекет жоспарын жүзеге асыру және халықаралық бәсекеге қабілетті цифрлық сала кластерлерін құру қажеттілігі айтылады. 2022 жылы Қытайдың цифрлық экономикасы 50 триллион юаньнан, ал, Қытайдың жалпы ішкі өніміндегі цифрлық экономиканың үлесі 40 пайыздан асты.

Армения Еуропа одағына кіруге ниетті

Арменияның «еуропалық ұмтылысы» бар және ел өзінің сыртқы саясатын әртараптандыруға ниетті. Пашинян ЕО-ға кіру туралы өтінішті осы жылдың күзінен кешіктірмей тапсыруды жоспарлаған. «Арменияның соңғы төрт жылда бастан өткерген бүкіл қиындықтарын ескере отырып, «жаңа мүмкіндіктер», соның ішінде Еуроодаққа кіру мәселесі талқыланып жатыр», – деді Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян TRT World-қа берген сұхбатында. «Армения билігі ЕО мен НАТО-ға кіруді ойлады ма?» деген сұраққа ол осылай жауап берді. «Армения дамудың демократиялық жолын таңдады, Брюссель мен Вашингтон бұл қозғалысты қолдайды, ал Ереван үшін серіктестер мен одақтастар шеңберін кеңейте отырып, барынша әртараптандырылу маңызды», деп жалғастырды министр.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар